Қазақ тілін қорлаған «Арзан» дүкені, қымбат шығын төлеуі мүмкін — Қазақстан жаңалықтары
Мемлекеттік тілді аяқасты етті деп сотқа тартылған «Арзан» супермаркетіне қатысты іс аяқталуға жақын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Бүгінгі соттың бұған дейінгі отырыстарына келмеген Алатау аудандық және Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері де қатысты. Олар бірде сауда орнына қатысты ескерту жасалды десе, енді бірде кімнің жасағанын білмей әбден шатасты. Ал жарыссөз кезінде «Арзан» өкілі заң бұзғанын мойындады, бірақ судьядан моральдық шығыннан босатуды сұрады.
«Арзан мыңдай адамды жұмыспен қамтып отырған әлеуметтік маңызы бар нысан, одан бөлек біз банкрот алдындағы компания ретінде сот шешімімен мемлекеттік төлемдерден босатылғанбыз. «Арзан» дүкені бағаларды қазақ тілінде жазылмағанын мойындайды, бірақ талап арыздың екінші бөлігі бойынша моральдық шығын төлеуге келіспейміз.»,- дейді «Арзан» супермаркетінің заңгері Анжела Әбдіжәлел.
Бұған дейін «Арзан» заңгерлері бұл жайт туралы бірде техникалық себептерге байланысты десе, енді бірде латын графикасына негізделген әліпби бекітілмеді деп ақтылғысы келген. Судьяға тауар бағалары мен сипаттарын қолмен жазып жатырмыз деп аянышты кейіп танытты. Ал, шағым иесі Қуат Ахметов «Арзаннан» 1 миллион теңге моральдық шығын талап еткен. Бүгінгі отырсқа келген әкімдік өкілдері сенімхатсыз келіп, өз ойларын айта алмады. Құжат мәселесінде ретсіздік барын байқаған шағым берген тарап әкімдік қызметкерлеріне қатысты жеке ұйғарым шығаруды сұрады. Олар жергілікті әкімдікті әрекетсіздік танытты деп кінәләйді.
«Ұшы қиыры жоқ сиыр құйымшақтанып кеткен, сондықтан да бұл жерде мемлекеттік органдарының ішінің арасында өзара үйлеспеу әрекетінің және заңды міндеттерінің орындамауы, сондықтан да соттан біз сұрап тұрмыз, мемлекеттік органдарға да өзім жеке ұйғарым жіберіп, шара қолдануын сұрасын деп.»,- дейді адвокат Алмас Жұмағали.
Бұған дейін мемлекеттік тілді «аяқ асты еткен» алматылық супермаркетке қатысты сот ісі басталғаны жайлы айтылған еді.
stan.kz