Қазақша сөйлейтін Аватар көмек сұрайды — Мақсат Толықбай
Журналист Мақсат Толықбай facebook парақшасында тіл мәселесіне байланысты жазба жариялады. Автор «Аватар 2» туындысы қазақ тіліне аударылса да, кинотеатрларда тек күніне бір рет қана мемлекеттік тілде көрсетілетініне наразы.
«Отбасымызбен асыға күтіп жүрген «Аватар-2″ фильмі қазақ тіліне аударылды. Аударылғанда да, ескі түрік сериалдарының стилінде емес, екі адам кезек-кезек оқитын, жаңа форматта. Кинотеатрларға жол тартты. Қош, енді сеансын қараңыздар. Күндіз, ел жұмыста жүрген уақытқа, 14:30-ға бір рет қойылыпты. 20-дан астам көрсетілімнің тек бірі ғана ҚАЗАҚША! Орыс тілінде болмасын деп отырған жоқпыз, бірақ кем дегенде тепе теңдік саясаты болуы керек қой?! Осыдан кейін, қазақша дубляжға ешкім бармайды деп қорытынды шығара сала ма? Бұл әсте дұрыс емес.
Ыңғайы келсе қазақтілді сеансты таңдайық, барайық. Сұраныстың барын көрсін» — деп жазды журналист.
фото: Мақсат Толықбайдың facebook.com парақшасынан