Қазақстан адамдардың бейбіт митингіге шығу құқығын бұзбауы тиіс

0

Еуропа одағының шетел істері және қауіпсіздік саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини Орталық Азияға демократиялық өзгерістерді толық орнату «қиынға түсетінін», бірақ жағдай жақсарып келе жатқанын айтты.

Могерини 7 шілдеде Бішкекте Азаттыққа берген сұхбатында Орталық Азия елдері осы аймаққа ықпал етуге таласып жатқан Еуропа одағы, АҚШ, Ресей, Қытаймен еркін қарым-қатынас орната алатынын жеткізді. ЕО өкілі Бішкекке сыртқы істер министрлерінің «Еуропа Одағы — Орталық Азия» форумына қатысуға келген.

Бішкектегі форум Қазақстанда билікке қарсы наразылық шарасына келгендерді жаппай ұстау кезінде, Қырғызстандағы саяси тартыс күшейген тұста болды.

Могерини Азаттықтың 6 шілде күнгі Қазақстанда билікке қарсы наразылық шарасы кезінде адамдарды жаппай ұстау туралы сұрағына «бұл мәселе жиі көтерілетінін» айтты. Оның сөзінше, ЕО Қазақстанды және аймақтағы басқа елдерді адам құқығы мен сөз бостандығын қорғауға, бейбіт митингіге шығу құқығын бұзбауға шақырады.

6 шілдеде Қазақстанның бірнеше қаласында полиция ҚДТ қозғалысының (елде қызметіне тыйым салынған) жетекшісі Мұхтар Әблязов митингіге шақырған жерге келген жүздеген адамды жаппай ұстады. Полиция адамдарды ұстау кезінде күш қолданды. 6 шілде күні нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Елдің ішкі істер министрлігі нақты қанша адамның ұсталғанын айтпады, бірақ ведомство полиция адамдарды ұстағанда өздерін «заңға сай әрекет етіп, арнайы құралдар қолданбағанын» мәлімдеді.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Орталық Азия елдерінің билігін «адамдардың бейбіт митингіге шығу және сайлау құқығын жиі бұзады, сөз бостандығын шектеп, соттардың жұмысына араласады» деп жиі сынайды.

Могерини Бішкектегі форумда Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлігімен бұл мәселелерді көтеріп, қамауда отырған белсенділердің жағдайын сөз еткенін айтты.

Azattyq