ҚАЗАҚСТАН «АЛТЫН КӨПІРГЕ» АЙНАЛДЫ | «Айқын» газеті

0
67

Қазақстанның тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болып қайта құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде еліміз ғаламдық саясатта өз орны бар мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді. Мұндай нәтижеге жету еліміздің белсенді сыртқы саясат жүргізіп, даму жолындағы қиындықтарды еңсеруінің арқасында мүмкін болды. 

Біріншіден, әлемде ел тәуелсіздігін жариялау жеткіліксіз екенін атап өткім келеді. Толыққанды мемлекет есебінде ор­нығу үшін егемендігін белгілеуден бө­лек, әлемдік қауымдастық тарапынан мо­йындалу маңызды. Бұл, өз кезегінде, сыртқы саясаттың белсенді болуын талап етеді. 1990 жылдардың басында Қазақстан Республикасы сыртқы саясатын жаңадан құрып, әлемдік қауымдастықтың таныл­ған мүшесіне айналуға бар күшін салды.
БҰҰ-ға, өзге де жаһандық және аймақтық ұйымдарға мүшелікке қабылданды. Бар­лық жетекші елдер тарапынан дербес мемлекет ретінде мойындалды.
Екіншіден, КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік шекараны белгілеу ең өзекті мәселелердің бірі болды. Себебі, шекараның мыз­ғы­мастығы – кез келген мемлекеттің бола­ша­ғының негізі. Қазақстан үшін Ресей, Қытай секілді алпауыт елдермен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркі­мен­стан секілді өзге Орталық Азия мем­лекеттерімен шекара мәселесі бойынша күрделі келіс­сөздер жүргізу қажет еді.
Он жылдан астам уақытқа жалғасқан келіссөздер нәтижесінде Қазақстан барлық көрші мемлекеттермен шекарасын делими­тациялауды табысты аяқтап, мәселені ха­лықаралық құқық тұрғысынан толықтай ше­шіп үлгерді. 2018 жылы қа­былданған Кас­пий конвенциясы да – осы бағытта жүр­­гізілген жиырма жылдық жұмыстың жемісі.
Үшіншіден, Қазақстанға жас әрі тарих сахнасындағы жаңа мемлекет ретінде өзге біршама қуатты елдердің жетегінде кету қаупі төнді. Географиялық тұрғыдан алған­да, Қазақстан сол­түс­тігінде Ресей­мен, ал шығысында Қы­таймен шекара­ласады. Оған қоса Түркия, Иран сынды мемлекеттер де жақын орналасқан. АҚШ, Германия сияқты батыстық күштерді де ұмытпаған жөн. Нәтижесінде, 1990 жыл­дарды Қазақ­станға және Орталық Азияға қатысты «Ұлы ойын» термині кеңінен қолданыла бастады. Оның мағынасына сәйкес, Орталық Азия елдері әлемдік масштабта стратегиялық маңызы бар аймақ бол­ғандықтан, сыртқы күштер осы өңірде өз ықпалын арттыру үшін күреске түседі. Мұнда Орталық Азия елдері «Ұлы ойын­ның» тек объектісі ретін­де ғана қа­рас­тырылғанын еске салғым келеді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзін алпауыт күштердің объектісі емес, кері­сін­ше, әлемдік және аймақтық сая­сатқа бел­сене қатысатын дербес субъект-ойыншы есебінде таныта білді. Көп векторлы саясат барлық әріптестермен тең қарым-қаты­насқа қол жеткізу мүмкіндігін берді.
Қазіргі таңда Қазақстанның аймақтық және әлемдік саясатта өз орны бар деуге толық негіз бар. Өңірлік деңгейде Қазақ­стан Орталық Азиядағы тығыз қарым-қа­тынастарды дамытуға атсалысып жүрген ең белсенді мемлекет. Оған қоса аймақтық қауіпсіздік мәселесіне де Қазақстанның қосқан үлесі жоғары.
Еліміздің әлемдік саясаттағы орнына келсек, географиялық орналасу ерекше­лі­гіне байланысты Қазақстанның Еуропа мен Азия арасын байланыстырушы көпір рөлін атқаруға қауқары жетеді. 2011 жылдан бері қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бағ­дар­ламасы жүзеге асырылып келеді. Мақса­ты – екі құрлық арасындағы эко­номи­калық-транспорттық байланыс­тарды жетілдіру. Өткен жылы Еуропалық одақ та өзінің Еуропа мен Азия арасындағы бай­ланыстарды арттыру стратегиясын жа­риялады. Қазірдің өзінде Еуропа мен Азия­ның бір-біріне жылжып келе жатқанын көріп отырмыз. Нәтижесінде, Қазақстан Еуропа мен Азия түйісетін аймаққа айна­луы қажет.

Жәнібек Арынов,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы

Дереккөз: Айқын