«Қазақ жерінде қазақ болып туылғаныма Құдайға шүкір»: Әділхан Макин Қайрат Нұртасты неге жақсы көретіні, той әндерін орындамайтыны туралы – Қазақстан жаңалықтары

0
129

«Славян базары – 2019» байқауында жеңіске жетіп, әдемі дауысымен отандастарымызды, алыс-жақын шетел азаматтарын тамсандырған Әділхан Макин болашағынан зор үміт күттіретін өнер иелерінің бірі десек, қателеспейміз. Оның жетістігіне жан-жүрегімен қуанған, шығармашылығының қандай бағытта өрбитінін білгісі келетін қазақстандықтарға Әділхан Макиннің айтары, бөлісер жаңалығы бар. Әнші Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне байқаудан кейін қандай жобамен жұмыс істеп жатқанын, қазақстандық әнші болудың  артықшылықтарын, еліміздегі әншілерден кімді үлгі тұтатынын айтып беріп, отандық музыкаға қажетті өзгерістер жайында ойымен бөлісті.

 Сурет: «Витебсктегі Славян базары» Халықаралық өнер фестивалінің ресми сайтынан 

Әділхан, Славян базары байқауынан кейін қазір қандай жобамен жұмыс істеп жатырсыз? Байқаудан жеңімпаз болып оралған соң, БАҚ-қа берген сұхбаттарыңызда ән жазамын, клип түсіргім келеді деп едіңіз, жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз. 

Грузияда өткен халықаралық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Құдай қаласа, бейнебаян түсіру мақсатында Украинаға аттанбақпын. «Славян базарынан» кейін көптеген шығармашылық жұмыстар басталды. Қазақстанды аралап, концерт беру, екі бейнебаян шығару, жазған әндерімді альбом ретінде дайындап, тыңдарманның назарына ұсыну жоспарымда бар. Сосын ақырындап, Алланың қалауымен шетелде де өнер көрсетсем деймін. Қазір түрлі байқауларға қатысуға шақырып жатыр. Бірақ «Славян базарынан» кейін оларды жіті іріктеп, деңгейіне назар аударамын. Олардың деңгейі «Славян базарыныкімен» бірдей және кем түспеуі керек.

Шетелде өзін көрсеткен соң ғана Қазақстанда мойындайды  деген қазір тізесі шыққан әңгіме. Әйтсе де сізді байқаудан кейін ғана танығаны үшін халыққа өкпе-реніш болды ма?

Ешкімге ешқашан өкпе-ренішім болған емес. Өнерімді бағаламады деп қазақстандықтарға өкпелейтіндей олар мен түгілі жақындарының, туыстарының алдында міндетті емес. Байқауға дейін бағаламады, тыңдамады деп ренжу мен үшін өте орынсыз. Егер уәде беріп, айтқан сөзінде тұрмаса, менде сол адамға деген реніш пайда болар. Әйтсе де, басымнан мұндай жағдай өтсе де, назар аудармаймын. Себебі, бізде уәде беріп, сөзде тұрмау дағдыға айналып бара жатқанын түсінемін. Көпке топырақ шашқаным емес, бірақ бұрынғы кезде қазақтар сөз берсе, екі сөйлемеуші еді. Қазір айтылған сөздің құны жоқ және бұған қарсы шығу менің еншілігімде емес. Мен біздің отандастарымыз секілді қарапайым ғана қазақстандықпын. Бәлкім, біреуден бір қасиетіммен артық не кем шығармын. Бастысы, өзіме көпшіліктің назарын аудартуға тырысқан жоқпын. Қазақ жерінде қазақ болып туылғаныма Құдайға шүкіршілік етемін. Ел мен жер үшін қызмет етеміз.

Сіздің өнердегі жолыңызға қарап, оңай берілмей, көздегеніңізге жететініңізді байқап қалдық, бұл қасиет бойыңызға бала күннен дарыған ба?

Бұл сұраққа жүз пайыз нақты жауап бере алмаймын. Атам Ұлы Отан соғысына қатысқан, өз қаласында абыройы бар әскери қызметкер. Анам – заңгер. Тұқымымызда ән салған немесе би билеген, өнердің өзге де түрімен айналысқан адамдар болмады. Барлығы жұмыс істеп, бала-шағасын асырап, өсіріп жетілдіру үшін еңбектенген жандар.

Өзімнің туып өскен жерімнен 15-16 жасымда арман қуып, түлеп ұштым. 2012 жылы «Жас Қанат» байқауына қатысып, сол жерде Димаш Құдайберген, Нұрболат Абдуллин, Гүлсім Мырзабекова деген мықты әртістердің өнеріне тәнті болдым. Олардай болуға ұмтылып, қатты қызықтым. Бір орында тұрып қалмау, үнемі дамып отыру деген құлшыныс пайда болып, кішкентай қаладан үлкен астанаға көшемін деп шештім. Шығармашылық жолым бәсекелестіктен басталды. Сол кезде мен білім алған петропавлдық колледждің директоры үлкен қалаға барып, көптің бірі болғанша, кішкентай халқы бар өлкенің үздігі болып жүруіме кеңес беріп, ақылын айтқан еді. Ол кісіге кішкентай қалада бірінші болғанның жақсы екенін, алайда үлкен қалада көптің бірі атанбайтынымды, ең үздігі болғым келетінін түсіндірдім.

Сурет: sb.by

Бәсекелестікті, байқауларға деген махаббатымның үлкен болғаны үшін ата-анама алғыс айтамын. Әкем кішкентай күнімнен спорттың көптеген түрлеріне: күрес, бокс каратэ, тай боксына қатыстырып, бәсекелестікке деген махаббатымды оятты. Байқауларға барсам кезінде спортпен айналысқанда қалыптасқан қасиетім оянады. Сайысқа жан-жақты дайындала бастаймын, қарсыластарыммен танысып, оларды зерттеймін, репертуарымды нақтылаймын, ұйымдастырушыларға назар аударып, мүмкін болса, төрешілердің кім екенін анықтауға тырысамын. Сахна сыртындағы ауыр энергияға,  жаман ойларға төтеп беру оңай емес. Бірақ сахнаға шыққан кезде мұның барлығын ұмытып, ерекше күйге бөленесің, эйфория! Ал, жеңіске жеткенде қуанышыңыз бен шаттығыңыз екі еселенеді. Мұның барлығы Алланың қалауы екенін ұмытпау керек.

Осы ретте көзмоншақ немесе тіл-көзден сақтану үшін бұйымдар тағасыз ба деген сұрақ еріксіз туындайды. 

Үлкен сахналарда бәсекелестәіктің деңгейі жоғары. Әр ұлттан келген адамдардың менталитеттері де бөлек. Кейде сізге қарап тұрып, дуалап жіберетіндер де бар. Сондықтан мұндай жағдайда көз моншақ деген мәселе жайында қалады. Аллаға шүкір, біздің жақсы сеніміміз бар. Жаратқаннан бір дүниені сұраған кезде бізге көмектесіп, дұғамызға жауап береді. Тек соны байқай білу керек.

Қазақстанда шығармашылық тұлға болудың артықшылықтары?

Өзімнің жинаған тәжірибеме қарап жауап бергенім жөн. Әнші болған соң, концерттерге қатысу, шараларда өнер көрсету дайындықтардан қалмау —  өмірімнің ажырамас, маңызды бөлігі. Үнемі гастрольдік сапарда жүрген соң, үйде де жиі бола бермейсіз. Мұның барлығы шаршатуға қарағанда жанға рахат сыйлайды. Мен әскери қызметке кетпегеніме, спортшы болмағаныма, өз жолымды адаспай тапқаныма өте қатты қуанамын. Қазір үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрген қаншама әнші, әртіс, әріптестерім маған: «Вокал деген сенікі емес, өлең айтпай-ақ қой. Сенен жақсы актер шығады. Тартымдысың, бойың, тіл байлығың бар. Ән салуға міндетті емессің», – деп айтқан еді . Иә, мен олардың сөзіне құлақ астым. Актерлық өнерге тапсырып, оқудың екі жылы өткен соң, бұл саланың менікі емес екенін түсіндім. Музыка әлемінде салған жолымнан таймай, артқа шегінбеймін, тек алға жылжимын деп шештім. Мен ән салғанды жақсы көремін, сахнаны актер емес, әнші ретінде сүйемін.

Отандық үлгі тұтатын әншілеріңіз кім? 

Димаш Құдайберген және Қайрат Нұртас.

Неліктен?

Қайрат Нұртас тек қана маған емес, барлық қазақстандықтар үлгі тұтуға тұрарлық жан. Ол жайында күнделікті мыңдаған жаман пікірлер жазылып жатса да, сынаса да, әншінің өзі сөз соңынан еріп, сынған емес. Соған ризамын. Қайрат Нұртас өнерге енді-енді қадам басқанда ол өлең айта алмайды деп жатты. Жасыратыны жоқ, ән салу қолынан келмейді дегендердің қатарында мен де болдым. Бірақ жүзбе-жүз кездесіп, онымен бірге үш ай көлемінде гастрөлдетіп, Қазақстанды аралап шыққанда, қандай еңбекқор екеніне көзім жетті. Егер концерттерінде он бес ән шырқайтын болса, кем дегенде он-он бірін жанды дауыста айтады. Сосын «мен» деген мықтылары жылына бір рет концерт өткізіп, мәз-мейрам болса, Қайрат Нұртас әртүрлі қалаларда күніге концерт бере алады, айына 20-30 концерт өткізеді. Артық айтқаным емес. Басқа елдерді де аралап, өнер көрсетуге үлгереді.

Әншімен бірге гастрөлде жүргенде оның өз ісіне деген махаббатына қарап қатты таңғалдым. Саундчектің өзінде ән сала бастайды. Қайрат Нұртас екеуміздің әндеріміз, бағытымыз екі түрлі, табиғатымыз бөлек десем де болады. Алайда мен оның әндерін нақышына келтіріп орындауым үшін біраз тер төгуім керек. Дұрыстап дайындалып айтпасам, бірден орындай салу оңай емес. Ал ол болса микрофонды алады да, кідірместен ән салып кетеді. Қайрат Нұртас —  өте күшті вокалист, мықты әртіс. Әнші концерт қойған жер үнемі адамдарға лық толы, бір бос орынның болғанын көрмеппін. Оның халыққа, халықтың оған деген махаббатына тек сүйсінуге болады. Өз басым осы көрініске, әншінің болмысына қарап екі езуімді жия алмадым. Гастрөлден қайтып келгенде ол үйіне емес, бірден студиясына жұмыс істеуге барды. Күндіз-түні жұмыс істейтін, өз ісін жан-жүрегімен жақсы көретін жан. Мен оның шығармашылығын, еңбегін қатты жақсы көремін және құрметтеймін.

Ал Димаш әлемді бағындырып келе жатқан дарын иесі. Ол өзінің өнерін әлемдік деңгейде көпшілікке паш ете білді. Кезінде  Қазақстанда Димашты да мойындай қоймап еді, ал қазір өз елінен бөлек, әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама тыңдармандары қолдау көрсетіп жатыр. Осыдан мен өз жолымызды өзіміз салатынымызды, Жаратқан бізге көмектесетінін ұғынамын.

Өнеріңіздің бағаланып жатқанын қай сәттерде түсінесіз?

Шын жүректен келіп: «Өнерің үшін үлкен рахмет» деп алғыс айтқанда қуанып қаламын. Адамның шынымен алғыс білдіруін және жасандылықпен жарайсың деп айта салуына ажырату оңай. Көз алдамайды ғой. Адамның көзіне қарап, саған қызығатынын немесе қызғанатынын анықтауға болады. Осыны ажырата білетінім үшін Жаратқанға шүкіршілік етемін.

Тойда өнер көрсетпеймін депсіз…

Жоқ, олай емес. Тойға арналған әндерді айтқанға қарсымын дедім. Тойда өнер көрсеткім келмейді. Егер сол қуанышты жиында күрделі ән айтсам әйтеуір бір қазақ келіп, билейтін ән айтуды сұрайтынын сеземін. Сондай әңгімені естімесем деймін. Бірақ, шыны керек, «Славян базарынан» соң, тойда ән айтуға жиырма шақты ұсыныс түсті. Студенттік кезде өнеріме қолдау көрсетіп, қуанышыма шын жүректен ортақтасқан адамдардың қуанышына қатыстым.

Әрине, жеңіл әндерді айтып кеткенім жоқ. Салған төрт әнім де диапазоны, техникасы жағынан қабылдауға күрделі еді. Бірақ барлығы беріліп тыңдады, риза екенін көрсетті. Егер әрбір әнші тойда осындай мән-мағынаға толы әндерді орындағанда, билеу үшін ғана арасында жеңіл әндер қосылса, өнер бағаланатын еді. Фонограммамен ән айтуға датыйым салуды соңғы бес-алты жылдар көлемінде министрлікте талқыланып жатыр, бірақ қай жылы заң жүзеге енетіні белгісіз.

Бірақ фонограмма міндетті түрде қажетті сәттер болады. Сонда да тыйым салу керек пе?

Менде мұндай сәттерді басымнан өткердім. Менің фонограммамен айтатын бірде-бір әнім жоқ, болған емес. Барған жерімде әнді жанды дауыста саламын. Бағдарламалардың түсіріліміне шақырғанда осыған байланысты кей кездері түсініспеушіліктер орнайды. Фонограммамен айта салуымды сұрап жатады. Жоқ болса, қалай айтайын деумен әнімді жанды дауыста орындап шығамын. Менің ойымша, эфирге шақырғанда ән айтатын жерге жақсы колонка, альтернативті пульт қойып берсе, барлық әртістердің көңілі толушы еді. Әншілердің өзі-ақ жаңа өлеңімді көпшілікке ұсынғым келеді деп түсірілімге қатысуға ұмтылады. Бірақ, амал нешік, арадағы байланыс нашар. Өкініштісі, шығармашылық пен өнерге бизнес ретінде көзқарас қалыптасқан.

Мен өзімнің шығаратын бейнебаяндарымнан, жазатын әндерімнен табыс таппаспын, ол туындыларыммен тойға да шықпаймын. Бірақ шығармашылығым келер ұрпаққа пайдасын тигізіп, мүмкін олардың қазіргі отандық музыка жайлы түсінігі өзгерер. Мүмкін өнерді бағалай бастайтын шығармыз.

Продюсер Сиви Махмудидің сізге айтқан назы бар.  Арадағы түсініспеушілікке нүкте қойсаңыз. 

Маған қатысты қазақша сөйлемейді, орыс тілді деген сынды сындар тағылатынын түсінемін. Сынаушыларға да ренжімеймін. Олардың пікірі өзінде, менікі өзімде. Сиви ханыммен бөлек басқа продюсерлермен жұмыс істедім. Бірақ ол кісі жайдары, жүзі жылы, жақсы адамдардың бірі. Мен ол кісіні өте қатты құрметтеймін. Сәлемім түзу, басымды иемін. Сиви ханымның өзі, әке-шешесі, ағасы, інісі маған өте көп жақсылық жасады. Ол кісі менің Алматыда қалуыма түрткі болған жан. Оны осы себептен жақсы көремін және құрметтеймін. Тек қана жақсылық тілеймін.



stan.kz