#ҚазақшаФэшн. Киім-кешек арқылы сымбаттырақ көріну жолдары

0

#ҚазақшаФэшн айдарының бірінші мақаласынан өміріміздің көп бөлігін жұмсайтын уақыт диаграммасын жасап, киімімізді қай салаға қарай бейімдейтінімізді ұғып алдық. Ал енді өз дене бітімімізге қарай киім таңдауды талқылайық.

Адамның дене бітімін түрлі тәсілмен жіктейтін теориялар бар. Мысалы, кейбіреулер алма, алмұрт, сағат түрлеріне бөлсе, енді біреулері Х, О, Н әріптеріне қарай бөліп жатады. Алайда дене бітімі бір түрге жататын, бірақ салмағы жағынан әртүрлі адамдар бар, яғни олар үшін бір ереже қолданылмайды. Сондықтан ең бірінші өз дене бітіміңізге жеке анализ жасаңыз. Айна алдына тұрып, келесі категориялар бойынша талдап шығыңыз.

Фото: Bellatory.com

Бірінші, бойыңыз. Қысқа бойлы адамға қарағанда ұзын бойлы адамға киім үйлестіру жеңілірек. Сән подиумдарына модельдердің бойын 178 сантиметрден бастап бекер таңдамайды. Қысқа бой деп 160 сантиметрге дейінгіні айтамыз. Бұл бойдың иесіне ұзындық пен еннің пропорциясын сақтауда өте абай болу керек. Ұзындығы 160-170 сантиметр адам орташа бойлы, ал 170-тен жоғары адам ұзын бойлы саналады. Кез келген жағдайда киім арқылы визуал түрде бойды ұзын қылып көрсетуге болады. Бой ұзынырақ көрінген сайын дене бітім жіңішкерек көрінеді. Сол себепті артық салмақты киім арқылы да “кетіруге” болады. Ол үшін біз киімдегі екі элементті қолданамыз – көлденең және тік акценттер.

Тік акценттер бойды ұзартып, дене бітімін сымбаттырақ қылады. Мысалы, монохром тәсілі. Ол – бір түстің реңктерімен киіну. Ұқсас түстердің емес, бір түстің ғана. Образ қызығырақ болуы үшін түрлі матадан, бірақ бір түсті киімдерді киюіңізге болады. Мысалы, үлбіреген жібек пен ауыр тоқыма мата.

Блогер Doina Ciobanu түгелдей MaxMara-да. Фото: Tthegoldendiamonds.com

Екінші бір тәсіл – көпшілігіміз білетін, қарақоңыр, яғни ашық емес түсті киімдерді кию. Егер саныңыз жуан болса немесе кеудеңіз үлкендеу болса, қара түсті киім киіп, жалпы ассиметрияны түзей аласыз. Қара түсті киімдер визуал түрде объектіні алыстатады, сол себепті дене жіңішкерек көрінеді.

Фото: Lookastic.com

Үшінші тәсіл – тік немесе диагональ сызықтар. Ол киімдегі сызықтар немесе киімнің бекітпесі, түймелер, ашық тұрған күртеше, пиджак сызықтары, жағасы болуы мүмкін.

Фото: Vivaluxury.com

Бойды ұзындау қылып көрсететін тағы бір тәсіл – еденге дейін жететін шалбарлар мен белдемшелер кию. Мұндай киіммен, әрине, кішкене болса да, биік өкшелі аяқкиім кию керек және ең дұрысы, аяқкиім мүлдем көрінбей, шалбар еденнен 1-2 сантиметр ғана жоғары болуы керек.

Фото: Fenzyme.com

Енді үстіңгі бөлігімізді түзетудің тәсілін қарастырайық. Бірегей тәсіл – мойын бөлігі V қалыпты киім кию. Ондай киім мойныңызды ұзартып, кең иықты кішірейтіп, нәзік етіп көрсетеді. Тағы да бір ұтымды тәсіл – қаусырмалы киім түрлері, яғни екі жағынан байланатын көйлек, кофта, тағы басқа. Мұндай дизайн барлық дене бітіміне жарасады. Бұл жерде V қалып та, белді жіңішкелейтін бау да бар.

Фото: Сojolly.com

Мұның барлығы тік акценттер болса, енді көлденең акцентке келеміз. Жаттап алатын бір ереже: тік акцент ұзартады, ал көлденеңі үлкейтеді. Үлкейту де бізге ассиметрияны түзету үшін, пропорция құру үшін керек болады. Көлденең акцентке көлденең сызықтар, принттер, белдік жатады. Мысалы, егер сіздің үстіңгі жағыңыз үлкен, иығыңыз кең, ал астыңғы бөлігіңіз жіңішке болса, онда көлденең сызықты белдемше кию арқылы пропорция құра аласыз.

фото arianecanovas

Бұл – адамның бойына, жалпы визуал келбетіне қарай топтастырылған тәсілдер. Келесі жолы артық салмақты, шамадан тыс арықтықты, жуан аяқ немесе жуан қолды жасырудың тәсілдерін қарастырамыз.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz