Қазақстан мен БАӘ ғарыш саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты құруды жоспарлады

0

Ағымдағы жылы Әмірліктер қазақстандық «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына өз ғарышкерін жіберуді көздеп отыр.

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Абу-Дабиге Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлерінің 46-шы отырысына қатысу үшін келген Кувейт, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания және Индонезия сыртқы істер министрлерімен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кувейт Мемлекеті Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Сабах аль-Халед Ас-СабахҚазақстанға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз күш-жігері үшін ризашылығын білдіріп, сондай-ақ осы халықаралық ұйымның алаңында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен үйлестірудің жоғары деңгейі үшін алғысын айтты.

Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды жандандыруын талқылады. Кувейт тарапы Қазақстан мен Кувейт арасындағы туризмді дамытуға ықпал ететін және екі ел арасындағы экономикалық, гуманитарлық және мәдени байланыстарға оң серпін беретін тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды.

Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер жөніндегі Мемлекеттік министрі Адель аль-Джубейрмен кездесуде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы мәселелері талқыланып, бар әлеуетке сәйкес келмейтіндігі атап өтілді.

Қазақстан Сауд Арабиясы тарапынан біздің елмен экономикалық диалогты белсенді дамытуға Корольдіктің дайын екендігінің дәлелі болып табылатын Қазақстан-Саудия Үйлестіру кеңесін құру туралы ұсынысын толық қолдайтындығын білдірді.

Біз Сауд Арабиясын халықаралық және аймақтық саяси және экономикалық үдерістерде маңызды әріптес ретінде қарастырамыз. Біздің елдеріміздің халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары көбінесе ұқсас, БҰҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара тиімді ынтымақтастығымыз жалғасуда, деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер достық жағдайда өтті. Тараптар атап өткендей, Қазақстанның БАӘ-мен табысты және үлгілі қарым-қатынасы екі мемлекет басшылары — Нұрсұлтан Назарбаев пен Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян арасындағы сенімді қарым-қатынастарының нәтижесі болып табылады.

Кездесу барысында жоғары және аса жоғары деңгейде өтетін алдағы екіжақты сапарлар кестесі, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде БАӘ капиталы тартылған жобалар талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық ауқымын одан әрі кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әмірліктер Парсы шығанағының араб елдері арасында Қазақстанмен сауда айналымы бойынша бірінші орынға ие және 2018 жылғы көрсеткіштер 486,9 млн. АҚШ долларына жетті. Өткен жылдың алғашқы алты айында БАӘ-нен Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 257,9 млн. долларын құрады.

Б.Атамқұлов Қазақстан мен Әмірліктер ғарыш саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеуге кең перспективалары бар екенін атап өтті. Ағымдағы жылы Әмірліктер қазақстандық «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына өз ғарышкерін жіберуді жоспарлап отыр.

Иордания Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафадимен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Иордания арасындағы қалыптасқан саяси диалогқа қарамастан, екі жақты сауданың көлемі объективті себептерден ынтымақтастықтың динамикасына сәйкес келмейді. Осы ретте Ынтымақтастық жол картасын әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі біздің ел Сириядағы дағдарысты шешуге бағытталған барлық халықаралық күш-жігерді қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар, ол Иорданияның Сириядағы қақтығыстың шешілуіндегі айрықша рөлі мен қосқан үлесін баса айтты.

Индонезияның Сыртқы істер министрі Ретно Марсудимен келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты форматтағы мәселелер талқыланды.

Қазақстан Сыртқы саяси ведомствосының басшысы индонезиялық тарапты 2019-2020 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануымен құттықтап, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Индонезия арасындағы БҰҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға сенім білдірді.

Индонезия тарапына үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен (АҚИҰ) Индонезия белсенді түрде ынтымақтасуға шақырылды. Өйткені АҚИҰ негізгі мақсаттарының бірі, қажет болған жағдайда, азық-түлік қорын құру, оның ішінде астықпен қамтамасыз ету арқылы Ұйымның мүше елдеріне азық-түлік көмек көрсету болып табылады.

Екіжақты сауда айналымы көлемінің артқаны атап өтіліп, көлік-логистикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі де әңгіме болды. Осы тұрғыда Б.Атамқұлов сұхбаттасын АСЕАН елдеріне Қазақстанның теңіз қақпасы ретінде қарастырылатын қытайлық Ляньюньган портындағы қазақстандық терминалдың мүмкіншіліктерімен таныстырды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz