«Қазақмыс» кентінде тағы екі жұмысшы қаза тапты
Балқаш қаласының маңындағы Саяқ кен орнында үш кенші газға уланып, оның екеуі қаза тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ЖАҒДАЙ
Оқиға 5 қазан күні болған, алайда тек қазір ғана белгілі болып отыр, деп жазады “Патриот” телеграм арнасы.
Қаза тапқандар: Дулат Игембаев, 1990 жылы туған, Мадияр Тұрысбаев 2001 жылы туған.
Қазақмыс референдумға байланысты бос еместігін жеткізіп, ешқандай пікір білдірмеген.
РЕСМИ РАСТАУ
Қарағанды облысы еңбек инспекциясы департаменті фактіні растап, оқиғаны топтық бақытсыз жағдайға балап отыр.
«Комиссия құрылып, аталған топтық бақытсыз жағдайға байланысты арнайы тергеу жүріп жатыр” делінген департамент хабарламасында.
“Саяқ” кен орны Қарағанды облысының оңтүстігінде Балқаш қаласының маңында орналасқан. Ол жерде мыс сульфаты өндіріледі.
“ҚАЗАҚМЫСТАҒЫ” ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ
Былтыр жаңа жыл қарсаңында Ұлытау өңірінде орналасқан Жыланды кенішінде жерасты көлігінің жүргізушісі 31 жастағы шахта жұмысшысын қағып кетіп, жұмысшы қаза тапқан. Одан бір ай бұрын ғана Жамбыл облысындағы «Қазақмыс» кенішінде бірнеше жұмысшы қаза тапқан. Соның алдында ғана «Қазақмыс» кәсіпорнында машинист конвейер механизміне қысылып қайтыс болды. Қайғылысы сол, Қазақстанның ірі тау-кен кәсіпорындарындағы өлім-жітім статистикасы өсіп жатыр.
“ҚАЗАҚМЫС”
“Қазақмыс Корпорациясы” ЖШС – елдегі ірі тау кен және металлургиялық компания. 1997 жылы акционерлік қоғам ретінде құрылған 2005 жылы 14 қаңтарда ЖШС ретінде қайта тіркеуден өткен.
Негізін қалаушы – Владимир Ким.