Қазақстан неліктен коронавирус тараған елдердің тізіміне еніп кетті
Бұған дейін Сауд Арабиясы коронавирус тараған елдердің азаматтарына елге кіруге тыйым салғаны хабарланған еді. Туристік виза беру уақытша тоқтатылған елдердің арасында Қазақстан да бар
НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясы Қазақстан азаматтарына неге виза беруді уақытша тоқтатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Сауд Арабиясы коронавирус тараған елдердің азаматтарына елге кіруге тыйым салғаны хабарланған еді. Туристік виза беру уақытша тоқтатылған елдердің арасында Қазақстан да бар.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавируске қатысты мәлімдеме жасады
«БАҚ беттерінде әу баста дұрыс ақпарат тараған жоқ. Жарияланған тізімде небәрі жеті ел болды. Ал шын мәнісінде 21 елге шектеу қойылды. Қазақстан визаны Сауд Арабиясының әуежайына қонғаннан кейін ала алатын 49 елдің ішіндегі жеті мемлекеттің қатарында көрсетілді. Қалған 14 ел визаны рәсімдегеннен кейін ғана Сауд Арабиясына келуге міндетті болатын», — деп түсіндірді сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, ақпараттың дұрыс таралмауынан Қазақстанда коронавирус бар сияқты және шектеуге де сол себепті іліккен секілді көрініп қалды.
27 ақпанда Сауд Арабиясы Корольдігі коронавирус індетінен сақтану мақсатында қажылық жасау үшін Мекке мен Мәдина қалаларына кіруді уақытша тоқтатты.
Қытайдан тараған коронавирус
Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда жаңа коронавирус жұқтырғандар саны 80 026 адамға жетті, оның ішінде 2912-і көз жұмды, 44 462 адам емделіп шықты.
Коронавирус Қытайдан бөлек әлемнің 58 еліне тарап үлгерді. Бұл елдерде қаза болғандар саны 104 адамға дейін өсті. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 7169 адамды құрап отыр.
sputniknews.kz