Қазақша мата атаулары мен түрлері

0
Орта Азияны мекендеген халықтар көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ауыса бастады. Көшпенді халықтардың киім тігуге пайдаланған маталары жайлы деректер кездеспейді. Олар жайлы алғашқы жазбалар Қазан революциясынан кейін пайда бола бастады. Қашқардан Орталық Азияға әкелінген маталар жайлы Шоқан Уәлихановтың күнделіктері мен сызбаларында жақсы баяндалған. Бұдан басқа деректерді түрік халықтарының сөздіктері бойынша қалыптастырған. 

Халықтың дерлігі мал шаруашылығымен айналысқандықтан жүннен мата тоқуды жақсы меңгерген. Тазартылған жүн ұршықпен иіріліп, өрмек станогы арқылы мата тоқылған. Мата тоқуға түйе, қой, ешкі жүндері пайдаланылған. Қой жүнінен иірілген жіптер киімге тігуге аса көп қолданылмаған. Қой жүнінен тоқылған матаны қайнап тұрған суға салып жұмсартып, шапан, шекпен, шалбар, кебенек, аяқ орауыштар, белдіктер жасаған. 

Отырықшылық тұрмыс қалпына көше бастаған қазақтар мақта өсіріп, мата тоқуды кәсіпке айналдыра бастады. Алайда бұл кәсіпті өзбектер мен түрікмендер жақсы меңгерген. Мақта маталардың ішінде бөз мата өте танымал болды. Оны сапасы төмендеу боялған мақтадан тоқитын. 

Сонымен қатар, Орта Азия елдері зығыр өсімдігі талшықтарынан мата өндіруі жайлы қытай, орыс деректерінде айтылады. Оған қоса қарақалпақтардың кендірден мата өндіретіндігі жайлы жазбалар да бар. Ал жалпы жібек, жүн маталар ертеден шет елден алынып отырған. Оны ата-бабаларымыз сый ретінде, соғыстан түскен олжа және шаруашылық өнімдеріне ауыстырып отырған. 

Мата түрлері 

Сырт киімдік бағалы маталар: барқыт, тұқаба, берен, биқасап, бүлде, дүрия, қамқа, қойқын, қыжым, мақпал, мауыты, міндала, пайы, баршын, парша, пүліш, саң, тапта, ұштап, тібек, шұға, мана, ләмбөк, дыраб, манат, масаты, борлат, бояқ, бұйдас, зипуын, дабы, сылаң, қасапдар, қаламы, қымқап. 

Жібек маталар: баршын, кініпас, кіріс, кіләңкөр, күлдірі, қатипа, батсайы, сарпөңке, сіндіп, тапта, торғын, торқа, шәйі, қырмызы, атлас, кінауыз, маңлық, құлпы. 

Жұқа маталар: зон, ақсұп, борлат, бомази, бояқ, дабы, сыңсыма, сұрып, сәтен, сиса, шағи, бітес, тек, зәріп, саржа, құмаш, орысқол, тайғақ. 

Арзанқол маталар: ләмбік, діке, үлдірік, ләстік, кенеп, шөжім, шыдаған, сұпы, шыт, бөз, тептік, аңзу, күн-түн, тібен, сәлдебөз, меткетон, тіке. 

Қазақ халқы пайдаланған мата атаулары: 

Жібек – беті тегіс, жылтыр, қымбат мата. 
Қамқа – зерлі жіптен тоқылған жібек мата. 
Қатипа – жол-жолы бар жұқа жібек мата. 
Торқа – ең қымбат жібек мата. 
Торғын – қымбат бағалы жібек матаның бір түрі. 
Патсайы – тығыз тоқылған жібек матаның бір түрі. 
Биқасап – енсіз жібектен тоқылған жолақ мата. 
Дүрия – жылтырауық тығыз жібек мата. 
Баршын – жолақты жібек мата. 
Насар – жібек кездеме. 
Қырмызы — жоғары сапалы қызыл жібек. 
Пай немесе пайы – жібек мата. 
Парша – алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқыған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім. 
Сәрпөңке – астарлық жібек мата. 
Барқыт – түгі тығыз жібек мата. 
Шибарқыт — бет жағы жол-жол болып келген барқыттың бедерлі түрі. 
Баршын – жолақты жібек мата. 
Құлпы – өңі құлпырып тұратын жібек мата. 
Қазине – жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқитын мата. «Қазине қамзол кидім қиылмаған» (С.Мұқанов). 
Тібен – түрлі түсті қалың мата. 
Мақпал — тығыз тоқылған, қалың, түкті барқыттың бір түрі. Мақпалдың қара мақпал – қара барқыт; қой мақпал – түкті пүліш, қырмызы мақпал – қызыл күрең барқыт деген үш түрі бар. Бірақ қазақтар мақпал деп көбінесе біртегіс, түгі тықыр қара барқытты атаған. 

Сәтен — сапалы мақта жiбiнен тығыз етiп тоқылған жылтыр мата. 
Шағи – жұқа келген жұмсақ мата. 
Шұға – жұмсақ майда түкті жүн мата. 
Манат – сырткиімдік барқыт сияқты бағалы шұға. 
Мауыт – оң жағы майда түкті келген қалың мата. 
Қыжым – сапалы жүннен тоқылған түкті мата, плюш. 
Қойқын — жуан жіптен тоқылған қалың мата. 
Ләңке – сырткиімдік матаның бірі түрі. 
Ұштан – ақ түсті тығыз мата. 
Шөжім – ішкиімдік, арзанқолды жұқа мата. 
Саң – шыттан қалыңдау, ақ түсті мата. 
Шыт – жеңіл әрі арзанқол жұқа мата. 
Бояқ – кездеменің боялған түрі. 
Боян – боялған бөздің бір түрі. 
Борлат – қызыл түсті жұқа мата. 
Дабы – жұқа ақ матаның бір түрі. 
Ләмбек – сырткиімдік судыраған жылтыр қара мата. 
Бөз – шаруалардың ішкиім үшін пайдаланатын, қолдан, мақтадан тоқитын матасы. 
Аңдабы – жұқа ақ мата. 

Ақсаң – ақ мата, сұпы. 
Сиса — мақтадан тоқылатын, арзан бағалы, түрлi түстi, жұқа шыт мата. 
Бәтес – мақтадан тоқылатын жұқа ақ мата. 
Борлат – қызыл түсті жұқа мата. 
Бүлде – сапалы, қымбат мата. 
Доқаба – сырты түкті барқыттың жақсы түрі. 
Үлде – қымбат жұқа мата. 

Әртүрлі киімдерге пайдаланылған маталар 

Ертеде күнделікті тұрмыстық киімдерді бөз, кенеп, шыт, сәтен, сеңсең терісі, көн секілді қарапайым маталардан тіккен, ал салтанаттық киім-кешекке барқыт, масаты, мәуіті, шұға, жібек, қырмызы, бәтес, мақпал кездемелері, кәмшат, сусар, бұлғын, құндыз терілері, бұлан немесе бұғы күдерісі, жылқы шегірені пайдаланылған. 

Бешпет, шалбар көбіне көгілдір, қоңыр, шымқай күрең мәуіті, барқыт, бедерлі жібек маталардан тігілген. Мақпалдан қамзол, шалбар, қыз-келіншектердің киімі тігілді, тұскиіз жасалды, баскиім тысталды. Дүрия, шағи сияқты жібек маталармен жекей тымақты тыстау сәнде болған. Сәукелеге салтанаттылық беру үшін оны күрең немесе шымқай қызыл барқытпен тыстаған. 

Ал ішіктердің сыртын шұға, мәуіт, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. 

Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. 

Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігілген. Ал әйелдердің белдігін негізінен, жібек пен барқыттан тіккен.

Дереккөз: Reactor

Дереккөз: http://reactor.inform.kz