Қазақстан коронавирустың жаппай таралуына байланысты қай елдермен әуе рейстерін тоқтатты — Қазақстан жаңалықтары

0

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті Қазақстан коронавирусқа қатысты қандай әуе рейстеріне шектеу қойғандығын айтып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ұшақ

Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейстер (аптасына 34 рейс) 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап тоқтатылды.

2020 жылғы 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Сеул және Алматы – Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейстердің саны аптасына 9-дан 3 рейске дейін қысқарды. «Эйр Астана» әуе компаниясының Нұр-Сұлтан – Сеул бағыты аптасына 2-ден 1 рейске дейін, Алматы – Сеул бағыты бойынша аптасына 5-тен 1 рейске дейін және «Asiana Airlines» әуе компаниясының рейсі 2-ден 1 рейске дейін шектелді.

«Mahan Air» әуе компаниясының Алматы – Тегеран бағыты бойынша рейстер 1 наурыздан бастап (аптасына 1 рейс) тоқтатылды.

Сондай-ақ, 5 наурыздан бастап Нұр-Cұлтан – Баку бағыты тоқтатылады. Алматы-Баку рейсі 5–тен 1 рейске дейін («Эйр Астана» 3-тен рейске 1 дейін, «Azerbaijan Airlines» 2-ден 1 рейске дейін), Ақтау — Баку рейсі 7-ден 1 рейске дейін (SCAT) шектеледі. «SCAT» әуе компаниясының Нұр-Сұлтан – Токио бағыты 2-ден 1 рейске дейін шектеледі.

Аталған рейстердің тоқтатылуына байланысты, 2020 жылғы 1 наурыздан бастап жоғарыда көрсетілген рейстерге билеттері бар жолаушылар әуе билеттерді сатып алу орны бойынша айыппұлсыз және толық көлемде қайтара алады.

2020 жылғы 3 наурыздан бастап «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ базасында коронавирусқа қатысты жағдайды бақылауға бағытталған ахуалдық орталық жоспарлы түрде жұмыс істей бастады. Орталықта Қазақстанға тұрақты және тұрақты емес әуе қатынастары бар елдерде инфекция жұқтырған адамдардың статистикасына бақылау жүргізіледі.

Жолаушылар әуе билеттерді қайтару мәселесі бойынша кеңес алу үшін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-да 8 (7172) 64 58 41 нөмірі бойынша жедел желі телефоны жұмыс істейді. Жұмыс уақыты жұмыс күндері: (5/2) сағат 9.00-дан 18.00-ге дейін.

stan.kz