«ҚазАқпарат» жемқорлық деңгейін төмендетуге қосқан үлесі үшін марапатталды

0

2018 жылғы 22 желтоқсан 12:45 280

«ҚазАқпарат» жемқорлық деңгейін төмендетуге қосқан үлесі үшін марапатталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған салтанатты шара өтті. Оның барысында бірқатар ақтөбеліктер облыс әкімі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының атынан марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, жемқорлық деңгейін төмендетуге қосқан үлесі және ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «ҚазАқпарат» ХАА-ның Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі Самал Ендібаева, арнайы бақылау тобының мүшесі Мұхтарита Сағындықова, ғылыми-тәжірибелік орталық директорының орынбасары Дина Жаманбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұржігіт Жалғасбаев облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар алды. Үздік телесюжет үшін «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Ақсәуле Байменшина, үздік антикоррупциялық тақырыптағы жарияланымдары үшін «Ақтөбе» газетінің тілшісі Арайлым Нұрбаева, үздік интернет-материал үшін «Bnews» агенттігінің меншікті тілшісі Баян Сағымбаева марапатталды.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының алғыс хатын «Атамекен» палатасы сараптау кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазы, облыстық мәслихаттың депутаты Тәттігүл Талаева, «Ақтөбе» ӘКК директорының орынбасары Әнуар Асылов, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ департаментінің директоры Қарлығаш Сатыбалдина, арнайы бақылау тобының мүшесі Мансұр Есқожин иеленді.  

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев  құттықтау сөзінде Ақтөбе облысы жемқорлық деңгейі ең төмен өңірлердің бірі екенін атап өтті.

«Бүгін біз облыс әкімімен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Жарғысына қол қойып, ашылуына қатыстық. Оның басты мақсаты — тұрмыстық жемқорлықты түбегейлі жою. Бұл жобаға мемлекеттік органдармен қатар, қоғамдастық өкілдері де белсене қатысады деп үміттенемін. Жалпы алғанда, екікүндік сапар барысында Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жүйелі және кешенді түрде жүргізіліп жатқанын айта аламын. Бұған осы жылдың 11 айындағы көрсеткіш дәлел бола алады», — деп атап өтті агенттік басшысы.

«ҚазАқпарат» жемқорлық деңгейін төмендетуге қосқан үлесі үшін марапатталды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде жемқорлықты жою бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты көптеген мемлекеттік қызмет көрсетулер цифрлық форматта жүргізілуде.

Авторы Самал Ендібаева

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz