Қазақстан барысы — 2019: Арман Шораев Архимед Мұхамбетовке сәлем жолдады

0

Спорт

Қысқа сілтеме алу

7 0 0

Арман Шораев Қызылорда, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында қазақ күресі дамып жатқанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев кейбір облыстарда қазақ күресі жеткілікті деңгейде қолдау таппай жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Арман Шораев қазақ күресіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жатқан өңірлердің бірі Қостанай облысы екенін атап өтті. Ол аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовке «сәлем» жолдады.

«Кейбір облыстарда қазақ күресі дамыған. Ал кейбір өңірде оның деңгейі қуантпайды. Жарыс өте шала ұйымдастырылған. Мысалы, биыл Қостанай облысында «Қазақстан барысына» балуандарды іріктеу өте төмен деңгейде өтті. Сол облыстың әкімінің «құлағына алтын сырға», — деді Арман Шораев.

Ол Қызылорда, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында іріктеу турнирі жақсы ұйымдастырылғанын, онда мықты балуандардың көп болғанын тілге тиек етті. Алдағы жылы «Қазақстан барысы» жарысына енгізілетін өзгерістер жайлы айтып берді.

«Келесі жылдан бастап, «Қазақстан барысына» бір облыстан бір балуан қатысады. Оны рейтинг арқылы анықтаймыз. Яғни рейтингте жоғары ұпай жинау үшін балуандар күнтізбеміздегі сайыстарға қатысу керек. Осылайша, біз қазақ күресінің сапасын арттырамыз», — деді Арман Шораев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Тағы оқыңыз: Қазақстан барысы — 2019: жеңімпаз балуан қанша теңге ұтады?

Айта кетейік, биыл «Қазақстан барысы» 8 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Оған еліміздің 14 өңірі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және әскери құрылымдардан іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Жарыстың жүлдеқоры – 41 миллион теңге. Жеңімпаз балуан 25 миллион теңгеге ие болады.



sputniknews.kz


Тегтер:Облысәкім