Қазақ қызына үйленген америкалық жігіт Қазақстан тарихын зерттеп жүр
Қысқа сілтеме алу
Қазақстанға барған кезде Стив үнемі қазақ тіліндегі әдебиеттер мен газет-журналдарды сатып алып жүреді
АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Нью-Йоркте тұратын америкалық Стив Росси Қазақстанның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ерекше ұнатады екен. Бірнеше жылдан бері қазақ халқы туралы деректерді іздеп тауып, оқып жүрген көрінеді.
Стив Росси Нью-Йоркте туып-өскен, спортқа құмар. Бокс бапкері болып жұмыс істейтін ол бос уақытында Қазақстан тарихын зерттейді, деп хабарлайды Хабар 24.
Жұбайының есімі – Диана, Орта жүзден екен.
«Менің әйелім – Орта жүзден. Кітаптан Орта жүз туралы оқыдым. Әсiресе, Абылай хан туралы», — дейді Нью-Йорк тұрғыны.
Сондай-ақ Стив Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кино көргенін, онымен кездескісі келетінін айтты.
Қазақстанға барған кезде Стив үнемі қазақ тіліндегі әдебиеттер мен газет-журналдарды сатып алып жүреді. Нью-Йоркке оралғанда, бос уақытында, әдетте жұмысқа барып қайтқанда, метрода оқиды.
«Мен қазақтың күйеу баласымын. Бiр ұлым бар, 10 жас 5 айда, аты Тимур. Нью-Йоркте тусам да, Қазақстан мәдениеті жүрегімде тұрады. Қазақ адамдары өте жақсы», — дейді Стив.
Америкалық жігіт Қазақстанда екі рет болыпты.
«Қазақтың тағамдары өте дәмді, әсіресе маған ет, палау, қуырдақ, қымыз, шұбат ұнайды», — деп ағынан жарылды Нью-Йорк тұрғыны.
Тағы оқыңыз: «Қазақ қоғамы үшін ұят екенін білемін»: италиялыққа тұрмысқа шыққан қыздың әңгімесі
Стив Қазақстан жаңалықтарын мұқият бақылап, еліміздің жетістіктеріне шын жүректен қуанады. Ол болашақта Қазақстанның қарқынды дами беретініне сенімді.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/