Қазақстан экономикасы коронавирустан қанша ақша жоғалтқаны белгілі болды

0

Министр Қытайдан тараған коронавирус импортқа салынатын қосымша құн салығының көлеміне теріс әсерін тигізіп жатқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Қытайда коронавирус індетінің таралуына байланысты ақпан айында Қазақстан бюджетіне 2,1 миллиард теңге түспей қалды. Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр республикалық бюджет кірістерінің толық орындалмауына сыртқы факторлар әсер етіп отырғанын айтты. Соның бірі – Қытайдан тараған коронавирус.

«Өткен жылдың соңында Қытайда пайда болған корановирус импортқа салынатын қосылған құн салығының көлеміне теріс әсерін тигізуде. Атап айтқанда, биыл ақпан айында Қытайдан әкелінетін импорттың көлемі 2019 жылдың ақпанымен салыстырғанда 11%-ке, ал физикалық көлемі 27%-ке төмендеді. Салдарынан Қытайдан келетін импорттық тауарлардан түсетін кедендік баждар мен салықтардың мөлшері 12%-ке, яғни 2,1 миллиард теңгеге азайды»,  – деді Смайылов үкімет отырысында.

Жалпы, оның айтуынша, екі ай ішінде Қытайдан жеткізілетін автокөлік саны 24%-ке, темір жол көлігі 14%-ке азайған.

Бұдан бөлек, ақпан айында ЕАЭО елдерінен импорттық тауар тасымалдайтын автокөліктер 20%-ке қысқарған.
Бюджет кірісінің орындалмауына, екіншіден, сыртқы нарықта бағаның төмендеуі әсер етіп отыр.

Мыстың бағасы – 6%-ке, алюминий – 5%-ке, мырыш – 10%-ке, қорғасын – 3%-ке түскен. Сонымен қатар, екінші деңгейлі 18 банк бойынша түсімдер 56%-ке азайған.

«Сыртқы теріс факторлардың әсеріне қарамастан, қосылған құн салығы бойынша өсім қарқыны 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 110,5%-ке қамтамасыз етілді», – деді Смайылов.

Коронавирустың өршуі

2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның өршуі туралы хабарлады.

Мамандар аурудың жаңа коронавирус екенін анықтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп таныды. Сондай-ақ, ауруға COVID-19 деген ресми атау берді.

Джон Хопкинс институтының мәліметінше, әлем бойынша 114 219 адам коронавирус жұқтырған, 4 024 адам қайтыс болды. 64 147 адам аурудан айықты.

Қазақстан ақпан айының басында Қытаймен барлық жолаушылар тасымалы қатынасын тоқтатты.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері COVID-19 вирусының таралуы бойынша қауіпті елдер тізіміне өзгеріс енгізді.

Енді 1 «а» санатына Қытай, Иран және Оңтүстік Корея, ал 1 «б» санатына Италия кіреді. Екінші санатта – Испания мен Германия.

Ең көп ел үшінші санатқа еніп отыр. Олар: Жапония, Таиланд, БАӘ, Франция, Швеция, Малайзия, АҚШ, Сингапур, Кувейт, Бахрейн, Ирак, Ұлыбритания, Швейцария, ҚХР Гонконг АӘА.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз