Қазақ тілін мұқатқан журналист халықтың ашу-ызасына тиді

0

Қазақ әндері радиоға жарамайды деп кесіп айтты «Business FM» радиосының бас директоры Рустам Мақсұтов. Бірақ, Мақсұтов аңдамай сөйлеп, көптің шамына тиіп отыр. Бұл туралы Kznews.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасай отырып жазады.

Ол тыңдарманның таңдауы бөлек, талғамы басқа деп санайды. Айтуынша, қазақтілді аудиторияға арналған әндер талап пен форматқа сай емес. Бұл – мейрамхана мен кафеде айтылатын әндер.

Сондай-ақ, оның пікірінше, бизнес пен экономикаға қатысты қазақ тілінде контент те қат.

– Соңғы бес жылда бизнес пен экономика туралы ақпаратты сенімді әрі дұрыс жеткізе алатын білікті кадрларды таба алмай отырмыз. Бұл – өте ауқымды мәселе. Орыстілді кейіпкерлер мен бизнес туралы әдебиеттер бар, бірақ қазақтілді аудитория үшін іс жүзінде ештеңе жоқ», – деген ойын ортаға салды Мақсұтов.

Бұдан бөлек, радио директоры авторлық құқық мәселесін айналып өтпеді. «Авторлық құқық бойынша төлемдерді ай сайын компанияға аударамыз. Бірақ, олар ақшаны шынымен авторларға жеткізе ме, бұл жағы белгісіз. Бұл әсіресе шетелдік орындаушыларға қатысты. Сол Мадоннаның қазақстандық авторлық қоғамнан ақша алатыны өте қызық» деді ол.

Желіде Мақсұтовтың сөзіне қатысты шу әлі толастамай тұр. Мақсұтов «Тілді мұқатты», «Бізді келеке етіп отыр» деген сарындағы пікірлер жиі кездеседі.

– Жалпы Тәуелсіздіктің отыз екінші жылында мұндай сөздердің айтылуына қалай жол береміз? Бұл – жай ғана мазақ! Мемлекеттік тілдің танымалдығы жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан елде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды, – деп жазған Facebook қолданушысы Руслан Түсіпбек.

 

Фото: dalanews.kz