Қазақстан бұл тығырықтан шықпаса, Тәуелсіздіктің 40 жылдығын көрмейді – саясаттанушы

0

Қазақстандағы әділдік туралы өз көзқарасын білдірген саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Айлығымыз 140 мың теңге, ол ештеңеге жетпейді» деп ереуілге шыққан елдің батысындағы мұнайшылар туралы жаңалыққа өз көзқарасын білдірген. Пікірді «Жас Алаш» басылымы жариялаған.

«Отыз жыл бойы Қазақстан капитализм құрумен келді, үнемшіл де есепшіл болу, қаржылық сауаттылық деген әңгімені көп тықпалады. Енді, міне, 30 жыл өткенде нарықтық болуы тиіс экономикада қайта-қайта жәрдемақыны өсіру, несиені кешіру, жалақыны көтеру деген мәселе көтеріледі. Үлескерлер мен ипотека алғандар митингі, көпбалалы аналар митингі. Несиеге ұрынған мұнайшылар ереуілі. Сондағы бәрінің аузынан түспейтіні – әлеуметтік әділдік. Бірақ бұл термин қазір тым кереғар мағынаға ие болды.

Салығын уақтылы төлеп, несиесін адал қайтарып жүретіндер де бар бізде. Олар өз шамасына қарамай несие алып, қарызға белшеден батқандардың борышын кешіру науқандарына қарап, «әділдік қайда?» дейді.

Мемлекет той жасау мен қымбат смартфон, айфон алу үшін қарызға кіретін халықты айыптайды. Халық даңғаза шараларға ақшаны жөнсіз шашатын, бюджет ақшасын аямай ұрлайтын мемлекетті айыптайды. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттарды қолдан жасап, өзін әдейі кедей етіп көрсететін адамдарға қарап кіжінеді, халық болса  «бұл сендердің оффшорларға айдап жатқан миллиардтарыңның жанында көк тиын емес пе» деп өршеленеді.

Халыққа салсаң, жемқорларды атып тастау керек, бірақ өздері соларды атуға үкім шығаруға тиіс сот жүйесіне де, күштік құрылымдарға да сенбейді. «Мына кісінің шешімі әділ» дейтін адам қалмады. Өстіп келіп, ақыр аяғы «әділдік» деген сөздің мән-мағынасы әбден құрып кетті. Бұл масқара, сорақы жағдай. Өйткені «әділдікті қамтамасыз ету» деген жасырын әлеуметтік келісімнің арқасында ғана халық мемлекет құқығын мойындайды, биліктегі элитаға бағынады. Әділдік деген көпшілік мақұлдайтын моральдық-этикалық нормалар мен ойынның баршаға бірдей, бірыңғай тәртібіне негізделеді.

Қазіргі Қазақстан адамының бойындағы құндылықтар жинағында тұрақтылық, келісім мен патриоттық қана тұр, ал әділдік деген құндылық жойылып барады. Оның себебі – жер мен көктей болып кеткен әлеуметтік алшақтық қана емес, әбден терең бойлап кеткен сыбайлас жемқорлық.Мемлекеттің өзі қайда бара жатқаны мен алдына қандай мақсат қоярын ұқпай қалды. Жүйенің өзінде бірдеңеге ұмтылу деген ынта жоқ. Түсінікті қағида, тиімді институттар, ақыл-ой мен парасатқа негізделген мемлекеттік реттеу жоқта, экономикалық саясат жоқта, әрине, тек осылай болады. Заңдылықты қамтамасыз ету жүйесінде де осындай ұлы дағдарыс орнады.

Қызық болды қазір. Жылдар бойы шетелдік модельдерді көшіріп, шетелдік мамандарды шақырып келген билік енді бүтін салаларды сыртқы басқаруға бере салу туралы әңгімелерге көшті. Біз өзімізді сырттағы біреудің мойындағанына зәру екенбіз, бұл біздің ұлттық менталитетіміздің маңызды бөлігі екен.

Ұлттық элита мемлекеттік институттардың, корпоративтік сектордың тиімді жұмысын қамтамасыз ете алмады. Стратегиялық мақсат құра алмады, оған жетудің бағдарламасын жасай алмады. Соттың әділдігін, әлгі әлеуметтік әділдікті де қамтамасыз ете алмады, сыбайлас жемқорлықты жеңе алмады. Енді кейбір маңызды мемлекеттік және қоғамдық институттарды, тіпті аутсорсингке емес, таза сыртқы басқаруға беру идеясына келуге мәжбүр болды.

Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Егер мемлекет осы мелшиген күйі мен тірелген тығырығынан шыға алмаса, қазақ Тәуелсіздіктің 40 жылдығын көрмейтін де шығар», – дейді Данияр Әшімбаев.