Қазақстан Астана LRT құрылысы үшін инвестор іздеп жатыр

0
84

Қытайдың даму банкі Қазақстанға Астана LRT құрылысы үшін қарыз беруден бас тартқан. Қазір Нұр-Сұлтан Астана LRT құрылысына инвестор іздеп жатыр. Бұл туралы 17 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен қалалық мәслихат жиынында қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Көлгінов «Астана банкіндегі мәселелерге байланысты Астана LRT құрылысы тоқтап тұрғанын, бұл банкте LRT құрылысына қажетті қаржы болған» айтты.

«Астана банкіндегі қаржылар бұғатталған. Онда LRT-ге деп қарастырылған қаржы да Проблемалық активтер қоры арқылы Астана банкінде қалған ақшаларды қайтаруымыз керек» деді әкім.

2018 жылы сәуірде сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана банкі, Qazaq Banki, Эксимбанкті «нашар көрсеткіштері» үшін сынаған еді. Кейін Ұлттық банк бұл үш банкті лицензиясынан айырған.

Көлгінов басталып қойған LRT құрылысы аяқталатынын айтты. Бірақ LRT құрылысы қашан жалғасатынын және қай уақытта пайдалануға берілетінін ашып айтпады.

Астана LRT құрылысы 2016 жылы басталған. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуі тиіс еді. 22 километрден асатын жолды салуға 1 миллиард 887 миллион доллар бөлінген. Бірақ кейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған.

15 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысы дұрыс жоспарланбағанын, жоба тым қымбатқа жасалғанын сынаған.

Ал 16 шілдеде «Астана LRT» компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердиев құрылыс жұмыстарының 15 пайызы аяқталғанын, 1,5 миллиард доллар жетпейтінін айтқан.

Бұған дейін LRT құрылысын салып жатқан жұмысшылар да бірнеше рет жалақы ала алмай жүргендерін айтып, наразылық білдірген.

Azattyq