Қазақстан 1 наурыздан бастап Иранға ұшатын рейстерді тоқтатады

0

1 наурыздан бастап Қазақстан коронавирустың таралуына байланысты Иранға ұшатын рейстерді тоқтатады, Оңтүстік Кореяға ұшатын рейстер санын қысқартады деп хабарлады бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин 26 ақпанда Нұр-Сұлтандағы брифинг кезінде.

Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Кореяға аптасына тоғыз рейс ұшса, 1 наурыздан кейін олардың саны үшке дейін қысқарады. «1 наурызға дейін азаматтарымыздың үйге қайтуына мүмкіндік жасаймыз» деді Жандарбек Бекшин.

«Ирандағы жағдай сәл жеңілдеу. Онда 170 азаматымыз бар. Олар 1 наурызға дейін елге қайтуы тиіс. Көптеген елдер Иранмен әуе байланысын тоқтатты. Мысалы, Түркия, Пәкістан, Ауғанстан, Оман» деді Бекшин.

Бекшиннің айтуынша, сыртқы істер министрлігі және индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирустың жылдам таралуына байланысты өзге елдермен де әуе байланысын шектеу мәселесін қарап жатыр.

Нұр-Сұлтан 29 қаңтардан бастап Қытаймен автобус қатынастарын шектеген. 1 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында пойыз, 3 ақпанда әуе рейстері тоқтады. Нұр-Сұлтан Қытай азаматтарына виза беруді де уақытша доғарды. Қытаймен шекарадағы «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығы қаңтар айының соңынан бері жабық.

Қазір әлемде коронавирусқа шалдыққандар саны 80,5 мың адамға жетті. Ал коронавирустан қайтыс болғандар саны 2,7 мың адамнан асқан. Вирус алғаш табылған Қытайдан бөлек, коронавирус жұқтыру фактілері Оңтүстік Корея, Италия, Жапония мен Иранда көп кездескен. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус тіркелмеген.

Оқи отырыңыз: Сарапшылар коронавирустың бой бермей тұрғанын айтады

Azattyq