Қазақша бесік жырын айтқан орыс келіншек жұртты тәнті етті (видео)

0

Қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы Вера Нестерованың күнделікті тұрмыс-тіршілігін Тик-ток желісінің қолданушылары қызыға қарайды. Ауласында үй құстарын күтіп-баптаумен айналысатын келіншек қазақша еркін сөйлейді. Тіпті көпшілігі оның өз ана тілін білетініне күмәнмен қарайды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Вера Нестерова қазақ тілін алты жасынан білетінін айтады.

«Туып-өскен ортамның бәрі қазақ, өзім қызығып үйреніп алдым. Бала кезімде қазақ құрбыларымның сөздерін қайталап жүретінмін. Ал негізі 9 жыл орысша оқығанмын. Тек соңғы төрт жыл колледжде қазақша білім алдым», — дейді Вера.

Қызылорда қаласында тұратын келіншек тек қазақы ортада жүргенінен ана тілі орысшаны акцентпен сөйлейтінін жасырмады.

«Орысша жақсы білемін, бірақ күнделікті сөйлемеген соң акцент бар», — дейді Вера күліп. 

Вера өзін әлеуметтік желіде «ұлтым — орыс, жаным — қазақ» деп таныстырады. Қазір үшінші сәбиін күтіп жүрген келін қазақтың салт-дәстүрін түгел ұстанатынын айтты.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Такон Вера (@n.nest.a)

«Ата-енеме, қайын ағама, қайын әпкеме иіліп сәлем саламын. Қазақтың барлық салтын білемін. Екі үлкен қызымды бесікке салып өсірдім. Бесік жырын айтамын», — дейді ол. Айтуынша, ата-енесі шаңыраққа Вера келін болып түскенде қарсылық танытпаған. «Маған қарсы болған жоқ. «Бірге тұратын екеуің» деп жолдасыма жарын таңдауда еркіндік берді», — дейді Вера Нестерова.

Қазақ тілін тез үйреніп кету үшін Вераның айтары біреу-ақ.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Такон Вера (@n.nest.a)

«Адам тіл үйренуге ынтасы, құлшынысы болса үйреніп кетеді. Ешқандай қиындығы жоқ. Тілді жақсы көру керек. Қазақстанда туған соң қазақ тілін білу міндетім», — дейді ол.