«Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес»: Жұманғарин Bloomberg мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

0

Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес.  Осылай деген премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин Bloomberg ақпараттық агенттігінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.  Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес. Біз — тәуелсіз, «Мәңгілік елміз». Жақында Түркістанда ресейлік әріптестерімді Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апардық. Сол кезде экскурсовод осы залда хан өз кезеңінде елшілерді қабылдағанын айтты. Ол өте көп жыл бұрын болды. Сонда ресейлік әріптесімнің бірі «сіздердің тарихтарыңыз жайлы ештеңе білмейміз» деді. Кімнің артқы ауласы екенбіз? Бұның бәрі бос әңгіме», — деді Жұманғарин.

Айта кетейік, бұған дейін Bloomberg америкалық басылымы Қазақстанды “Путиннің қосымша территориясы” деп атаған еді. Шетелдік БАҚ-та “Макрон жаңа серіктес пен уран іздеу үшін Путиннің қосымша территориясына келді” деген ақпарат жарияланған. Бұған қазақстандықтар қарсы пікір жазып, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына 30 жылдан асқанын айтты.