Қазақстан әскерінен уақытынан бұрын бір батальон сарбаз үйлеріне қайтарылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан әскерінен уақытынан бұрын бір батальон сарбаз үйлеріне қайтарылған. Бұған денсаулықтарының нашарлығы себеп болыпты. Олардың арасында тіпті туберкулездің ашық формасымен ауырғандар әскер қатарына қалай алынғаны белгісіз. Мұндай жайттар тіркелмес үшін қайтсе керек? 

Қазақстан әскерінен уақытынан бұрын бір батальон сарбаз үйлеріне қайтарылды

Фото: Еуразия арнасынан скриншот

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

  

Мәжіліс депутаттарымен кездескен генерал-лейтенант Жақсылықов біраз проблемалардың басын ашты. Өткен жылы 150 сарбаздың денсаулығы сыр бергенінің себебін де түсіндірді. Жылына 2 мезгіл әскерге шақыру, «қорғаныс қатарына әйтеуір адам толса болды» деген науқаншылыққа айналмау керек»- деді Ұлттық гвардиясының бас қолбасшысы.

«Әскерге шақыру жүйесі нашар. Өткен жылы 150 жауынгерді денсаулық жағдайына байланысты үйіне қайтарылды. Әскери қызмет тұтас батальоннан айырлып қалды деген сөз. Туберкулездің ашық формасымен ауыратын 5 азаматты отан қорғауға жіберген фактілер тіркелді. Жергілікті жердегі медициналық қызметкерлер қайда қарап отыр сонда? Қадағалау әрбірден кейін солардың қызметі емес пе?!» — дейді Ұлттық гвардия бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов.

Бұл ақпаратты ести сала медициналық қызметкерлердің жұмысына көңілі толмайтындар бар ма екен деп Елорда тұрғындарын әңгімеге тарттық. Халық айтса қалт айтпайды.    

«Астана жақты білмеймін, біздің Шымкент жақта көзің онша емес болса да ақша шешеді. Ақша бересің барғың келсе».

«Мен өзімді алсам менің көзім көрмейді негізі. Осыған қарай окулистер барлығы здоров деп жаза береді. Бірақ, армияға барған соң қалай мен түнде жүгіремін».

«Әскерге барамын деген балалар бара алмайды. Қанша барамын деп талпыныс жасаса, сол адам бір жерінен шикілік шығарады. Бармаймын деп қашып жүрген балаларды жібереді. Жаңағыдай здоров дегенді жазып жібере берген де».

Бұл жайтты білмек болып Елордадағы әскерге шақырту пунктіне бас сұқтық. Мұндағы мамандар Астанадан аттанған жауынгерлердің денсаулығынан кінәрәт табылып, кері қайтқан кезі болмағанын айтады. 

«1 марттан бастап 31 маусымға дейін 4 айдың ішінде әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Қазіргі таңда медициналық комиссия толық құрамда аудандық және қалалық комиссия жұмыс істеп жатыр», — дейді қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Арман Қияқбаев. 

Қазірдің өзінде бас қалада тұратын 800-ден астам азаматқа шақырту қағазы берілген. Терапевт дәрігер Гүлнәр Бүтімбаеваның айтуынша көп жастың денсаулығы нашар екені өтірік емес. 

«Көбінесе денсаулығы жарамсыз балалардың арасында көбі көз ауруларымен ауырады. Компьютерде, смартфонда көп отырады. Түнімен телефон қарағаннан кейін көздері нашарлап  көз дәрігерінен өте алмай қалады әскерге. Және араларында соматик аурулары бар. Соматик аурулары ішінде аз салмақты балалар қалып қояды. Және семіздік көп», — дейді әскерге шақыру медициналық комиссиясының төрайымы Гүлнәр Бүтімбаева.

Медициналық тексеру жүргізетін кадрлардың тапшылығы күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Соның салдарынан түрлі қателіктер тіркеліп жатыр екен. Бір ғана Қостанайдың өзінде бірқатар факт тіркеліп отыр.    

«2018 жылдың көктемінде әскерге шақыру кезінде дәрігерлердің қателігі салдарынан 5 азамат армия қатарына жіберіліп, кейін қайтарылды. Олардың диагнозын қосымша сараптама жүргізбей-ақ анықтауға болатын еді», — дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Асқар Ниязов. 

Жігіттердің денсаулығы айналып келгенде әскери медициналық пунктегі дәрігерлердің бас ауруына айналмауы керек. Бұл ретте баланың медициналық картасының дұрыс толтырылуы маңызды фактор. Егер онда барлығы анық жазылып тұрса мұндай сұрақ туындамайтын көрінеді. Бейбіт Мамраев осындай пікірде.    

БЕЙБІТ МАМРАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Денсаулығы жарамайтын балаларды әскерге жіберу қауіпті дүние. Денсаулығын жөндеу керек. Ондай болмайды. Әскердің мамандығына байланысты талаптары болады. Сондықтан соның бәрін ескеріп жалпы жарамайтындарды әскерге жіберу қате нәрсе», — парламент мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев.  

Медициналық тексерістің сапасы жақсармай істің оңалмайтын түрі бар. Бірақ, кадр тапшылығы бар кезде ақ халаттыларға кінә артудың өзі ыңғайсыз. Шындап келгенде бұл мәселе өзекті болып тұр. Бәлкім бұл тақырып жиі көтерілетін болса жауапты органдар шаруаны шешуге бел буар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz