Қазақстан мен қос Кореяның дипломатиялық қарым-қатынасына 27 жыл

0

Көпшілікке жақсы таныс, Қазақстан Республикасы және Оңтүстік Корея Республикасы арасындағы қатынастар стратегиялық бағытта дамып, екі елдің үкіметтері айқындаған серіктестік деңгейінде өрлеп келеді. Сеул Астана, Астана Сеул үшін ірі халықаралық одақтас және сауда-экономикалық серіктес болып табылады. Бұл біз үшін қуанарлық жағдай.

Біздің кірістер комитетінің ресми мәліметтерге сүйенсек екі елдің арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 1,465 млрд. АҚШ долларына жуық болыпты. Бұл көрсеткіш екі елдің арасындаға экономикалық байланыстың өте жоғарғы деңгейде екенін байқатады. Жалпы Сеул мен Астананың экономикалық байланыстарына басқа шығыс елдері қызығып қарап, сондай межені көздеп жүргені белгілі. Қазіргі таңда әлемдік дипломатиялық ортадағы пайым бойынша экономикалық қарым-қатынас мүдделі елдердің байланысының деңгейін ғана көрсетпейді әрі өзара саяси түсіністіктері мен позицияларының күштілігін, қарым-қатынастарының жақындығы мен арақашықтығын меңзейді. Сондықтан мұндай сандық көрсеткіштер маңызды емес деп айтуға келмейді, керісінше байланыстың қуаты, қарқынына және маңыздылығына назар аудартып, мән бергізеді.

Әсіресе президент Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым Қазақстандағы корей диаспорасы және корей бизнесіне қамқорлық көрсетіп отырады. Ол туралы Корей президенттері бір емес бірнеше мәрте ауыздарынан тастамай айтып келді. Бір кезде біздің Елордамыздың төрінде болған корей елінің экс-президенттері Но Му Хен, Ли Мен Бак, Пак Гын Хие бәрі осы жағдайға тоқталып, президентімізге зор ризашылықтарын жеткізіп жүрді. Одан басқа корей тарапының парламент өкілдері де осы жағдайды атап өтті. Қазақстанның жүргізіп отырған достық пен келісім саясаты, тұрақтылық пен бейбітшілікке қосып отырған айтулы үлесіне жоғарғы баға беріп келуде. Және шығыс елі әрдайым мемлекетіміздің сыртқы саясатына зор қызығушылықпен қарайды. Қазақстанды Орта Азиядағы Оңтүстік Кореяның маңызды серіктесі деп санайды.

Сонымен қатар Қазақстан 27 жыл бойы Солтүстік Кореямен де дипломатиялық қарым-қатынасын үзбей келе жатқан бірден бір ерекше ел десек артық айтпаспыз. Атом қаруынан бас тартпай отырған Солтүстік Кореяға Қазақстан Республикасы өзінің даму жолын бір емес бірнеше мәрте ресми түрде батыл ұсынды. Солтүстік Кореяның жүргізіп отырған қазіргі саясатына байланысты және оның жасаған сынақтарына әрдайым дер кезінде үн қатып, ядролық қарусыздануға шақырды. Корей түбегінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына байланысты өзінің позициясын байқатып, ресми түрде ашық жариялап отырды. Бұл тұрғыда президентіміздің көрегендігімен Қазақстан тарапы туысқан екі елді бір ортақ мүддеге шақырып, барлық мәселені келіссөздер мен дипломатия жолымен шешуді жеткізіп келеді. Н.Ә.Назарбаев осыдан бір-екі жыл бұрын БҰҰ-ның биік мінберінен Солтүстік Кореяға ядролық қарудан бас тартып, Қазақстанның даму жолымен жүруге шақырды. Президенттің мұндай ұсынысын Оңтүстік Кореялық тарап ерекше жылы қабылдап, жоғарғы баға беріп келеді. Н.Ә.Назарбаев мұндай ұсынысын бір емес бірнеше мәрте оған дейін де жасады. Сондықтан екі елдің басын бірлік пен бейбітшілікке Қазақстан тарапы жиі шақырып, үн қосуда. Әлем алдында бейбітшілік үшін саясат жүргізіп отырған ел екенін айқын көрсетіп келеді. Астанадан Пхеньянға бірнеше рет дипломат және парламент өкілдерінен құралған делегация ресми сапармен барып қайтты. Осының бәрі Қазақстанның бейбітшілікті ту еткен ел екекін көрсетуде.  

Корей ғалымдары қазіргі таңда Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануына байланысты кез-келген тақырыпта сөз қозғаса, ғылыми мақала немесе зерттеу жасаса, Кореяның беделді телеарналарында сараптамалық пікір білдіресе, Қазақстанды аузынан тастамай, міндетті түрде біздің елді мысал ретінде ең бірінші атап көрсетеді. Тек қана корей елінің мамандары ғана емес, шетелдік мамандардың да солай дегенін корейлер де айтып жазып жүр. Былайша айтқанда Солтүстік Кореяның келешегіне Қазақстанның даму жолы ең тиімді, озық үлгі. Солтүстік Корея Қазақстан жолын таңдау керек деп қадап айтады. Қазіргі таңда АҚШ пен КХДР-дың арасындағы келіссөздер жүруде. Қазақстанның аждаһа қарудан бас тартуы мен даму үлгісі жиі айтылып жүр. Осыдан екі ай бұрын Сеул Ұлттық университетінде «Солтүстік Корея мәселесіне» байланысты бір жиында ғалымдар Қазақстандық жолды атап өтті. Мұндай отырыс-жиындарда ғалымдардың жиі білдіретін пікірлері мен көзқарастары және сараптамаларында Қазақстан атауының жиі естілуі қазақ саясатының жемісі деп атап өту керек. Осыдан-ақ Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделі қандай екенін байқауға болады. Яғни, Қазақстанның таңдаған жолы Солтүстік Корея үшін өте маңызды және ең тиімді жол. Оны корей ғалымдары мойындап қана қоймай, сол деңгейде жұмыс атқарылса, Корей түбегінде толық ядролық қарусыздану жүзеге асатынына сенімді.

Жалпы Қазақстанның қос Кореямен бірдей жалғастырып келе жатқан дипломатиялық байланысының өзі ерекше назар аудартады. Көптеген елдер Солтүстік Кореямен атышулы әр «ядролық сынақ» сайын дипломатиялық қарым-қатынасын үзіп, мүлдем байланыс жасамай келеді. Дипломатиялық қарым-қатынасты үзу оңай іс, ал ондай халықаралық тыныштықты бұзып отырған елге өзінің саясаты мен даму жолын батыл ұсынып, оны бейбітшілікке тымбай 27 жыл бойы шақыру ол ерекше жағдай. Сондықтан Қазақстанның мұндай саясаты әлі көп елге үлгі болары сөзсіз. Тіпті Солтүстік Корея тарапы біздің халықаралық қауымдастық алдында ұсынып жүрген батыл ұсынысымызды және сыни пікірімізді етсіп біліп отырса да, бізбен әрі қарай байланысын жалғастырып отыр. Бұл да назар бұруға тұрақлық ерекше жағдай. Демек Солтүстік Корея біздің жолды өзінің назарында ұстап отыр деп айтып, топшылауға әбден қақымыз бар.

Тарихқа сәл көз жіберсек Көк түріктер империясы және Когурё мемлекетінің одақтастығы, Шилла мемлекетімен біздің «Ұлы даламен» сауда байланыстары орнағаны тағы бар. Когурё мемлекеті қазіргі Солтүстік Кореяның жерінде болған. Ал «Шилла» Оңтүстік Корея жерінде болған мемлекет. Бірі әскери одақтас болса, біріне біздің мәдениет ықпал еткенін, сондай бір дәлелді мысал «Алтын семсердің» Шиллада жерінде табылғанын өткен мақалада («Кореяда табылған алтын сапты семер қазақ жерінде жасалған») атап өттік. Осындай кешегі тарихи байланыстар бүгінде өзінің маңыздылығын жоймай, жаңа заман талабына сай орнап, дамып келеді.

Қазақстан 1992 жылы 28 қаңтар күні Оңтүстік Корея және Солтүстік Корея Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынасын қатар орнатты. Содан бері 27 жыл бойы екі елмен дипломатиялық байланысын дамытып, бірімен стратегиялық серіктестік деңгейіне жетсе, біріне өзінің даму жолын ұсынған үлгілі мемлекет ретінде әлемге танылды. Сондықтан бұл Қазақстанның беделіне бедел қосуда. Алдағы уақытта оның саясаты өз жемісін беріп, бейбітшілік пен тұрақтылық үшін жұмыс жасай беретінін айқындай түседі. Аталған елдер арасында ресми сапарлар мен экономикалық байланыстар, түрлі сапарлар мен дипломатиялық келіссөздер одан әр жанданып, дами түседі деген ойдамыз.

Дастан АҚАШ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін,

Оңтүстік Корея, Сеул қаласы

Дереккөз: http://egemen.kz/