Қазақ тілі футбол клубындағы басшылар үшін «сорлылардың тілі» – Ермұхаммед Мәулен

0

Қазақ тілі — футбол клубтарындағы басшылар мен менеджер саласында жүрген адамдар үшін сорлылардың тілі.

Осылай деп спорт журналисі, белгілі коментатор Ермұхаммед Мәулен күйінішін білдірді BAQ.KZ сайтында жарияланған сұхбатта.

– Ел футболында мемлекеттік тілге деген қысым бар ма?

– Ел футболында қазақ тіліне деген қатты қысым жоқ. Біздің елде орыс тілі кең қолданысқа ие болып кеткен. 90-шы жылардан бері отандық футболға келгендердің бәрі орыс тілді болған. Бүгінде кеңес кезінде өскен азаматтар бапкер болып жүр. Қазір балалар кішкентай кезінен бастап орысша сөйлейді. Кейін өсе келе футбол құрамына алынған кезде де ортасы орыс тілімен жалғасады. Осындай тенденция бар. Жалпы, Қайсар, Қызылорда, Каспий , Ақтау және Тараз командалары өзара қазақша сөйлеседі. Қалған клубтарымыз тек орыс тілін қолданады. Бұл бұрынан келе жатқан үрдіс.

– Соңғы жаңалықтардағы Қайрат футбол клубының жүргізушісі Әділет Бисариев туралы естіген боларсыз. Қазақ тілінде сөйлегені үшін қысым көрдім дейді. Бұған не айтасыз?

– Қайрат клубы мемлекеттік тілімізге немқұрайлы қарайды. Клубтың жүргізушісі болған Әділет Бисариев туралы естіп жатырмын. Қаным қайнап менде көмектескім келді. Бірақ өкінішке қарай, денсаулығыма байланысты видео үндеу жолдай алатын хәлде емеспін. Былтыр Қайрат футбол клубына тілге қатысты пост жазған едім. Қайраттың әлеуметтік желідегі парақшалары түгелімен орысша жүргізіледі. Сол жылдан бастап мемлекеттік тілге жаза бастады. Әзербайжанның Карабах клубы біздің Қайратпен болатын матч алдында “қош келдіңіз” деп жазған екен. Оған біздікілер “добро пожаловать” деп жауап берген деген оқиғасы бар. Сонда бір елдің клубы қазақша жаза алмаған.

– Сіздің ойыңызша, футбол басшылығы қазақ тілі туралы не ойлайды?

– Қазақ тілі футболдағы клубындағы басшылар және менеджер мен маркетинг саласында жүрген адамдар үшін сорлылардың тілі. Олар қазақ тілді ештеңе шешпейтін, жабайы жанкүйелердің тілі сияқты елестетеді. Мәселен, олар қазақ тілді қоғам біздің “потенциалды клиентіміз емес” дейді. Ал орыс тілінде сөйлесе ол қоғамға маңызы бар адам, әсер ете алатын адам секілді көреді. Қазақ тілінде сөйлеу қоғамда еш маңызы жоқ деп ойлайды. Бұл футбол фанаттарының ішінде де солай қалыптасқан. Футбол басшылығы осындай ойда. Әйтпесе, қазақша сөйлеп жүрген Әділет Бисариевті не үшін жұмыстан алып тастайды?

– Мәселені қалай шешуге болады?

– Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы деген ұйым бар. Осы мәселені көтеріп, ол ұйымға хат жазу қажет. Егер ол ұйым басшылығы тиісті заң қабылдайтын болса, бәрі орындалады. Мысалы, футболдағы матч туралы ақпаратты желілерде тек қазақ тілінде жазу керек деген талап қойылуы тиіс. Сонда ғана командалардың тіл мәселесін өзгерте аламыз. Ең болмағанда солай істеу керек.

Тағы бір мәселе, Шымкенттің Ордабасы командасы. Бұл командада әлеуметтік желісімен бірге орысша сөйлейді. Жалпы, Шымкентте орысша білетін адам бар ма деген сұрақ келеді. Олардың бұл қылығын түсінбедім. Ойлаңыздаршы, түсініксіз дүние. Ол клубты та сынадым. Енді инстаграмын шолсам қазақша жаза бастапты әйтеуір.

– Қазақ тілінің мәселесі барлық салада таралып келе жатқан үрдіс пе?

– Қазақ тілді сайттардың да жайы сол. Ең маңызды дейтін ақпараттар орыс тілінде таралған. Ал қазақшасы сайттың бұрышында тұрады. Ондай сайттар көп. Қазақ тілі әлі бұратана халықтың тілі сияқты. Бұл мені күйдіреді.