Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Астана, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының (ЕҚЫҰ ПА) төрағасы Георгий Церетели мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Роман Хайдермен кездесті.
Беделді парламенттік бірлестік басшылығы Орталық Азия аймағына жасаған турне аясында Астанаға екі күндік ресми сапармен келді.
ҚР сыртқы істер министрлігінде өткен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен перспективаларын, халықаралық күн тәртібі және парламентаралық диалогты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Қ. Әбдірахмановтың айтуынша, парламенттік дипломатия мемлекетаралық қатынастардың тиімді және сенімді құралы. Және жалпыға ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық аренадағы барлық қатысушылармен толық көлемде пайдаланылуы тиіс. Қазақстандық дипломат ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы басшылығының қызметін жоғары бағалап, оның қауіпсіздіктің барлық үш өлшемінде Ұйымның өзекті мәселелерін шешуге маңызды үлес қосатынын айтты. Сонымен қатар, еліміздің Ассамблеямен және ЕҚЫҰ құрылымдарымен осы бағытта тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігі атап өтілді.
Г. Церетели Қазақстан мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өзара әрекеттестігінің жоғары қарқынын атап өтті. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының айтуынша, Қазақстан Ұйымның негізгі құндылықтарын қолдайтын, жауапты және сенімді әріптес болып табылады. Кездесу барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси жетістіктері талқыланды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған еліміздің технологиялық трансформация үрдісі атап өтілді, оның нәтижесінде Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылуда.
Халықаралық күн тәртібінің мәселелерін талқылау аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаты және оның халықаралық бітімгершілік күштері жоғары бағаланды. Шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар Мемлекет басшысының 2018 жылғы 13 қарашада «Astana Club» қатысушыларының кездесуінде жарияланған жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы басшылығының айтуынша, аталған бастамалар қауіпсіздіктің әлсіреуі мен сенімсіздік жағдайында аса маңызды және орынды болып табылады.
Сондай-ақ, тараптар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және заманауи қауіп-қатерлерге, оның ішінде халықаралық лаңкестік, діни экстремизм, заңсыз көші-қон, есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және басқа да қатерлерге қарсы күресте халық қалаулыларын тарту қажеттігі туралы келісті.
Кездесу соңында тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыру сондай-ақ тығыз жұмыс байланыстарын, Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде бастау алған дәстүрлерді сақтау және ұйымның 21-ғасырдағы жалғыз саммитін алдағы уақытта жалғастыру туралы уағдаласты.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының Қазақстанға сапары аясында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездесулер өткізілді. Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановпен, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің басшылығымен кездесулер жоспарланған.
Парламенттік делегация Қазақстандағы сапары аяқталғаннан кейін Өзбекстанға барады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ