Қазақстан неге дайын қантты шетелден қымбатқа сатып алады?
Елімізде қант өндірісі шығыны көп сала болып отыр деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жоспардан қайран болмай тұр
Бүгінде еліміздегі қант өндірісі тоқырау кезеңін бастан кешуде. Олай дейтініміз, қант саласын дамытудың Кешенді жоспары мемлекеттік органдардың мақұлдауында жатыр. Оған қашан өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні белгісіз. Белгілісі оның іске асыру мерзімдері 2028 жылға дейін ұзартылатыны. Егер жоспардың барлық тармақтары бұлтартпасыз орындалар болса, онда сала қайта жанданар еді. Бірақ, өткен күнге қарай отырып, олай боларына сену қиын.
«Өкінішке қарай, біз 2023 жылға ойлаған жоспарларымызды толық жүзеге асыра алмадық. Мәселен, 400 мың тонна қант өндіреміз, оның 70 мың тоннасы қант қызылшасынан болады дегенбіз. Бірақ, алдын ала мәліметтерге қарағанда тек 200 мың тоннаға жуық қант өндіре алдық, соның ішінде 40 мың тоннасы қызылша шикізатынан. Неге? Өйткені, «сұр импорттың» ағыны тоқтаған жоқ. Мұның соңы қант зауыттарының өзі өндірген қантты тиісті бағамен сата алмауына алып келді. Осылайша, қазақстандық қант объективті себептерге байланысты ресейлік қантпен баға бойынша бәсекеге түсе алмады. Біз мемлекеттік органдардан автомобиль көлігімен қант әкелуге тыйым салуды бірнеше рет сұрадық. Сонда ғана «сұр» импорттың көлемін азайтуға мүмкіндік болар еді», — дейді «Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының» президенті Айжан Наурызғалиева.
Бір сөзбен айтқанда қант зауыттарының жағдайы сол баяғыша. Жергілікті шаруалар еккен қызылшалар қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Сондықтан егістік алқаптарын ұлғайту қажет. Әйтпесе, зауыттардың өзіне қант қызылшасын өсіретін жер беру керек. Онда да егістікті сумен қамту, қызылша сапалы шығу үшін ауыспалы егіс алқабын сақтау қажет. Одан бөлек, қант бағасы көптеген факторлардың ықпалына ұшырайтын жоғары құбылмалы өнім екенін ескерген жөн. Мысалы, оның құнына, қант құрағы болса, биржалық баға, өзіміздің төл өнім болса, оның көлемі әсер етеді. Теріскей көршімізбен ортақ шекарамыз ұзын болғаны тағы бар, ол жақтағы жағдай біздің нарыққа қандай да бір табын қалдырады. Осының бәрін жаңа жоспарда ескеру қажет.
Қант монополиясын еріту керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы өңірге сапарында Жетісудың ауыл шаруашылығындағы басым бағыттың бірі – қант қызылшасы екеніне тоқталып, еліміздегі төрт қант зауытының екеуі осы жерде орналасқанын атап өткен еді. Сол кезде тоқтап тұрған бір зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвестор тартуды қарастыру керек екеніне назар аударған. Облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай отандық өнімнің үлесін алты есе ұлғайту, яки 180 мың тоннаға дейін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын
«Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды», – деді Президент.
Ал 2023 жылғы қазандағы сапарында Мемлекет басшысына облыс әкімі сол тапсырмасына сәйкес Ақсу қант зауытына толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылғаны туралы баяндады. Айтуынша, Көксу қант зауыты сол жылы 70 мың тонна қант өндірген екен. Бүгінде екі қант зауыты 280 шаруашылықтан 205 мың тоннадан астам шикізат қабылдаған. Оның 56 мың тоннасы өңделіп, 7 мың тонна қант алынған. Әкім келтірген цифрларға қарап, Президенттің тапсырмасының орындалмай қалу қаупі бар екенін аңғардық. Тіпті, орындалмақ тұрмақ, қызылша қанты өндірісі жабылып қалуы мүмкін-ау дедік. Өйткені, бұл сала толығымен монополизацияланған, яки зауыттарды сол баяғы олигополия құрық сап, матап отыр. Одан да өкініштісі, қант зауытының басшылары отандық емес, бразилиялық фермерлердің шикізатын қолай көретіні. Бұл туралы тіпті Жетісулық дихандар Президентке ашық хат та жазған болатын.
«Қарапайым ғана мысал: үкімет қант зауыттарына шикізат сатып алуға былтыр 25 млрд теңге пайызсыз несие бөлді. Бірақ олар бір тонна қант қызылшасын өте төмен бағамен, яки 15 000 теңгеге сатып алып отыр. Бұл бір келісі – 15 теңге деген сөз. Мұндай баға әлемнің ешбір елінде жоқ. Неге екені белгісіз, бұған керісінше олар бразилиялық фермерлерден құрақ қант шикізатын үш есе қымбатқа алады. Оны қызылша қантының өзіндік құны 275 теңге, ал құрақ қантының бағасы, вице-премьер Жұманғарин айтқандай, 440 теңгеден жоғары екендігінен аңғаруға болады. Қант қызылшасының осылайша өте төмен бағамен сатылуы, оны өсіру өзін өзі ақтамайтынын аңғартады. Ендеше, «Неліктен бразилиялық шикізат қымбат болса да сатып алынады? Онда да Нью-Йорк биржасында емес, оффшорлық компаниялардан алынады?» деген сұрақ туындайды», — дейді «Қазақстан Фермерлері қауымдастығы» филиалының Жетісу облысы бойынша төрағасы Асқар Шарипов.
Оның айтуынша, мұның себебі қант нарығы сонау 2005 жылы монополизацияға ұшырағанында екен. Яки бұрынғы президенттің сол кездегі күйеу баласы Рахат Алиевтің жұмырында кеткен. Бірақ ол кісі сотты болып, ықпалын жоғалтқаннан кейін қант зауыттары заң бойынша мемлекет меншігіне өтуге тиіс еді. Десе де олар «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС-не (ЦАСК) беріліп, оған Қазақстандағы барлық маңызды қант активтері топтастырылыпты. Олар – «Кант» АҚ, «Алматинский Сахар» АҚ, «Алматы қанты» АҚ, «Азия Қант» АҚ және «Көксу-Шекер» АҚ. Бұл жүйедегі бақылау тетігі Ахметжан Есімовтің күйеу баласы Ғалымжан Есенов басқарған Delta Bank-ке тиген. Міне сол кезеңде шаруа қожалықтары қант қызылшасын егуді мүлдем тоқтатқан. 2017 жылдан бастап қант зауыттарына астық олигархы Нұрлан Төлеубаев иелік етеді. Сол кезде мемлекеттік субсидиялар есебінен Жетісу облысының қант саласын қайта жандандыруға мүмкіндік туыпты. Бірақ екі жылдан кейін Нұрлан Төлеубаев та сотталып кетіп, зауыттар иесіз қалған. Бір сөзбен айтқанда «көлденең көк аттылардың» тақымында кеткен.
«Біз бұл зауыттар мемлекетке тиесілі болуы керек деп санаймыз. Өйткені, күні бүгінге дейін фермерлер қант зауыттарының шынайы иесі кім екенін білмейді. Осындай белгісіздіктер салдарынан елімізде ауық-ауық қант тапшылығы, қант бағасының бақылаусыз өсуі орын алып отыр. Бұдан қант зауыттары пайда көруде. Сөйте тұра олар монополиялық жағдайын бұлдап, қанаушылық шартпен қант қызылшасын сатып алуға біржақты келісімдер жасайды. Соның негізінде фермерге біржақты айыппұлдар салады. Бұл қант зауыты басшылығының фермерлерге қатысты шынайы келбетін көрсетсе керек. Ал монополияға қарсы комитет олардың қызметіне араласпай отыр. Тіпті, «олар монополистер тізілімінде жоқ» деген уәж келтіреді, яки ресми түрде Қазақстанда қант нарығында монополия жоқ екен», — дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Асқар Қалиұлы.
Бір кездері осы қант монополистері бәсекелес деп таныған Қазақстанның төрт ірі қант зауытын, атап айтқанда Алакөл, Бұрұндай, Қарабұлақ және Шу зауыттарын жойып жіберген екен. Мәселен, Қарабұлақ қант зауыты 2007 жылға дейін тәулігіне 900 тоннаға дейін қант шығарған. Бұл республиканың 70%-ға дейінгі сұранысы болатын. Бірақ оны кім құртып жіберсе де, жазасыз қалды. Ал енді бүгінде мұндай зауыт салу үшін 350-400 млн еуро қажет. Айтып-айтпай не керек, бүгінде отандық шикізаттан дайындалған қанттың үлесі нарықта небәрі 7%-ды құрап отыр. 2022 жылғы өлшеммен алсақ, бұл 35,7 мың ғана тонна. Ендеше, бұл салаға демонополизация жасау керек. Ғылыми негізде есебін шығарып, зауыттардың қант қызылшасын сатып алу бағасын көтеру қажет. Сырттан келетін қант шикізатына баж салығын енгізу керек.
«Сұр» импорт – ұры импорт
Сонымен отандық қант өндірісін тұншықтырып тұрған импорт десек, оның 48%-ы Ресейден келеді екен. Одан бөлек бізге дайын шекер өнімі мен шикізатын жіберетіндер – Бразилия, Белоруссия және Мексика мемлекеттері. Олардың үлесі – 10%. Қалғанын төрт қант зауытымыз жабады. Олар жылына орташа 280 мың тонна өнім өндіреді. Ал Қазақстан жыл сайын 500 мың тонна шекер тұтынады десек, оның 150 мың тоннасы өндірістік кәсіпорындардың еншісінде, қалған 350 мың тоннасын ішіп-жейтін сіз бен біз. Осы ретте былтыр 290 мың тонна шекер импорттаппыз, оның 200 мың тоннасы, яғни 70 пайызы Ресейдікі. Осылайша, ішкі нарықты көршінің өнімі жапқандықтан былтыр өзіміздің зауыттар 66 мың тоннаға аз өнім өндірген. Мәселен, 2022 жылы 344 мың тонна, ал 2023 жылы 278 мың тонна. Қоймаларда шетелдік өнім толып тұрғандықтан оның бағасы да былтырғыдан 90 теңгеге арзан. Бірақ, отандық өндірісті қорғау тұрғысынан қарар болсақ, мұны демпинг деп бағалауға болады. Мамандардың айтуынша бұл арзаншылық уақытша дүние. Егер, ішкі нарықты импортқа толық беріп қояр болсақ, олар ертең шетелдіктер тауарының бағасын көтеріп шыға келуі мүмкін. Сондықтан қиын да болса бәсекелестікті жоғалтпау керек.
«ЕАЭО-ның Индикативті балансына сәйкес, Ресейден Қазақстанға 250 мың тоннадан артық қант импортталмауы тиіс. Десе де, автомобиль көлігімен елімізге әкелініп жатқан қант көлемі нақты белгісіз. Бидай өнімдерінің импортына тыйым салынғаннан бері жүк тасымалдаушылар қант тасуға көшті. Құжатсыз, қолма-қол ақшаға әкелініп жатқан «сұр импортта» шек жоқ. Бір жағынан рубльдің девальвациясынан ол арзандап кеткен болса, екінші жағынан ол жүк тасымалдаушыларға экономикалық жағынан тиімді, ол жаққа Қазақстаннан көкөніс алып барған жүк көліктері бос оралмау үшін қант алып қайтады. Тіпті, құжатында қырғыз еліне деп тиелген бұл өнім жалған транзит жолымен еліміздің базарларында қалып қойып жатыр», – дейді «Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» президенті Айжан Наурызғалиева.
Айжан Абақанқызының айтуынша, қазір Қазақстандағы қант зауыттары өнімін өткізе алмай отыр. Ал өндірейін десе, қоятын жер жоқ, қоймалары толып тұр. Өткізейін десе, қымбат, ал қымбат болатын себебі оларды қант зауыттары ӘКК-нің қаржысына сатып алынған қант құрағынан жасаған. Ішкі нарықты болса арзан «сұр импорт» жаулап алған. Ендеше, бірінші кезекте шетелден келетін қантқа және шикізатқа шектеу қою керек. Оның орынына қант қызылшасының алқабын ұлғайту қажет. Сондай-ақ, өзіндік құны жоғары отандық өнім ақырғы тұтынушыға төмен бағамен жетуі үшін шаруалар мен зауыттарды субсидиялаған жөн. Мұның барлығы да кезек күттірмейтін мәселелер. Ол үшін бірінші кезекте мемлекеттік органдардың мақұлдауында жатқан Кешенді жоспарда осының бәрін қарастырып, тездетіп бекіту керек. Бұл енді Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жаңа үкіметінің қолындағы шаруа.