Қазақ жігіті UFC-тегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті (видео)


UFC-тегі алғашқы кездесуінде этникалық қазақ Дамир Исмағұлов жеңіске жетті. Ол қазіргі таңда Ресейдің намысын қорғайды.
Исмағұлов пен австралиялық Алекс Горджестің жекпе-жегі Австралияның Аделаиде қаласында өтп, үш раундқа созылды. Төрешілер шешімі бойынша Исмағұловқа бірауыздан жеңіс берілді: 30-25, 30-26, 30-26. Осылайша, Дамир UFC-те жеңіске жеткен алғашқы қазақ жігіті атанды. 2014 жылы Қытайда туып-өскен қазақ жігіті Жұмабек Тұрсын UFC-те үш кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіліп қалған болатын.
«Мен кез-келген қарсыласқа келістім. Осындай мүмкіндік бергені үшін UFC-ге алғыс айтамын. Менің нағыз салмағым – жеңіл емес, жартылай жеңіл. Кім келсе де төбелесуге дайынмын» депті Исмағұлов жекпе-жектен кейін.
Октагонға Исмағұлов Қазақстанның және Ресейдің туын жамылып шыққан. Дамир де, Горджес те – UFC промоушн дебютанттары.
Дамир Оренбург қаласында өмірге келген. Кей турнирлерде Қазақстанның да атынан өнер көрсетіп жүрді. UFC-ке дейін ресейлік M-1 Global турнирінің жеңімпазы атанған.
Абай Аймағамбет