Қазақ тұрмысында арқан есудің маңызы қандай болған?

0

Арқан есу қазақ халқының тұрмысында ерте заманнан бері қолданылып келеді. Әсіресе, төрт-түлік мал ұстаған қазақтың күнделікті тұрмыстық өмірінде арқансыз тіршілік ету мүмкін болмаған. Оның жаушергілікте де алатын орны ерекше. Қашқан жауын немесе барымташыны арқан лақтырып ұстап, байлап алып келген. Аттандап шауып келе жатқан жау аттарын арқан керіп сүріндірген. Қатты жылдамдықпен шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы легі оқыстан керілген арқаннан сұлап түседі де, артындағылары бірінің үстіне бірі құлап, қаруына қадалады.

Арқан бірнеше түрге бөлінеді. Соған сай атауы да әртүрлі. Қазақ халқы арқанның негізгі үш түрін қолданған: кендір арқан, қайыс арқан, қыл арқан. Арқанның қай түрі болса да құлашпен өлшенген. Олардың жасалу жолы мен шикізаты да әртүрлі.

Кендір арқан. Ол көбіне есу арқылы жасалады. Түйенің қомымен киізүйді, түрлі жүкті тасымалдауда қолданылады. Кендір – Қазақстанның Сырдария, Іле, Шу өзендері алабында өсетін өсімдік. Оның төрт түрі болады. Соның ішінде жиі кездесетіні – қызыл кендір. Кендірден жасалған арқан жұмсақ болғанымен тез шіріп кетеді.

Қайыс арқан. Арқанның бұл түрі мықтылығымен ерекшеленеді. Қайыс арқанды ірі қара малдың терісінен таспа тіліп есіп не өріп жасайды. Мұндай арқан көбіне жаугершілік пен барымтаға қолданылған. Мысалы, қайыс арқан ұстаған шалмагерлер кез келген жануарды ту сыртынан шалмап, матап алады. Қайыс арқан мұндай кезде үзіліп кетпейді.

Қыл арқан. Арқанның бұл түрін кейде “сауға” деп те атайды. Оны қойдың жүнін, ешкінің, жылқының қылын, түйенің шудасын біріктіріп, есіп жасайды. Оның жасалу түріне қарай салма арқан, белдеу арқан, тарту арқан, шалма арқан, ат арқан, қом арқан, тең жіп, желі, шылбыр, бұйда, моншақ сияқты және тағы басқа түрлері болады. Қыл арқан жасау үшін алдымен жеке өрім жіптерді ширатып алу керек. Ширатылған 3-4 тілше жіп бір-бірімен өріліп біріктіріледі не есіледі.

Салма арқанның ұзындығы 12 құлаштан кем болмайды. Бұл киізүйдің үлкен-кішілігіне қарай дайындалады. Киізүйдің жел жағынан мықтап қазық қағып, үйді сыртынан бастырып қазыққа тартады. Бұл әдіс үйді бекемдеп, бораннан сақтау үшін жасалған.

Белдеу арқан киізүйдің сыртынан орап байлау үшін жасалған. Арқанның бұл түрі үйді бекемдеп тұратын роль атқарады.

Тарту арқан арнайы жүк арту үшін қолданылады. Арқанның бұл түрі қоспа және сыңар деп бөлінеді. Қайыс немесе басқа да шикізаттан жасалады.

Басқұр арқаны да қайыстан дайындалады. Үй тіккен кезде керегені жайғаннан соң оның басын айналдыра байлайтын арқанды “басқұр” дейді. Басқұрды кейде арнайы тоқу тәсілімен өрнектеп, сәнді әрі жалпақ етіп жасаған.

Үй тігуге арналған арқандар: салма, белдеу, басқұр.

Көші-қонға қажетті арқандар: тарту, қом, теңжіп.

Мал шаруашылығына қажетті арқандар: шалма, ат арқан, желі, шылбыр, бұйда.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz