ҚАЗАҚСТАН «АЛТЫН КӨПІРГЕ» АЙНАЛДЫ | «Айқын» газеті
Қазақстанның тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болып қайта құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде еліміз ғаламдық саясатта өз орны бар мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді. Мұндай нәтижеге жету еліміздің белсенді сыртқы саясат жүргізіп, даму жолындағы қиындықтарды еңсеруінің арқасында мүмкін болды.
Біріншіден, әлемде ел тәуелсіздігін жариялау жеткіліксіз екенін атап өткім келеді. Толыққанды мемлекет есебінде орнығу үшін егемендігін белгілеуден бөлек, әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалу маңызды. Бұл, өз кезегінде, сыртқы саясаттың белсенді болуын талап етеді. 1990 жылдардың басында Қазақстан Республикасы сыртқы саясатын жаңадан құрып, әлемдік қауымдастықтың танылған мүшесіне айналуға бар күшін салды.
БҰҰ-ға, өзге де жаһандық және аймақтық ұйымдарға мүшелікке қабылданды. Барлық жетекші елдер тарапынан дербес мемлекет ретінде мойындалды.
Екіншіден, КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік шекараны белгілеу ең өзекті мәселелердің бірі болды. Себебі, шекараның мызғымастығы – кез келген мемлекеттің болашағының негізі. Қазақстан үшін Ресей, Қытай секілді алпауыт елдермен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан секілді өзге Орталық Азия мемлекеттерімен шекара мәселесі бойынша күрделі келіссөздер жүргізу қажет еді.
Он жылдан астам уақытқа жалғасқан келіссөздер нәтижесінде Қазақстан барлық көрші мемлекеттермен шекарасын делимитациялауды табысты аяқтап, мәселені халықаралық құқық тұрғысынан толықтай шешіп үлгерді. 2018 жылы қабылданған Каспий конвенциясы да – осы бағытта жүргізілген жиырма жылдық жұмыстың жемісі.
Үшіншіден, Қазақстанға жас әрі тарих сахнасындағы жаңа мемлекет ретінде өзге біршама қуатты елдердің жетегінде кету қаупі төнді. Географиялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан солтүстігінде Ресеймен, ал шығысында Қытаймен шекараласады. Оған қоса Түркия, Иран сынды мемлекеттер де жақын орналасқан. АҚШ, Германия сияқты батыстық күштерді де ұмытпаған жөн. Нәтижесінде, 1990 жылдарды Қазақстанға және Орталық Азияға қатысты «Ұлы ойын» термині кеңінен қолданыла бастады. Оның мағынасына сәйкес, Орталық Азия елдері әлемдік масштабта стратегиялық маңызы бар аймақ болғандықтан, сыртқы күштер осы өңірде өз ықпалын арттыру үшін күреске түседі. Мұнда Орталық Азия елдері «Ұлы ойынның» тек объектісі ретінде ғана қарастырылғанын еске салғым келеді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзін алпауыт күштердің объектісі емес, керісінше, әлемдік және аймақтық саясатқа белсене қатысатын дербес субъект-ойыншы есебінде таныта білді. Көп векторлы саясат барлық әріптестермен тең қарым-қатынасқа қол жеткізу мүмкіндігін берді.
Қазіргі таңда Қазақстанның аймақтық және әлемдік саясатта өз орны бар деуге толық негіз бар. Өңірлік деңгейде Қазақстан Орталық Азиядағы тығыз қарым-қатынастарды дамытуға атсалысып жүрген ең белсенді мемлекет. Оған қоса аймақтық қауіпсіздік мәселесіне де Қазақстанның қосқан үлесі жоғары.
Еліміздің әлемдік саясаттағы орнына келсек, географиялық орналасу ерекшелігіне байланысты Қазақстанның Еуропа мен Азия арасын байланыстырушы көпір рөлін атқаруға қауқары жетеді. 2011 жылдан бері қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – екі құрлық арасындағы экономикалық-транспорттық байланыстарды жетілдіру. Өткен жылы Еуропалық одақ та өзінің Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды арттыру стратегиясын жариялады. Қазірдің өзінде Еуропа мен Азияның бір-біріне жылжып келе жатқанын көріп отырмыз. Нәтижесінде, Қазақстан Еуропа мен Азия түйісетін аймаққа айналуы қажет.
Жәнібек Арынов,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы
Дереккөз: Айқын