Қазақ тарихы

0
11 Желтоқсан 2018, 13:33 270 0

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ресей Қазақ жерін жаулаған кезде олар бос жатқан жерді байқады, ешқандай өркениеті жоқ жабайы халық деп бағалады. Бұл жайында философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Қадыржанов «Тарихи жадыны қалыптастыру және Қазақстандағы саяси бірегейлік» атты жиын кезінде айтты.

«Менің ойымша тарихи жады дегеніміз –тарихи ратификацияның көмегімен ұлт немесе этносқа тиесілі белгілі бір территорияны алып, сонда өз мемлекеттігін құруға бағытталған ұлттық элитаның жобасы. Тарихи жадыда өткенге бағытталған уақыт мерзімінің ұзақтығы маңызды рол ойнайды. Яғни қандайда бір этнос өз тарихын белгілі бір аймақпен ұзақ мерзімде байланыстырса, соғұрлым ол жерді өзіне тиесілі ете түседі», — дейді ол.

Профессордың айтуынша, тарихи жадыны қалыптастыруда белгілі бір аймаққа қатысты этнос немесе ұлттар арасында пікір қайшылық орын алып жатады. Әр тарап ол жерді өзіне тиесілі екендігі туралы аргументтер айтады, оның арты үлкен қақтығыстарға әкеп соғады.

«Мәселен, Израиль мен Палестина арасындағы жер дауы, Қытайдағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданын айтуға болады. Ұйғырлар ол жерде 2 мың жылдан бері мекен етіп келеміз деп тарихи деректерге сүйенсе, қытайлар біздің бұл жерде 5 мың жылдық тарихымыз бар деп уәж айтуда. Яғни ұлттар арасында тарихи жадынамаға қатысты тартыс пен бәсекелестік орын алуда. Дегенімен тарихи жадынаманы басқарушы элита жүргізгендіктен ол мемлекеттік жобаға айналып, басымдыққа ие болып кетеді»,-дейді Р.Қадыржанов.

Сондай-ақ ол, посткеңестік елдер арасындағы тарихи жады ұлттық құндылықтарға бағытталып, елдегі титулды ұлттың тарихи жадынамасымен қалыптасып жатқандығын айтып өтті.

«Дегенімен бұл елдер арасында да территорияға қатысты даулар туындауда. Мәселен Әзірбайжан мен Армения арасындағы таулы Қарабақ мәселесі, Украина мен Ресейдің Қырымға таласуы. Бұлардың барлығы ол жерлердің өзіне тиесілі екендігін алға тартып, тарихи деректерге, жадынамаларға сүйенуде», — дейді ол.

Профессор Қазақстандағы тарихи жадының қалыптасуы бұл да ұлттық құрылымның бір бөлігі екендігін айтады.

«Қазіргі Қазақстан территориясында қазақтар ертеден тұрғандықтан оған тарихи да, заңды да құқығы бар. Дегенімен бұл жерде мәдени өркениеттілік тұрғысынан қиындықтар болды. Оны Ресей боданындағы және Советтік тұстағы деп екі кезеңге бөліп қарауға болады. Бодандық тұста, яғни Ресей Қазақ жерін жаулаған кезде олар бос жатқан жерді байқады, ешқандай өркениеті жоқ жабайы халық деп бағалады. Ешбір тарихы, мәдениеті жоқ, олар рухани дамуды және басқарушылықты қажет етеді деп ойлады. Сол кезде жарық көрген кітаптарда қазақ тарихына, ел болғаныдығына қатысты күмән көп. Ал Кеңес одағы тұсында қазақтар өз жеріне иелік етті. Алайда бұл ел артта қалған, аз халық деген тұжырым болды. Яғни Советтік үкіметтің арқасында өркениетті елдер қатарына қосылды, өзінің мемлекеттігін алды деп айтылып келді. Өзге ұлттарды қойып, өз қазағымыз да олардың айтқанын қабылдап, тереңнен тартатын тарихи жадыларымыздан айырыла бастады», -дейді ол.

Оның айтуынша, тәуелсіздік алған тұстан бергі тарихи жадыны қалыптастыру жобасы ұмытылғанды қалпына келтіруге бағытталған.

«Қазір біз көшпелі халықтың өз өркениеті болғанын, ерекше мәдениеті болғанын қарсы жауап ретінде айта аламыз. Оны Елбасы өз мақаласында дала өркениеті деп жазды. Сондықтан тарихи жадыны оятатын мұндай мақаланың маңызы зор», — дейді ол.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ