Қазақстан пандемияға қарсы күреске қосымша 265 миллиард теңге бөледі

0
318

2021 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары 1,3 триллион теңгеге ұлғайтылады. Нәтижесінде пандемияға қарсы шараларға қосымша 265 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Республикалық бюджетті нақтылау кезінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шаралары мен президенттің тапсырмалары, оның ішінде жыл сайынғы жолдау аясында айтылған стратегиялық бастамалары ескерілді. Сондай-ақ, пандемияға қарсы күрес жөніндегі шаралар мен бұрын қабылданған міндеттемелер ескерілді», – деді Жамаубаев үкімет отырысында.

Айтуынша, аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 1,3 триллион теңгеге ұлғайып, 15,3 триллион теңгені құрады.

Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды:

  • 279 миллиард теңге қосымша түсімдер;
  • 850 миллиард теңге Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту;
  • бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімге 3,5%-ке дейін жеткізу.

Бұдан басқа, президенттің бастамаларына арналған резерв қаражаты қайта бөлінді.

Сонымен қатар биыл мынадай негізгі бағыттарға ақша бөлінеді:

  • әлеуметтік саланы қолдау, құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – 182 миллиард теңге;
  • Жұмыспен қамтудың жол картасы және Еңбек мемлекеттік бағдарламаларын, «Ауыл – ел бесiгi» жобасын іске асыруға –  177 миллиард теңге;
  • ауыл шаруашылығы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға – 143 миллиард теңге;
  • республикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстауға –  140 миллиард теңге;
  • шағын және орта бизнесті қолдауға – 64 миллиард теңге.

«Індетке қарсы іс-шараларға қосымша 265 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде карантиндік шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге –  70 миллиард теңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтерге ақы төлеуге 80 миллиард теңге», – деді министр.

Айтуынша, президенттің тапсырмаларын қаржыландыруға 154 миллиард теңге көзделген.

Өңірлерге 539 миллиард теңге трансферт бөлінеді.

Министр осы шаралардың барлығы экономиканы ынталандыру және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізін қалайтынын атап өтті.

Үкімет заң жобасын қолдап, дауыс берді. Құжат жақын арада парламентке енгізіледі.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету