Қазақ тілін қинап оқытпай, сыйлап оқыту керек – Жаңылхан Асылбекова

0

Ақын Жаңылхан Асылбекова орыс мектептеріндегі қазақ тілінің жағдайына тоқтала келе, депутаттарға мынадай ұсыныс жолдады, деп жазады KZNEWS сайты.

Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің қалы қалай?

Оны ешкім білмейді. Себебі, біз қазақ мектептеріндегі қазақ тілінің жағдайымен бас қатырып жүрміз. Оқулықтарды біресе алай, біресе былай шығарып оқушының миын қатырдық.

Жақында бір танысыммен кездесіп қалдым. Әкесі украин, шешесі поляк. Екінші дүниежүзілік соғыста жер аударылғандар. Өздерін патриотпыз, елімізді жақсы көреміз дейді. Елі — Қазақстан.

— Жақсы көрсеңдер қазақша сөйлемейсіңдер ме?, — деймін.
— Мені қойшы, қызым сөйлесе екен, — дейді.
— Оған не кедергі?
— Мектептерінде қазақ тілін дұрыс оқытпайды.
— Директорға айтпайсың ба?
— Айттым. Еш өзгеріс жоқ. Диктанттың өзін таратып береді, бұлар көшіріп жазып береді. Сөйтіп баға алады.
— …
— Қай сынып?
— 7 сынып.
— Олар қазақ тарихы тұрмақ, Қазақстанның географиясын білмейді.
— …

Осыдан соң ойға кеттім, білім беру саласына өзгеріс керек. Орыс, ағылшын, ұйғыр мектептерінде қазақ тілін оқытудың әдістемесіне жаңалық керек. Өтірік оқытуды қою керек. Орыс мектеп пен қазақ мектептің арасында тіларалық жарыстар өткізу керек. Жеңімпаздарға марапат керек. Қазақ тілін қинап оқытпай, сыйлап оқыту керек.

Ең құрығанда комиссия шығып орыс мектептеріндегі қазақ тілінің күй-жайын тексеру керек! Содан ақ белгілі болады.
Қазақ тілін үйренгісі келгендерге көмектесейік», — деп жазды ол желіде.

Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА