Қазақстан дизель экспортына уақытша тыйым салмақ
Қазақстан жыл соңына дейін дизельді экспорттауға уақытша тыйым салады. Бұл туралы 11 желтоқсанда үкімет жиынының арасында журналистерге энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлады.
«Біз қазір құжат дайындап, оған тиісті ведомстволардың келісімін алып жатырмыз. Сосын ол сайтқа жарияланып, он күн тұрады. Одан кейін мен қол қоям. Желтоқсанда жарты жылға шектеу қоямыз деп ойлаймын. Мәселе дизельді экспортқа шығаруға ғана қатысты» деді министр.
Қанат Бозымбаев бұған дейін тыйым салуға Ресейде дизельдің бағасы қымбат болғандықтан Қазақстаннан жанармайдың осы елге жаппай тасымалдануы себеп екенін айтқан.
«Қазақстан мен Ресейдегі дизельдің бағасында 60-70 теңге айырма бар. Бензин таситын көлік сатып алып, ары-бері тасуға болады. Шекара ашық. Сондықтан біз тыйым салып, оны бақылаудың кешенді шараларын қолға алып жатырмыз. Бізде бұдан басқа жол жоқ» деді Бозымбаев.
Бұған дейін Қазақстан энергетика министрі Ресеймен шекаралас облыстарда дизель мен бензинді көптеп тұтына бастағаны байқалғанын хабарлаған.
Дереккөз: Азаттық