Қазақстан Дубайдағы «ЭКСПО-ға» 9 миллиард теңге жұмсайды
2020 жылы Дубайда «ЭКСПО» көрмесі өтеді. Жарты жылға созылатын бүкіләлемдік көрмеге Қазақстан да қатыспақ, ол үшін ел бюджетінен 9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді
НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Дубайдағы «ЭКСПО» көрмесіне Қазақстан неге 9 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол Қазақстан үкіметі негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемін ұлғайтуды және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 2019 жылғы 24 миллиард доллардан 2025 жылы 34 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойып отырғанын атап өтті. Осылайша ел билігі Қазақстанға жыл сайын қосымша 10 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр.
«Біз 10 миллиард доллар инвестиция тартқымыз келеді. Бұл үшін бізге Дубайдағы «ЭКСПО» көрмесіне қатысу қажет. «Мүмкіндіктер» технологиялық кластері аясында Қазақстанның ұлттық павильоны болады. Оны әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көптеген инвестор аралайды. Уақытша құрылыстар тұрғызу үшін 8,8 миллиард теңге немесе 22 миллион доллар бөлініп отыр», — деді Смайылов үкімет кулуарында.
Министр егер павильонның арқасында елге қосымша шетелдік инвестиция құйылса, жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен салық есебінен бюджеттен бөлінген ақшаның орны толатынын айтты.
«Сол себепті көрмеге қатысу өте маңызды, ақша да осы себептен бөлінді», — деді ол.
Тағы оқыңыз: ЭКСПО-дағы элиталы тұрғын үйлер екі жылдан кейін қандай күйде тұр – видео
Айтуынша, павильон «ұлттық» болғандықтан, қаражат республикалық бюджеттен қарастырылған.
Кезекті бүкіләлемдік «ЭКСПО» көрмесі Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтеді. Көрме жарты жылға, 2020 жылдың 20 қазанынан 2021 жылдың 10 сәуіріне дейін созылады.
sputniknews.kz