Қазақ тілінде мағынасы ұмыт болған қандай сөздер бар

0

Ғалымдар тілдегі сөздердің көнеріп, қолданыстан шығып қалуының себебін уақытпен байланыстырады. Алайда уақыт өте келе жанданатын сөздер де жоқ емес

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Тіл мамандары көнерген сөздердің қалай пайда болатынын, сөздің көнеруі немен байланысты екенін, әрі қазақ тіліндегі мағынасы ұмыт болған сөздер туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Көнерген сөздер қалай пайда болады

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Қарлығаш Сәрекенова тілдегі сөздердің көнеріп, қолданыстан шығып қалуының себебін уақытпен байланыстырады.

«Бұрын қолданылған заттар ескіріп, оның атауы көнереді. Мысалы, жебе, садақ, түсбақан, адалбақан. «Ер төстік» ертегісінде «Кенжекей сырғасын түсбақаннан алып берді» дейді. Түсбақан қабырғадағы ілгектер болуы мүмкін. Сондай-ақ қазір адалбақан сөзін көп қолданбаймыз. Ол – киім және тағы басқа үй мүліктерін ілуге арналған жабдық. Осыдан 20 жыл бұрын компьютердің дискетін пайдаланатынбыз. Қазір дискет те көнерген сөздің қатарында. Себебі, оны қолданбаймыз», — дейді ғалым.

«Төраға» сөзі

Осы орайда ол тілді тірі организмге теңеді. Оның пікірінше, уақыт талабына сай көнерген сөздер қайтадан қолданысқа енуі мүмкін.

«Уақыт өте көнерген сөз қайтадан жаңғыруы ықтимал. 10 томдық түсіндірмелі сөздікті алып, «төраға» сөзінің мағынасын қараңыз. Онда «төраға» көнерген сөз деп берілген. Себебі, кеңес уақытында бұл сөзді қолданған жоқпыз. Оны тек «председатель» деп қолдандық. Ал қазір төраға жиі қолданылатын сөздердің қатарына өтті», — дейді Қарлығаш Сәрекенова.

Көнерген сөздер қайда жиі кездеседі?

Профессор, филология ғылымдарының докторы Жамал Манкеева көнерген сөздер батырлар жырында, дастандарда, жыраулардың поэзиясында, ертегілерде, мақал-мәтелдерде, тұрақты сөз тіркестерінің (фразеология) құрамында сақталғанын айтады.

Тағы оқыңыз: «Ғалымдардың өзі бас қатырып жүр»: Назарбаева қазақ тіліне қатысты ойын айтты

«Біз бұл дерек көздері арқылы қазақ тілінің айшықты сөз қолданысымен, халқымыздың өткен тарихы және мәдениетімен танысамыз. Мысалы, «талқыға салу» сөз тіркесін алайық. Бұл бір мәселені талқылау дегенді білдіреді. Ал шын мәнінде «талқы» сөзі ауыспалы мағына береді. Талқы – теріні өңдейтін арнайы құрал. Бұл – сөздің тура мағынасы», — дейді ол.

Қазақ тілінде жоқ сөздер

Ғалым қазақ тілінде кездесе бермейтін, сөз тіркестерімен қосылып, бір мағына беретін сөздерді атады.

«Қатын-қалаш». Алдымен «қалаш» сөзіне тоқталайық. Бұл сөз қазақ тілінде жоқ. Сондықтан оның мағынасын түркі тілдес халықтардың сөздерінен іздейміз. Башқұрт, татар тілдерінде «қалаш» – жас келіншек дегенді білдіреді. Ал бұрынғы кезде «қатын» деп патшаның, ханның әйелін атаған. Ал бұл сөзді қазір біреуге айтсақ, ол ренжіп, шалқасына түседі. Себебі, «қатын» сөзінің мағынасы көнерген», — дейді Жамал Манкеева.

Сонымен қатар профессор «кежегесін кейін тартты» деген тұрақты сөз тіркесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жұмыс істеуге ынтасы жоқ, сылтау айтқыш адамдарға қатысты қолданылады.

«Қазақ тілінде қазір «кежеге» деген сөз жоқ. Ал көне түркі, алтай, қырғыз тілінде кежеге «желке» деген мағынаны білдіреді. Кежегесін кейін тартты – желкесін кейін тартты деген сөз. Көнерген сөздердің көбі тұрақты сөз тіркестерінің құрамында», — дейді ғалым.

Мағынасы ашылмаған сөздер де бар

Профессор, филология ғылымының докторы Нұргелді Уәли көнерген сөздердің көп екенін айтады. Тіпті, мағынасы ашылмай, сөздікке енбеген сөздер де бар.

«Біріншіден, мағынасы белгісіз, әлі сөздікке кірмеген сөздер бар. Екіншіден, сөздікке кірген, мағыналары көрсетілген сөздер бар. Алайда оларды халық біле бермейді», — дейді ол.

Алдымен ғалым балықшылар мен егіншілер қолданған, көнерген сөздерге тоқталды.

«Шәуке». Ол – шағаланың еркегі. Бұл сөз сөздікте жоқ. Оны жұрт біле бермейді. «Боршын» сөзі. Түрлі деректерде мағынасы әртүрлі келеді. Мысалы, қамыстан немесе құрақтан жасаған, суға киетін аяқ-киім. Енді бір деректе көн теріден жасалған, суға киетін аяқ-киім дейді. Бұл теңіз жағасындағы балықшылардың кәсіби сөзі болуы керек. Сондай-ақ «Аңқылдап алтын күрек жел еседі» дейді. Алтынкүрек – бұлт басып тұрған аспанды шайдай ашып жіберетін, солтүстік-шығыстан соғатын жел. Бұл – егіншілердің кәсіби сөзі», — дейді Нұргелді Уәли.

Ол егіншілер мен балықшылардың бұрын қолданған сөздері толығымен жиналып, сөздікке енбегенін жеткізді. Профессор бірқатар егіншілікке байланысты көнерген сөздерді атады.

«Мырза жел – баяу соғатын жел. Бірақ сөздің мағынасын тереңірек ашу керек. Ағаш күрекпен бидайды мырза желге қарсы қояды. Сонда бидай тазаланады. Мырза терек – көлеңкесі жан-жағына түспейтін бақа терек сияқты емес, түп-түзу болып өсетін ағаш», — дейді ғалым.

Сонымен қатар Нұргелді Уәли сөздікке кірмеген, мағынасы толығық ашылмаған сөздерге тоқталды.

«Енді мағынасы толық ашылмаған, сөздікке кірмеген сөздің бірі – күрдемше. Бұл – некесіз туған бала. Тағы бір көнерген сөз – назбедеу. Жылқының ұрғашысы, құлындамаған, жүйрік ат. Көнерген сөздердің мағынасы ашылмай қалады. Назбедеуді әйтеуір жүйрік ат дей салады. Бірақ жүйрік аттың түрлері көп болған», — деп түйіндеді сөзін ол.



sputniknews.kz