Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз – Әзербайжан Президенті
Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын құрамда кездесу өткізген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, арнайы шақырғаныңызға және қонақжайлығыңызға алғыс айтамын! Гейдар Әлиевке көрсеткен құрметіңіз үшін бүкіл Әзербайжан халқының және жеке өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, біз барша Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Әзербайжанға ресми сапарыңыз барысында осындай тілеулестікті Сіз де байқадыңыз деп ойлаймын. Біздің ресми сапарлар аясында жиі кездесуіміз осы қарым-қатынасымыздың сипатын аңғартады және ұдайы байланыста болу қажет екенін көрсетеді. Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие», — деді Ильхам Әлиев.
Осыған дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге болатыны айтылды.