Қазақша есеп бергенім үшін жұмыстан босатылдым деген дәрігерге жауап берілді

0

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлік есепті қазақша бергені үшін қаладағы Көпбейінді медициналық орталықтағы жұмысынан босатылғанын мәлімдеген анестезиолог-реаниматолог Ғабит Нұрханұлына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Сіздің шағымыңызда көрсетілген мәселені Көпбейінді медициналық орталықтың директорымен бірлесіп қарастырдық. Қазақстанның Еңбек кодексі мен кәсіпорынның ұжымдық келісімшарттарына сәйкес, қызметкерлерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру тәжірибесі бар. Соған сәйкес, Сізді реанимация бөліміне ауыстыратыны туралы хабардар еткен болатын. Қызметкерді бір лауазымнан екіншісіне ауыстыру, яғни ротацияны жиі қолдану кәсіпорын көрсететін қызметтің сапасын арттырады», — деді басқарма басшысы Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, ротация реаниматолог дәрігерлердің коронавирусқа қарсы күресте, қызмет барысында тәжірибесін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында жасалады.

«Одан бөлек шағымыңызда Татьяна Цечеованың аталмыш медицина орталығына туысқандарын жұмысқа орналастырғаны туралы жаздыңыз. Алайда жұмыскерлердің арасында туыстық байланыс анықталмады», — деп атап өтті басқарма басшысы.

Тимур Мұратов сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңың 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында тілге қатысты кемсітуге жол берілмейтінін атап өтті.

«Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соқтырады. Егер жеке басыңызға нұқсан келтірген немесе құқыңызды бұзғаны туралы нақты дәлелдер болған жағдайда құзырлы органдарға жүгінуге құқылысыз», — деп түйіндеді ол.

Ал Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі дәрігер Ғабит Нұрханұлы есепті өзіне ыңғайлы тілде Цечеоваға емес, бөлім меңгерушісіне бергенін, сондықтан бұл ақпарат шындықты сәйкес келмейтінін атап өтті.

Еске сала кетейік, Ғабит Нұрханұлы бұған дейін Facebook-тегі парақшасында дәрігерлік есепті қазақша бергені үшін орталық директорының инфекциялық аурулар бойынша орынбасары Татьяна Цечоева қыр соңына түсіп алғанын, ақырында «ротация жасаймыз» деп жұмыс графигіне қоспағанын жазған.