«Қазақстан әлі еңбектеп жүрген бала сияқты»: Google-да жұмыс істейтін шымкенттік жігіт елімізде ІТ сала қашан дамитыны туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Атағы жер жарған Google компаниясынының Швейцариядағы бөлімінде жұмыс істейтін жерлесіміз Аман Өтемұратов IT саласына күтпеген жерден келген. Шымкент  тумасы компьютердің «құлағында ойнауды» ешқашан армандамаған. Дегенмен мектеп бітірген соң, әкесінің ақылына құлақ асып Алматы IT университетіне оқуға түскен. Сөйтіп бірден әлемнің Booking, Google сынды үздік компанияларына түйіндемесін жолдап,  Шымкенттен Швейцарияға арман қуып кеткен Аман Stan.kz тілішісіне әлемдік компанияға «топ» ету қалудың жолдарын, онда жұмыс істеудің артықшылықтарын айтты.  

Аман Өтемұратов

 

Өліп кетсемде IT саласына бармаймын

Мектеп кезінде IT саласына келемін деп армандамадым.  ҰБТ тапсырып 114 балл жинаған соң, қалаған мамандығыма түсе алатынымды білдім. Мамандық таңдайтын кезде IT саласы таңдалды. Бірақ өліп кетсем де бұл салаға бармаймын деп жүрдім. Өйткені бұл салаға келсем, өзімді компьютердің алдында шашы өсіп, кір-кір болып отырған біреу деп елестетінімін. Бір күні әкем екеуміз қандай мамандық таңдайтынымызды ақылдастық. Сол кезде біздің мектепке келіп, өздерін жарнамалап кеткен Алматыдағы «IT университетінің» брошюрасын көрсеттім. Әкем ішін оқып отырып, болашақта барлық сала компьютерленетін болады, осы саланы таңдағаның дұрыс деді. Әкемнің ақыл-кеңесін тыңдап осы саланы таңдадым.

 

Google — ға бірден «топ» ете қалдым деп айтпас едім 

Google — ға дейін Booking.com компаниясының штаб пәтері Амстердемда істедім. Онда 2017 жылдан бастап екі жыл жұмыс істедім. Ал 2019-дың тамыз айынан бастап Google-ға орналастым. Booking.com-да істеп жүрген кезімде достарымнан сұрастырып, ғаламтордан қарап, Google -ды біраз зерттеп, дайындалдым. Бірақ үйленгелі жатқан соң, тойдың жұмыстарымен қолым тимей, дайындық аз болып бірінші сұхбаттан өтпедім. Дегенмен кез-келген әлемдік компанияға бір жыл өткен соң қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Содан екінші рет тапсырғанда сәтті өтіп, жұмысқа шақырды. Дайындық туралы айтсам, жұмыс істеп жүріп, күнде кешкі сағаттарда сұхбатқа дайындалдым. Оның да өзінің форматы бар, соған әбден машықтандым. Сұқбат барысында есеп береді, оны сол жерде шығарып, түсіндіріп кодын жазып беруің керек. Барлық тапсырманы орындаған соң, жүзбе-жүз тілдесуге шақырғанда Швецарияны таңдадым. Менің ойымша, бұл компанияда істеу тек менің ғана арманым емес, осы салада істейтін көпшіліктің арманы. 

Аман Өтемұратов

Googlе -да жұмыс істемеуге барлық «жағдай» жасалған

Google — да жұмыс істеп жүргеніме он айдың көлемі болыпты. Қазір карантинге байланысты үйден жұмыс істеп жүрмін. Барлық нәрсемен қамтылған офисті де сағындым. Былай қарасаң google-офиста өмір сүре беруге де болатын сияқты. Себебі әр бөлімнің өзінің фитнесс залы, ұйықтайтын бөлмесі, кір жуатын бөлмесі, жуынатын бөлмесі бар. Әр қабатта микроасхана, ойын бөлмелері орналасқан. Статистика бойынша Google — да жұмыс істейтін адам алғашқы жарты жылда орта есеппен 7 келі салмақ жинайды екен.

Душта жуынып-сүртінетін керек жабдықтың барлығы бар, ешнәрсе апарудың да қажеті жоқ. Микроасханаларда тіскебасарға әртүрлі жемістер, тәттілер, кофе, чипсы, жаңғақ, сусындардың түр-түрі және т.б. дүние өте көп. Асханада таңғы ас, түскі ас, кешкі ас ішуге болады. Ойын бөлмелерінде Playstation, foosball, nintendo switch, пинг-понг, бильярд бар.

Жалпы жұмыс істемеуге барлық жағдайды жасап қойған ғой. Бойдақ адамға кеңседен шықпай сонда тамағын жеп, ұйықтап, жұмысын істеп жүре берсе де болады. Бәлкім көбісі солай істеп те жүрген шығар. 

Аман Өтемұратов

Қасымдағылардың бәрі кіл мықтылар мен қасқырлар

Бұл компанияның бөлшегі болу — керемет сезім. Қасымдағыардың бәрі — кіл мықтылар мен қасқырлар. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ақылдылар. Үндістан, Италия, Бразилия, Ресей сынды барлық елден адамдары жиналған көпұлтты компания. Мұнда ұлтшылдыққа байланысты ешқандай мәселе жоқ. Себебі барлығы жұмысқа кірмес бұрын мықты екендерін дәлелдеп өткен. 

Жаңадан жұмысқа тұрағандарды noogler (new googler) деп атайды. Google — дың салты бойынша әрбір жаңа жұмысшыға басында пропеллері бар noogler кепка береді. Сол бас киімді киіп алып барлық noogler -лер горкадан сырғанап түсуі тиіс. Өзіндік бір қызық активити десе де болады.

Imposter sindrome (синдром самозванца) деген қызық психологиялық эффект бар. Зерттеулер бойынша Google — да жұмыс істейтіндердің 50% imposter sindrome-ымен ауырады деседі. Ол дегеніміз өзіңді бұл ортада жүруге лайық емес сезіну, басқаларға қарағанда біліміңнің аз екенін сезіну, айналадағы адамдардың барлығының сенен мықты сияқты сезіну. Қызығы, бұл синдром тек жаңадан жұмыс бастап жатқандарда ғана емес, бұрыннан істеп жүргендерде де бақыланады екен. Шүкір менде қазірге дейін ешқандай синдром байқалмаған сияқты. Мүмкін бұған дейін Booking.com компаниясында 2 жылдық тәжірибем болғаннан да шығар.

Аман Өтемұратов

Жұмысқа кеш келдің деген түсінік жоқ

Бұл жақта жұмыс режимі еркін. Жұмысты қай уақытта бастап, қай уақытта бітірсең де өз еркіңде. Жұмыстан ерте кетіп, кеш келіп жатсаң, менеджерің немесе әріптестерің ешқашан қабақ түйіп қарамайды. Жалпы алғанда ерте келдің, кеш келдің деген түсінік жоқ. Әр адам өзіне ыңғайлы уақытта жұмыс істейді. Бірақ жұмыс командамен орындалатын болған соң, әріптестеріңмен бірге істеген қызықты болған соң, күндіз барлығы жиналатын уақыт ыңғайлы деп ойлаймын. Сол үшін көбісі күндізгі уақытты таңдайды.

 

Швейцарияда пәтер жалдау үшін үш ай бұрын тапсырыс беру керек

Швейцарияға келгендегі үмітім ақталды. Табиғаты өте керемет ел. Бірақ біз мұнда келгелі Цюрихтан алысқа шығып қыдырып үлгермедік. Себебі мұнда келгеннен кейін бір жарым айдан соң қызым дүниеге келді. Бір жаққа қыдыруға шығайын десек қызымыз тым кішкентай болды, одан кейін қыс басталып кетті, сосын карантиннен шыға алмай қалдық. Сонымен табиғатын тамашалай алмай жүрміз. 

Осы қалаға көшіп келгенде тілге қатысты мәселелер болғаны рас. Мұндағыдардың көбісі ағылшын тілін мүлде қолданбайды, білетіндер аз. Сондықтан басында олармен сөйлесу, қарым-қатынасқа түсу қиын болды. Тағы бір айта кететінім, бұл жақтың халқы бізге қарағанда басқаша ойлап, жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар ертеден жоспарлап, болатын істің бәрін тізіп, дайындалып жүргенді жақсы көреді. Мәселен, бұл жақта пәтер жалдап тұратын болсаңыз үй иесіне үш ай бұрын тапсырыс жасауыңыз керек. Барлығын ерте қамдастырғанда әбден үйренген. Пәтерді босататын болсаңыз да үш ай бұрын ескертуіңіз керек. 

Аман Өтемұратов

1 келі еттің бағасы 15 000 теңгеден басталады

Бұл жақта ерсі көрінген дүние болды деп айта алмаймын. Бірақ азық-түлік бағалары өте қымбат. Бір келі еттің өзі 35 франктан (1 франк=434,75теңге) басталып одан жоғары кете береді. Сонда бір келі еттің бағасы 15 мыңнан асады. Ал бұған дейін тұрған Амстердамда саластырмалы түрде қарасақ  екі есе арзан алуға болады. Таңғалдырғаны бағасы болды деп айтатын едім біріншіден. 

— Блогерлікпен айналыса бастағаныңызға көп болмапты. Бастауға не түрткі? 

— Өзімді блогермін деп айтпас едім. Парақшамда тек өз ойларымды, алған тәжірибелерімді жазып жүрейін, мүмкін біреуге керек болып қалар деп ойладым. Телеграм каналыма салған бірінші жазбам өте көп адамға қызық болып шықты. Бұрынан көршілікке пайдам тиетіндей тәжірибеммен бөліссем деген ой жүретін. Бірақ бел буып кірісіп кете алмай жүрдім. Жаңа жұмыс және отбасым арасында жүріп, үйреншікті істі істеп жүргенімді түсіндім. Өзімді ары қарай дамытудың жолдарын іздей бастадым. Көпшілікпен жұмыс істейтіндей бағыт керек деп, пост жаза бастадым. Оқырмандарыммен бірге өзім де дамып жүрмін. 

Аман Өтемұратов— Қазақстанға қайтып келесіз бе?

— Мен үшін өте қиын, ауыр сұрақ. Себебі, бірінші рет шет елге тәжірибе аламын деп 5 жылға  келген едім. Бірақ қазір ол уақыттан асып кетті. Қазіргі таңда алдыма нақты мақсаттар қойып, Google -да белгілі бір дәрежеге жетіп, менеджерлік деңгейге жетіп, содан кейін еліме қайтамын деген ойым бар. Өзімде шет елде өмір бақи қалуды елестете алмаймын. Мүмкін қазірдің өзінде Қазақстаннан жақсы ұсыныстар мен мықты жобалар болып жатса, неге байқап көрмеске. Бірақ қазіргі таңда шет елде жүріп, тәжірибе жинап жүргенімнің пайдасы көбірек сияқты болып көрінеді. 

 

Қазақстан бұл салада әлі еңбектеп жүрген бала сияқты

Қазақстанды қашан жоғары технологиялық елге айналдырамыз деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Менің ойымша Қазақстан бұл салада әлі еңбектеп жүрген бала сияқты. Оған жүгір деп асықтырмай-ақ қояйық. Дегенмен қазір де Қазақстанда жақсы жобалар мен стратаптар, мықты мамандар бар. Уақыт керек деп ойлаймын. Қазір шет елде  IT инженер болып жүрген азаматтар 5-10 жылдың көлемінде еліне қайта бастағанда жағдай оңалатын шығар. 

Аман Өтемұратов— «Кремниевая долина» атанып кеткен АҚШ-тың IT астанасында ТМД-дан орыстар, белорустар көп. Қазақтар неге аз? Азуымыз батпай ма?  

— Иә, ол жақта өзге ұлттар көп, бірақ қазақтар да аз деп айта алмаймын. Кем дегенде жүзден аса отбасы бар деп ойлаймын. Миллиардтаған халқы бар Үндістан мен Қытайдың азаматтары көп болуының жөні бар деп ойламын. Халық санының пропорциясы Кремниевая долинаға да әсері етеді. Азуымыз батпайды емес, батады. Себебі қазақ жастары өте білімді, тек кейбіреуінде интервьюден өткенде тәжірибесі жетпей, біреуінде ағылшын тілінен білімі жетпеуі мүмкін. Қазіргі қазақ жастарының көздері жанып, алға ұмтылып тұрғандар өте көп. Сол үшін қазір Гугл компаниясында мол тәжірбе жинақтап еліме оралып, алған жинаған жетістікеріммен бөліссем деп ойлаймын. 

 

Сұхбатты алған: Жанна МӘЛІК

 

stan.kz