Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астанада болуының жаңа форматын ұсынды
«Өзара байланыстылық көліктік байланыстар, экономикалық және энергетикалық желілер, сандық және адамдық өзара әрекеттерден тұратын көптеген өлшемдерге ие. Ол қолданыстағы байланыстардың тиімділігін күшейте және жаңа байланыстарды құра алады. ЕҚЫҰ өзара байланысты ілгерілетуде маңызды рөл атқара алар еді», — деді өз сөзінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
Қазақстан Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте созылған Қауіпсіздік қоғамдастығы туралы 2010 жылғы Астана декларациясын енгізуді жүзеге асыру үшін осы бағытта үлкен серпін беру маңызды деп есептейді. Сондай-ақ, Министр 1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еуразиялық ықпалдастық идеясы Еуразиялық экономикалық одаққа сәтті енгізілгендігін еске салды. Бүгінгі күні Еуразиядағы түрлі интеграциялық жобалар арасындағы өзара әрекеттестікті қамтамасыз ету мәселесі өзекті.
Өзара байланыстылық тұрғысында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астанадағы қатысуын одан әрі Бағдарлама кеңсесінен Тақырыптық орталығына трансформациялау бойынша өз көзқарасын ұсынды. Министр далалық миссияның эволюциясы әрқашан елдің дамуымен қатар жүріп жатқандығын және «Қазақстанның экономикалық және саяси дамудағы қазіргі жетістіктері жаңа тәсілдерді қажет ететінін» мәлімдеді.
«Жаңа құрылым тәжірибе, аналитикалық және зерттеу жұмыстарымен алмасуға жәрдемдесу арқылы тұрақты өзара байланыстылық пен «жасыл» экономикаға көшу мәселелеріне бағытталуы керек. Мысалы тиісті басқару, жасыл экономиканы дамыту, апаттардың алдын алу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ЕҚЫҰ кеңістігінде сауда мен көлік салаларын ілгерілету саласындағы жобаларды жүзеге асыру мүмкін», — деп атап өтілген хабарламада.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астанадағы жаңа буыны ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да ұйымдар арасындағы өзара тиімді серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп есептейді.
ЕҚЫҰ-дағы итальяндық төрағалықтың өкілі, Италияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Гильермо Пикки ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қақтығыс әлеуетінің артуы жағдайында экономикалық және экологиялық өлшемнің рөлін атап өтті.
Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Макей ЕҚЫҰ-ның экономикалық өзара байланыстылық платформасы ретіндегі рөлін атап өтті.
Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров көлік дәліздерін және ЕҚЫҰ аясында тиісті басқаруды дамытуға шақырды.
Бирмингем университетінің профессоры Стефан Вольф ЕҚЫҰ-дағы экономикалық дипломатияның үлкен әлеуетін атап өтті.
Іс-шара даму және қауіпсіздік мәселелері арасындағы ажырамас байланыс қағидаты негізінде Қазақстан қолдау көрсететін ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық өлшемінің әлеуетін тағы бір рет көрсетуге мүмкіндік берді.