Қазақстан Дубайдағы ЭКСПО павильонына 9 миллиард жұмсады

0

Қазақстан Дубайда «ЭКСПО» павильонының құрылысын аяқтады. Ресей басылымдары Қазақстанның «ЭКСПО» павильоны ең үлкен аумақ – 3,4 мың шаршы метрді алып жатқанын жазып жатыр. Ашық дерек көздердегі ақпаратқа қарағанда, осы павильон құрылысына 9 миллиард теңге жұмсалған. Бұл туралы malim.kz сайты жазды.

Қазақстан 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесін өткізуге бюджеттің 2 миллиард долларын жұмсаған.  ЭКСПО әлдеқашан өтіп кетсе де, астанада сол көрмеден қалған ғимарат мен үлкен аумақты ұстау үшін бюджеттің миллиардтары жұмсалып жатыр. Енді міне, Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін ЭКСПО павильонына да шығындалды. Дубайдағы бұл көрме 2021 жылдың қазанында басталып, 2022 жылдың 31 наурызында аяқталады. Қазақстан павильонының басты комиссары – Аллен Шайжүнісов. Ол Қазақстандағы «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының» басқарма төрағасы. Оның туысы Дален Шайжүнісов Дариға Назарбаеваның қызы Венера Назарбаеваға 2018 жылы үйленген.

Аллен Шайжүнісов Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның Дубайдағы павильоны архитектурамен таңғалдырып, оның аумағында ұлттық тағамдар тартылатын мейрамхана жұмыс істейтінін жеткізіпті.

Павильонда «Самұрық-Қазына» ұлттық қор тобына кіретін компаниялар, Air Astana, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен жеке бизнестің жұмысы көрсетіледі.

Дубайда ЭКСПО 2020 жылы өтуі тиіс еді, алайда пандемияға байланысты ол 2020 жылға шегерілді. 2019 жылы павильон құрылысына бюджеттен 9 миллиард теңге жұмсалатыны хабарланды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көрме аяқталған соң Дубайдағы павильонға демонтаж жасалып, Қазақстанға жеткізіліп, қайта құрастырылатынын жеткізген.

Бұл павильон құрылысына бюджет ақшасын жұмсап бір шығындалсақ, Қазақстанға әкелінген соң үлкен аумақты алатын павильонды ұстау үшін тағы шығындаламыз.

Неге десеңіздер, 2017 жылы астанада қаңырап тұрған ЭКСПО павильондарын ұстау, тазалау, жөндеу жұмыстарын жүргізу,  тіпті сыртына гүл қсіруге жүздеген миллион теңге жұмсалады. Мысалы, ЭКСПО-ның ғимараттары мен оған жапсарлас аумақты тазалауға бір жылда 775 миллион теңге жұмсалады.

Ал  «QazExpoCongress» ұлттық компанияының сыртқы жарнамасын орналастыруға 47 миллион теңге жұмсалды. 

1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында «ЭКСПО аумағында субұрқақтарда өнер көрмелерін ұйымдастырып өткізуге» 32 миллион теңге жұмсалды.

«QazExpoCongress» АҚ жұмысын халықаралық ақпарат құралдарында көрсетіп, мақала жариялау үшін 20 миллион теңге жұмсалды.

ЭКСПО нысандарындағы әйнек пакеттерді ауыстыруға 47 миллион теңге, сахнаны демонтаждауға 26 миллион теңге, көрме кешенінің бизнес орталығында мультизоналды кондиционерлеу жүйесін жөндеуге 98 миллион теңге, нысанды күзететін күзетшілерге 495 миллион теңге,  «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің бірнеше орталығын қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 495 миллион, Конгресс орталықтың шатырын жөндеуге 14 миллион теңге жұмсалған.

Астанадағы ЭКСПО ғимараттары мен оларды басқаратын «QazExpoCongress» АҚ-ның шығыны мұнымен бітпейді. Енді бұған Дубайдағы павильон құрылысы мен оны Қазақстанға алып келген соң ұстауға кететін шығынды қосыңыз. ЭКСПО 2017 жылы аяқталса да, бюджет ақшасын әлі де теспей сорып отыр.