Қазақ тілін менсінбеген Qazaq coffee-дің тағдыры не болды
Астанада қонаққа қазақ тілінде ас мәзірін беруден бас тартқан Qazaq coffee-дің қазіргі тағдыры белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы кофехана орналасқан ғимаратты жалға берген кәсіпкер Тиктокта айтты.
Бизнес жабылды, кеңсе бос, мен жалға алушысыз қалдым. Мен Qazaq Coffee иесі емеспін, мен тек кеңсенің иесімін. Кешеден бері ғимаратты қайтадан өзіме алдым, сондықтан енді ол жалға беріледі. Бұл жердің ауданы – 47-48 шаршы метр. Егер қызықтырса, менің жекеме шығыңыздар, — дейді бұрын кофехана болған орынның иесі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Qazaq coffee мейрамханасының басы дауға қалған болатын. Кофехана қызметкері қазақ тілінде ас мәзірін мәзірін сұраған келушінің өтінішін орындамай қойған. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Артынша мейрамханаға келуші өз шағымын 2GIS қосымшасына жазған, ал оған жауап ретінде кофехана әкімшілігі олардың қызметкерлері қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін айтқан.
Осылайша, қазақстандықтар 2GIS қосымшасында түрлі пікір жазды. Олардың саны 26 мыңнан асып, ал мекеменің рейтингі қатты түсіп кетті. Осыдан кейін кофехана әкімшілігі әлеуметтік желіде кешірім сұрады. Алайда араға ұзақ уақыт салмай, олар аккаунтын өшіріп тастады.