Қазақстан мен Қытай не үшін бірігіп фильм түсірді?
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мен Қытай бірігіп түсірген «Композитор» фильмінің тұсаукесері өтті. Ресми дереккөздің хабарлауынша, бұл фильм – Қазақстан мен Қытай арасында 2017 жылы жасалған киноөндіріс саласында бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімнің алғашқы «жемісі». Ресми орындар фильмді Пекиннің ірі халықаралық жобасы «Бір жол – бір белдеумен» де ұштастырады.
Фильм әлемдік прокатқа шығады деп айтылады. Туынды Пекин кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетіліп, Азия кинофестивальдеріне де қатысып үлгерді. 2018 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпинге де көрсетілген.
Фильм туралы ресми ақпарат біртекті әрі жұтаң. Баспасөз хабарламаларында фильмнің қазақ пен қытай композиторларының (Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай) шынайы достығы жайлы екені айтылады.
Синхай – Қытайдың музыка тарихында елеулі орынға ие тұлға. 1940 жылы композитор Қытай коммунистік партиясының тапсырмасымен совет музыкасын зерттеп, «Яньань және 8-ші әскер» атты деректі фильм түсіру үшін Мәскеуге іссапармен барған. Бірақ эвакуациядан кейін еріксіз советтік Алматыға тап болған. Ол осында бірнеше жыл тұрып, қазақ мақамында шығармалар жазған. Олардың қатарында «Амангелді» операсы да бар. Алматының бір көшесіне тіпті композитор есімі де берілген. Қытай композиторы 1945 жылы Мәскеуде 40 жасында туған жеріне жете алмай өкпе ауруынан көз жұмған.
Көркем фильм түсіруге қажет материал жетерлік. Тек кез келген тарихи материалдан әртүрлі фильм шығаруға болады. Режиссердің фильмді интерпретациялауы бір жағынан — саяси жағдайға, екінші жағынан авторлық көзқарасқа кеп тіреледі. Оливер Стоунның “Далластағы атыс» және Нельсон МакКормиктің «Кеннедиді өлтіру» фильмдері – бір оқиғаны — АҚШ президентінің өлімін екі түрлі көрсетеді. Өйткені оларды әртүрлі уақытта әртүрлі режиссерлар түсірген. “Композитор” фильмінің де авторы кім екенін білген соң фильмге қоятын сұрақтарың көбейе бастайды.
Баспасөз материалдарында фильмнің қоюшы-режиссері қытайлық кинематограф Шехризат Якуб деп көрсетілген. Қазақстан жағынан жобаға тәжірибесі мол қоюшы суретші, жақында шыққан “Оралманның” режиссері Сәбит Құрманбеков қатысқан. Бірақ «Композитор» фильмінің материалдарында Құрманбековті не қосалқы режиссер, не екінші режиссер, не жай ғана қоюшы суретші деп атайды. Режиссер мен екінші режиссер арасында үлкен айырмашылық бар. Өйткені екінші режиссер түсірілім кезінде техникалық рөлге ғана ие. Ол түсірілім жоспарын жасайды, түсірілім алаңындағы тәртіпке жауап береді. Фильмнің шығармашылық тұсына екінші режиссер қатыспайды.
Кинокартинада кімнің ықпалы күштірек болғаны «Композитордың» трейлерінен-ақ көрінеді. Трейлер жапон-қытай соғысы туралы тарихи драмалар стилінде жасалған. Фильмге Қазақстан жағынан тек екі актер Берік Айтжанов пен Аружан Жазылбекова ғана түскен. Туындының қазақтан гөрі қытайлық шығармаға көбірек ұқсайтынын Нұр-Сұлтан қаласында фильмге барған алғашқы көрермендер де айтты.
Фильмнің қаржылық жағына байланысты да сұрақтар бар. Бұрын жарияланған дерекке сәйкес, «Композитор» Қытаймен тең құқықты үлескерлік негізде жасалған. Яғни, бұл толық копродукция болуы керек еді.
Бұл жағдайда «насихат» – негізгі ұғым сияқты. Қытай жағы дайындаған баспасөз хабарламасында «халықтар достығы» тіркесі «Композитор» фильміне де, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына байланысты да өте жиі қолданылады.
Бірақ қазір мәдениет министрлігі мен «Қазақфильм» Қазақстан кинокартинаға қанша қаржы құйғанын, бюджет қалай бөлінгенін жарияламай отыр. Есесіне жобаны Қытай коммунистік партиясының насихат бөлімі мақұлдағанын білеміз.
Бұл жағдайда «насихат» – негізгі ұғым сияқты. Қытай жағы дайындаған баспасөз хабарламасында «халықтар достығы» тіркесі «Композитор» фильміне де, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына байланысты да өте жиі қолданылады.
Бұл тұрғыдан алғанда баспасөз хабарламасы совет заманында шыққан «Правда» газетінің алғашқы бетіндегі «мемлекеттер арасындағы әріптестік барлық салада дамып келеді», «достық нығайды», «халықтар достығы артты», «қазақтар мен қытайлар – мәңгілік бауырлар» деген мақалаларды еске түсіреді.
Бұл «достық картинасына» Қытайдың солтүстік батысындағы «саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері» туралы айтқан Сайрагүл Сауытбай мен Шыңжаңдағы басқа этникалық қазақтардың басынан өткен оқиғалар аса үйлесе қоймайды. Бұл адамдардың айтуынша, лагерьлерге этникалық азшылық өкілдерін, оның ішінде қазақтарды күштеп алып кетіп жатыр. Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз кесіп өтіп, әлі күнге тарихи отанында босқын мәртебесін ала алмай жүрген Сайрагүл Сянь Синхаймен салыстырғанда Қытай жеріне оралуға құлықты емес. Ол Қытайда өзін өлім жазасы күтіп тұрғанын айтады.
Қытайда көрсетіле бастаған «халықтар достығы» туралы картина Шыңжаң «лагерьлерінде» де көрсетілуі мүмкін. Ал бұл жерде тұрып жатқан адамдар туралы Қазақстан-Қытай фильмі жақын арада түсірмейтін сияқты.
(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)