Қазақша мәзір сұраған адамды шығарып жіберген администратор қамауға алдынды

0

Ақтауда дәмхана әкімшісі клиентпен болған жанжалдан кейін 10 күнге қамауға алынды. Бұл туралы қаланың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты хабарлады.

Жанжал 19 маусымда шамамен кешкі сағат 20.15- те болған.

«Дәмханаға келуші мемлекеттік тілдегі ас мәзірін сұраған. Ал мекеме әкімшісі балағат сөздер айтып, оның ұялы телефонын жұлып алып, дәмханадан күштеп шығарып жіберген», — деп хабарлады соттағылар.

Соттың қаулысымен дәмхана қызметкері әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 434-бабының бірінші бөлімі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза кесілді.

Кодекстің бұл бабы бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды қарастырады.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.