Қазақстан — алманың отаны
Мерседес ХАТТОН,
BBC
Ресейлік ғалым Malus sieversii тұқымы қазіргі алма түрлерінің арғы атасы екенін анықтағанда, Қазақстан ормандары мәуелі жеміске толы болатын. Қазір жабайы алманың келешегіне қауіп төніп тұр.
«Суық», деді «Қазақстан трэккинг клаб» гиді Алексей Распопов көтеріліп бара жатқанда көліктің термометрін көрсетіп. Қазақстанның екінші қаласы – Алматы төменде, қалың түтіннің арасына жасырынды.
Екі сағат бойы жол жүріп, Түрген шатқалына жеткенде біз көліктен шығып, сапарымызды жаяу жалғастырдық. Жоғары өрлеу қиын болған жоқ, бірақ ызғырық жел саусақтарымды жансыздандырып, ернімді кеберсітіп жіберді. Отыз жыл бойы өңірді аралаумен айналысатын Распоповтан аймақтың тарихы туралы сұрадым.
«Көп өзгерді», дейді ол. Пікірін нақтылау үшін Кеңес одағының құлағанын, ластанудың артқанын және мұздықтардың көлемі азайғанын мысалға келтірді. Алайда негізгі мәселе бұл емес еді. Тянь-Шань тауының Іле Алатауы тармағының етегінде ормандай ұйысқан Malus sieversii-дің, яғни жабайы алманың жойылу қаупі туындауы уақыттың өзгергеніне дәлел болуға жеткілікті.
Ресейлік ғалым Николай Вавилов 1929 жылы Malus sieversii-ді қазіргі алма – Malus domestica-ның арғы атасы екенін алғаш рет анықтағанда өңірдегі ормандар қалың, жемістері мәуелі болатын.
«Жабайы алма жоталардың бәріне созыла тарағаны қаланың айналасынан анық байқалады, – деп жазыпты Вавилов Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға барған тұңғыш сапарында. – Осы бір көркем мекеннің ауыл шаруашылығына бейімделген алманың отаны екенін өз көзіңізбен көре аласыз».
Вавилов бұл сөзін түрлердің шығу тегі генетикалық әр алуан түрлер кездесетін мекенге тиесілі болатынын негізге алып айтқан еді. Алманың шығу тегі Алматыдан бастау алады деген бұл пайымды генетиктер әлдеқашан дәлелдеп үлгерді.
«Күндердің күнінде адамдар Malus sieversii ормандарынан алманың дәні, ағашы не бұтағын алып, басқа жерде өсіре бастады», дейді Гэйл Волк. Ол АҚШ Ауыл шаруашылығы департаментінде өсімдіктер физиологиясын зерттейді. «Кей жағдайда алма ағаштары басқа өңірдегі ағаштармен будандасуы мүмкін. Өзгеру процесі жалғаса береді», дейді ол.
Жібек жолындағы сауда-саттық алманың алысқа тарауына әсер еткені айтылады. Кейінірек жеміс еуропалықтармен бірге Солтүстік Америкаға жетті.
Қышқыл, тәтті және жағымды жемістердің бәрі жеуге жарамды емес. Дегенмен, бұл алма фермерлік және ауыл шаруашылығының өрге басуына көмектесті. Жапырағы түсіп, жалаңаштанған бұтақтар маусымы келгенде алманың түр-түрі – үлкені-кішісі, қызылы-жасылы, «еттісі» табылады. Әйтсе де, адамдар өз әрекетімен жабайы алманың табиғи мекенін қиратып жатыр. Бұл ой Распоповтың келесі сөздерін тыңдауға кедергі келтірген жоқ: «Қазақ халқы, Алматы тұрғындары алмамен мақтанамыз», деді ол.
Мұндай мақтанышты қаланың кез келген жерінен кездестіруге болады. Алма суреті мен Алматының «мың бояулы қала» деген ұраны жазылған билбордтар сұр жолдың бойындағы қызыл әрі даңқты жемісті жарнамалап тұр.
Қазақстанның ең үлкен арт музейі Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде бояулы суреттер мен металл ескерткіштерде алма бейнеленген. Жемісті қоғамдық орындарда, ғимараттардың жанындағы бейнесі секілді түрлі жерлерден кездестіруге болады. Қаладағы туристік мекеннің бірі Көктөбеде алманың граниттен жасалған фонтаны тұр. Төбеге апаратын кабельді тасымалды күтіп тұрғанда іші пластикалық алмаға толған күн түстес, кеңес дәуірінен қалған Волга көлігін суретке түсіріп алдым. Оның нөмірінің орнына «I love Almaty» деп жазылған.
Жергілікті фермерлер мен сатып алушылардың мекені – қаланың Көк базарында алмалар түріне, түсіне және көлеміне қарай тау етіп үйілген. Сатушылар жемісті кесіп, дәмін татып көруге шақырады.
Malus sieversii заманауи алманың атасы болғаны секілді Көк базар – қазақ асханасының негізгі нүктесі. Әр қатарда елдегі кулинарлық тарихтың негізгі ингредиенттері көрініс тапқан. Бір бұрыш көшпелі қазақтар үшін мінсе көлік, жесе ас болған жылқы еттеріне арналған. Сондай-ақ 1937 жылы корей диаспорасының Сталин басқарған тұста Орталық Азияға күштеп қоныс аударғанын дәлелдейтіндей кореялық қоспалар сатылады. Бұдан бөлек, тұздалған қиярдың ойласаң ойың жетпейтіндей көп түрі бар.
Елдегі кез келген асханаға қажеттінің бәрі осы жерден табылады. Мәселен, Орталық Азиядағы күріш тағамы – палау аздап өзгерген. Қазақстанда оған алма, қой етін, сәбіз, пияз және басқа да дәмдеуіштер қосады.
Алайда Malus domestica-ны қуана қабылдаған қазақ жерінде жабайы алманың түрі елеусіз қалды.
Malus sieversii қазіргі уақытта ICUN Қызыл тізіміне енген (соңғы рет 2007 жылы жаңаланды), жойылып бара жатқан түр ретінде қарастырылады. Тұрғын үй және коммерциялық даму, мал шаруашылығы және ағаш дайындаудан аман қалған ормандарға қауіп төніп тұр. Соңғы уақытта Іле Алатауының тау бөктерін сақтау бойынша Италияның Slow Food foundation қоры шаралар қабылдады. (Ұйым орманға келушілерге кіру үшін рұқсат беруді талап етеді). Жобаны Cultures of Resistance Network қаржыландырады.
«Slow Food не жейтінімізге назар аударып, оны баяулату бай адамдардың өмір салтын таңдау мәселесі емес екенін қайта-қайта айтып келеді», деді Cultures of Resistance Network ұйымының директоры Йара Ли. «Бұл жерде экологиялық қауіпті саналатын корпоративтік ауыл шаруашылығына балама ұсынып, пайда табуды көздейтін агроэкология модельдерін дамыту басты мәселе. Бізге қазір балама модельдер өте қажет», дейді ол.
Вавилов алғаш рет Алматыға барғанда адамдардың әрекетінен туындайтын апатты болжау, тіпті елестету мүмкін еместігін айтқан-ды. Алайда ғалым жойылып кету қаупінің алдын алу үшін Malus sieversii дәнін жинау қажеттігін атап көрсетті. Вавилов оларды Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) әлемнің ең алғашқы гендік банкіндегі 250 000 тұқымнан, жемістер мен тамырлардан тұратын өз коллекциясына қосты.
Ленинград құрсауы кезінде 1941 жылдан 1944 жылға дейін гендік банкте жұмыс істеген бірнеше ғалым онда сақтаулы тұқымдарды жегеннен гөрі, аштан өлуді дұрыс деп тапты. Сондай-ақ билікпен келіспейтіндігі үшін ГУЛАГ-қа түрмеге қамалған Вавилов та аштықтан қайтыс болды. Бақытымызға орай, оның мұрасы осы күнге дейін сақталған. Қазіргі таңда Вавилов атындағы өсімдік шаруашылығы институты деп аталатын гендік банк бар.
«Біз коллекцияларды Вавиловтың теориялары мен тәсілдеріне сәйкес жинаймыз, бағалаймыз, сақтаймыз және пайдаланамыз», деді қара бидай, арпа және сұлы генетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Игорь Лоскутов. «Біз генетикалық әртүрлілік пен генетикалық эрозияны жоғалтудың алдын алу бойынша жұмыс істейміз. Институт Ресей үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін де маңызды», дейді ол.
Фольк те бұл пікірмен келіседі. «Кез келген түрдің шыққан жерінде олар әрқашан маңызға ие. Гендік банктер осы жабайы түрлерге қолжетімділікті арттырып, кездейсоқ жағдай туындағанда резервтік көшірме ретінде де қызмет етеді», дейді ол.
Алматының жабайы алма ормандары мұндай күтпеген жағдайларға тап болмайды деп үміттенеміз.
Заманауи алманың тарихи отанында, Вавиловтың жұмысы, оның әріптестері мен замандастарының әрекеттері тарихи жеміспен өрілген қала үшін маңызға ие. Олардың жұмысын атап өтіп, кенеттен келген тәбетті басу үшін мен көшенің шетіндегі дүңгіршектен қызылды-жасылды алма сатып алдым. Өте дәмді екен.
Мақаланы аударғандар
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Мадина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»