Қазақ жігіті америкалық хоккей командасының капитаны атанды

0

Азат Тұрсынханов 1998 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 2003-2005 жылдары «Астана» хоккей клубында шабуылдаушы болған. Үш жыл бұрын жас хоккейші Канадаға кетіпті. Бұған дейін Азат Канаданың Торонто қаласында GMHL лигасында ойнады. Бүгінде отандасымыз Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында EHL (Eastern Hockey League) лигасындағы «Lehigh Valley» командасының капитаны. АҚШ-тағы Шығыс лигасының жартылай мемлекеттік статусы болғандықтан легионерлерге қойылған шектеу бар. Сондықтан Канада лигасымен салыстырғанда бұл елдің ойыншысы болу кез келген ойыншыға бұйырмайтын бақыт. Ал жерлесіміз Азат бұл лигаға ойыншы болғанымен қоймай, команда капитаны болып үлгерді. «Астана» ХК-нан кейін жігіттің өмірі түбегейлі өзгерген. Азаттың жасы 20-да болғандықтан кәсіби хоккейде жарқын болашақтың күтіп тұрғаны анық. Сондықтан сіздерді бұл ойыншымен алдын ала таныстыруды жөн көрдік.

— Азат, хоккейге қалай келдің? Неліктен спорттың осы түрі сені қызықтырды?

— Бала күнімде үйде отырып, мультфильмді жиі көретінмін. Ол кезде біз Астананың «Жастар» шағын ауданында тұратынбыз. Теледидар көріп отырғанымда әкем келіп, хоккейге баратынымды айтты. Әрине, оны не үшін айтқанын бірден түсінбедім. Әкем теледидарды Ұлттық хоккей лигасының матчын көрсетіп жатқан арнаға ауыстырды. Өзім бала кезден қаннан қорқатын едім. Осы матчта ойыншы шайбаның астында қалып, шайба визорға қарай ұшып, визор сынады. Өзім алғаш рет көріп отырғандықтан шошып отырмын. Бір кезде екі ойыншы бір-бірінің жағасына жармаса кетті. Қанның шыққанын көріп, мұндай ойынды қайтем деп ойладым. Спорттың бұл түрі ұнамайтынын және барғым келмейтінін әкеме айттым. Дегенмен, келесі күні ата-анасы хоккейге беруді шешкен өзімнің жағдайымдағы досыммен бірге хоккейге бардық. Сырғанауды үйреніп, хоккей маған ұнай бастады. Міне, хоккейге осылай келдім.

— Демек, сенің де спорттағы жолың спортқа ата-анасының қалауымен барған балалар сияқты басталған екен. Қолыңнан келгеніне қуаныштымын. Ал Канадада қалай басталды? Канададағы қазақ хоккейшісі әрі команда капитаны, өте керемет естіледі.

— 16 жасқа толғанымда әкемнің досы Канадаға барып, мұхиттың арғы бетіндегі хоккей ойынын тамашалауды ұсынды. Анам Торонтодан жаттығуы мен тұратын жері қамтылған лагерь тапты. Ол жақта Ресей, Балтық теңізі елдерінен келген шетелдіктерді күтіп алып, бәрін ұйымдастырды. Кейін маған Торонтодағы спорт академиясында 11-сыныпты аяқтауды ұсынды. Ол жақта АҚШ пен Канаданың жасөспірім лигасында ойнайтын U16, U17, U18 командалары болды. Міне, Канадаға осылай келдім. Алғашқы кездерде өте қиын болды. Егер Канадада ойын өрнегі таза өз стилінде болса, АҚШ-та күшпен ойнау керек. Ал бізге мұны бала кезден үйретпеген. Сондықтан бет-аузым көгеріп, жарақаттан көз ашпадым. Барлық жерім ауыратын. Кейін үш маусым бойы 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер ойнайтын GMHL лигасында ойнадым. Бұл лигада бәрі өте маңызды: ойыншылардың ауысуы, статистика, плей-офф, финал және Кубок. Канададағы үш жылым осылай өтті. «Ниагере»-мен финалда жеңіліп қалсақ та, бұл маған үлкен тәжірибе сыйлаған ойын болды. Айтпақшы, бұл «Барыста» ойнайтын Кевина Дэллманның туған жерінен шыққан клуб.

– АҚШ-қа қалай барып жүрсің?

– Бапкерім Филадельфияға кетіп қалды. Кейін мені EHL-да ойнауға шақырды. EHL – жастар арасындағы жартылай мемлекеттік лига. Ондағы командаларда үш легионермен ғана ойнауға рұқсат етілген. Қалғандарының бәрі америкалық болуы тиіс. Яғни, онда жергілікті жастарға басымдық береді. Бірақ бапкерім маған хабарласып, әлі көп нәрсеге баулитынын айтты.

– Канададағы алғашқы бапкерің сені көргенде бірінші не айтты?

– Дене бітімімнің ірілігі бойынша ешқашан көзге түскен емеспін. Киім ауыстыратын бөлмеге кірдім. Бапкер менен «шынымен 17 жастасың ба?!» деп сұрады. Ол кезде ағылшынша дым қақпайтынмын. Бар айтқаным «Сәлеметсіз бе» болды (күлді). Бірнеше ойыннан кейін бапкер болашағым бар екенін айтты. Әлі есімде. 2017 жылы Торонтода бір матчта айдынға шықтым. Ойын жүрмей жатыр. Қанша талпынсам да түк шықпады. Бапкер сол кезде «Иззи, мені ол жақта осылай атайды. Ойынға жүгіре берме, ол саған өзі келуі керек», деді. Сол кезде ғана еркін көсіліп, ойыннан ләззат алдым. Ақырында хет-трик жасадым. Кейіннен тағы үш шайба соқтым. Бапкер сенімді ақтағаным үшін қатты қуанды.

— Канада мен Қазақстан жастар хоккейінде қандай айырмашылықтар бар?

— Айырмашылықтары өте көп. Мұнда университет лигасы мен кәсіби лигаларда ойнау мүмкіндігі бар. Ойын стилі басқа. Жаттықтырушылар қате жіберсең, жазаламайды. Хоккей – шайба үшін шайқасатын мықты ойын.  Жаттықтырушылар үшін сенің нәтижелі ойының маңызды. Олар әрбір ойыншының жеке потенциалын анықтап, өз-өзіне сенуге, жаңа нәрсе үйретуге көмектесіп отырады. Қазақстандағы хоккей еуропалық стильге ұқсайтын сияқты, ойын алаңы мұнда кеңірек.

— Саған Америкадағы не нәрсе ұнамайды?

— Адамдардың көлік жүргізуі ұнамайды.

— Қазақстанда да бұл мәселе мәз емес секілді…

— Иә. Мен Қазақстандағы көлік жүргізушілерді сынаушы едім. Алайда қазақстандықтар көлікті қанша нашар жүргізсе де, жол көлік ережелерін біледі. Ал мұндағы халық қарапайым жол ережелерін де білмейді.

— Сені команда капитаны етіп сайлады.  Мұз айдынындағы лидерлік қасиетіңді киім ауыстыру бөлмесінде де қабылдай ма?

— Филадельфияға жай ғана хоккей ойнаймын деген оймен келгем. Алайда жаттықтырушымен және осындағы жігіттермен мұндай жақсы қарым-қатынаста боламын деп күтпегем. Жаттықтырушымызбен және топтағы жігіттермен арадағы сенім мықты. Мен негізі табиғатым бойынша лидер емес едім. Алайда тағдыр маған биыл осындай бақ бұйыртты. Жігіттер мені мұз алаңында қалай сыйласа, киіну бөлмесінде де солай құрметтейді. Кейде капитан екенімді ескеріп, жігіттерге бұйырып қалжыңдайтыным бар. (күледі)

Шындығында мен өзімнен кейінгі жас хоккейшілерге үлгі болғым келеді.

Мұндағылардың көбісі Қазақстанның қандай ел екенін білмейді. Мен оларға өз елім жайында көп нәрселерді айтып мақтанам. Бір қызығы, олар Геннадий Головкинді жақсы біледі. Бір күні автобуста келе жатып, екі жігіттің Головкин жеңіліп қалды деп әңгімелесіп отырғанын құлағым шалып қалды. Сол сәтте қатты қуанғаным бар. Олар Головкиннің жанкүйерлері екен. Ол қазір Қазақстан атын әлемге танытып жүрген мықты боксшы. Өзін әлемдік деңгейде мойындатқан спортшы деп ойлаймын.

– Клубтың қазіргі мақсаты қандай?

– Плей-оффқа өту. Онда Лигадағы үздік командалар өнер көрсетеді. Кейін көре жатармыз. Біздің құрамамыз өте жас. Сондықтан биік белесті бағындыру үшін көп еңбек ету қажет. Қазір біздің құрамамыз толықтай жаңарған. Негізгі ойыншылар әлі анықталмады. Өзара түсіністігімізді жетілдіру қажет.

– Болашақта өзіңді қалай елестетесің?

– Әзірге кәсібилікке асығып жүргенім жоқ. Бірақ шақырып жатса, баратын едім. Қазіргі таңда басты мақсатым – оқу және университетаралық лига.

– Қорқақ хоккей ойнамайды. Ал сен неден қорқасың?

– Өмірлік тұрғыда ештеңеден қорықпаймын. Мәселен, басыма кірпіш түсіп кетеді немесе көлік қағады, жыртқыш аң мен жәндіктен қорыққан емеспін. Егер менде қандай да бір қорқу сезімі оянса, онда тек хоккейге қатысты болатын шығар. Мәселен, жарақат алып, қайта алаңға шыға алмауды уайымдаймын. Хоккейді өте қатты жақсы көремін, сондықтан оны өкінішпен аяқтағым келмейді.

– «Барыстың» ойынын бақылайсың ба? Матчтарына бардың ба?

– Бұрын көріп тұратынмын. Қазір өз ойыным көп болғандықтан, қарап отыру қиын. Оның үстіне, достарым өнер көрсететін америкалық клубтардың матчтарын көріп тұрамын.жалпы, «Барыстың» ойынына бала кезден көп бардым ғой. Әсіресе, Құрлықтық хоккей лигасында емес, ішкі біріншілікте өнер көрсетіп жүргенде көп көретін едім. «Қазақстан» спорт кешені мен үшін алып ғимарат секілді көрінетін. Одан бөлек, достарымның көбі «Снежный Барыста» тер төгетіндіктен, солардың матчтарын қараймын.

– Өзің ойнайтын лигадағы көрерменнің жиналуы туралы айта кетсең?

– Америкада көрерменнен мәселе туындамайды. Жасөспірімдер ғана емес, балалардың ойынына да стадионға адам толып қалады. Мұнда хоккейді жақсы көреді.Әсіресе, Канада мен АҚШ-та айдынға ағылғандар санында есеп жоқ. Канадада жұма күнгі матчтарда стадион аузы-мұрнына шығып толады. Көрермендер бір сәтке ғана емес, әрдайым көп келеді.

– Ал Қазақстанда ше?

– Бізде көрермен жинау қиын. Астанада хоккейді жақсы көрсе де, стадион лық тола бермейді. Бірақ уақыт өте келе бұл өзгереді деп ойлаймын. Кәсіби хоккей дамып, оған қызығушылық артып келеді. Ендеше, көрермен де көп жиналатыны анық. Бұл үшін әлі көп жұмыс атқару керек.

– Ұлттық хоккей лигасының ойындарына барасың ба?

– Иә. Алғаш рет Торонтодағы матчқа бардым. Достарымызбен такси шақырып, стадионға жеттік. Былтыр «Детройт Ред Уингздың» ойындарына жиі баратын едім. Өйткені Канадада тұратын жерім Мичиган штатымен қиылысып жатқандықтан, Детройтқа жету ары кетсе жарты сағат уақыт алатын. Оның үстіне, «Детройттың» билеттері арзан. Ал «Торонто» ҰХЛ-дағы ең қымбат билет сататын клуб саналады. Мәселен, бір ойынға кіру үшін 100 доллар төлеу керек.

– ҰХЛ-дағы сүйікті клубың қайсы?

– «Даллас Старз». Олардың ойынын көрген ұнайды. Таяуда ресейлік шабуылшы Валерий Ничушкин сонда қайта оралды. Радулов, Худобин, капитан Джейми Бенн, Тайлер Сегин секілді сайыпқырандар келісімшарт мерзімін 8 жылға ұзартты. Оның үстіне, олардың қорғанысы мығым. Биыл «Даллас» финалда ойнайтынына бәс тігемін.

– Ойыншылар ішінде қайсысы өз өнерімен таңғалдырады?

– Дәл қазір Мэтт Барзалды («Нью-Йорк Айлендерс» шабуылшысы) таңдаймын. Ол – таңғажайып ойыншы. Конькимен ұшып жүргендей әсер етеді. Оның жасы небәрі 21-де ғана. Бұдан бөлек, алаңдағы ойлануы ерекше, жылдамдығына көз ілеспейді, өте шебер. Онымен жарысу өте қиын. Сондықтан қарсылас үшін қауіпті хоккейші. Оны бекерден-бекер ҰХЛ-дың үздік жас ойыншысы атамайды.

– Өкінетін нәрсең бар ма?

– Әлбетте. Меніңше, елдің бәрі бір сәтке өткен шаққа оралып, өзгерткісі келетін сәт болады. Ондай менде де бар. Бұл туралы бірақ айтпаймын, өйткені жеке сырым бұл. Егер менде өткенде өзгертетін мүмкіндік болғанда, оны дұрыстайтын едім. Бірақ қазіргі таңда оны ойлаудың қажеті жоқ. Өмір жалғасады, ағысқа еру керек.

– Қызың бар ма?

– Жоқ.

– Әлеуметтік желілер ше?

– Тіркелгенмін, бірақ жиі отырмаймын. Оған уақыт жоқ. Адамдар маған пікір жазып, мен үшін қуанады. Олардың ізгі тілектері үшін алғыс айтып, бәріне жауап жаза алмағаным үшін кешірім сұраймын. Күнделікті жасайтын жаттығудан қол босамайды. Екі рет мұзда жаттығамыз, кейіннен жеке шеберлікті шыңдаймыз. Демалыс күндері ойын болады. Маусым бойына 50-ден астам матчқа қатысады екенбіз. Алайда іштей мен қазақстандықтармен біргемін. Ата-анама қолдағаны үшін алғыс айтамын.

– Егер хоккей болмағанда немен айналысатын едің?

– Баскетбол. Өкінішке қарай, Қазақстанда баскетбол да қатты дамымаған.

Сұхбаттасқан Марлен Бейсебаев