Қазақстан мен Арменияның Қауіпсіздік кеңесі хатшылары тілдескен

0

Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян қазақстандық әріптесі Ғабит Байжановпен телефон арқылы сөйлескен. Кеңес хатшысының баспасөз хатшысы Арег Кочинянның хабарлауынша, тараптар Қарағандыдағы оқиғаны талқылаған. Армен Григорян «қаза болған жігіттің туыстарына көңіл айтқан».

Екі елдің де Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары тұрмыстық оқиғаға ұлтаралық араздық сипат беруге болмайтынын атап өткен.

Григорян мен Байжанов «қылмыстық іс жан-жақты әрі ашық тексеріліп, кінәлілердің бәрін тек заң аясында жауапқа тарту маңызды» деген. Бұған қоса, екі ел өзара тұрақты байланыс орнату қажет екенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Қарағандыдағы оқиғаның хроникасы және биліктің реакциясы

8 қаңтарда Астанада Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов сегіз адам қамалғанын, шетке қашып кеткен бір адам іздестіріліп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, 14 адам төбелескен. Олардың тоғызы — «Древний Рим» мейрамханасының қызметкері. Пышақ жарақатынан қаза тапқан 23 жастағы ер адам мейрамханаға кикілжің шыққан кезде серігінің шақыруымен барған.

Жанат Сүлейменовтің айтуынша, кикілжің қаңтардың 1-іне қараған түні сағат 4 шамасында мейрамхана қызметкерлері киленттерге «мейрамхана жабылатынын ескертіп, тарауды сұрағаннан кейін» шыққан. Кикілжің соңы төбелеске ұласқан. Төбелес болғанын полицияға сағат 4:40 шамасында мейрамхана қызметкерлерінің бірі хабарлаған.

Бұған дейін Армения премьер-министрі міндетін атқарушы Никол Пашинян да пікір білдіріп, оқиғаның ұлтаралық сипаты жоқ деген.

Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде төбелес болып, бір адам қаза тауып, төрт адам жараланған. Барлығы сегіз адам ұсталған. Тағы бір адам Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланған. 6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам «қылмыскерді» табуды талап еткен. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.

7 қаңтарда интернетте Нарек Гуруян есімді адам видеоүндеу жариялап, «төбелескендер арасында болғанын, бірақ кісі өлтірмегенін айтқан».

Дереккөз: Азаттық