Қазақстан мен Өзбекстан 500 миллион доллардың келісімдеріне қол қойды
Үргеніш қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның аймақаралық ынтымақтастығының ІІ форумы өтті, шараға 300-ден аса адам жиналды
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстан мен Өзбекстанның аймақаралық ынтымақтастық форумында бірнеше ұсыныс жасады. Нәтижесінде құны 500 миллион долларға жуықтайтын 52 келісімге қол қойылды.
Қазақстан премьер-министрі Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» АЭА базасында жеңіл өнеркәсіп бойынша Қазақстан-Өзбекстан кластерін құру, Түркістан, Ташкент, Самарқан, Бұхара және Хорезм облыстарындағы туристік нысандар бойынша бірлескен туристік бағыттар ашу, көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтарды бірлесіп дамыту бойынша бастамалар көтерді, деп жазды премьер-министрдің ресми сайты.
Оқи отырыңыз: Назарбаев Мамин мен Досаевты неге шақырып алды?
Мамин Өзбекстан үкімет басшысы Абдулла Ариповпен келіссөз өткізу кезінде екі елдің транзиттік-көлік және логистикалық салалардағы ынтымақтастығына ерекше назар аударды.
«Қазақстан үшін сіздің ел – Оңтүстік Азияға шығу жолы, Өзбекстан үшін біздің аумақ – ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ бен Еуропа елдерінің нарығына шығу мүмкіндігі», — деп атап өтті Мамин.
Оның пікірінше, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің инфрақұрылымын қалыптастырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен іс-қимылды жандандыру қажет.
Кездесу барысында сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, тоқыма, машина жасау, туристік, экологиялық салаларда, сондай-ақ қаржы технологиялары мен аймақаралық ынтымақтастық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту келешегі талқыланды.
sputniknews.kz