Қазақ қызы Түркияда не болып жатқанын айтып берді

0

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik, Нұргүл Абай. Қазір әлемнің қай бұрышын алсақ та, көзге көрінбес вируспен күрес жүріп жатыр. Аты да, заты да жаман індет шартарапты шарлап кетті. Коронавирустың қақпанына Түркия да ілікті. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген саяси және әскери журналист, былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған Назгүл Кенжетай түрік елінің қазіргі жағдайы мен қауіпті аурудың адамға әсері туралы әңгімеледі.

Назгүл – халқының саны 16 миллионнан асатын Ыстамбұлдың уақытша тұрғыны. Қазір магистрант. Оқуын аяқтаған соң, елге қайтуды жоспарлап отыр.

Туған өлкесі Қызылордада соңғы рет былтыр жазда болыпты. 

Балалар мен қарттарға көшеге шығуға тыйым салынды

Түркияда індетке шалдыққандар саны күннен күнге артып жатқанына қарамастан, елде төтенше жағдай режимі жарияланбаған.

«Франция, Италия сияқты барлығына сыртқа шығуға тыйым салу үшін мемлекеттің экономикасы өте қуатты болуы қажет. Бұл екі елге қарағанда Түркияның экономикасы төмен, сол себепті әзірге мұндай тыйым сала алмай отыр. Жұмысқа баратын адамдар бар. Үйде отырыңдар деп күн сайын ескертеді. Бірақ, халықтың уәжі – «мен үйде отыратын болсам, жалақымды бер». Тұрғындар тарапынан осындай наразылық көп», — дейді отандасымыз.

Тағы оқыңыз: «Жылай бастаймын»: Елордалық дәрігер ауруханада не болып жатқанын айтып берді

Туризм Түркияның қарқынды дамып жатқан салаларының бірі екені баршаға аян. Алайда, әлемді жайлаған дерттен бұл сектор да тұралап қалған. Шетелдіктерге қыдырып келуге тыйым салынды. Қалалар арасында жолаушы таситын автобустар қатынамайды, ұшақтар ұшпайды.

Басқа қалаға бару үшін міндетті түрде жергілікті әкімдіктің рұқсаты керек.

Бұдан бөлек, 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға тыйым салынған.

Маска кимегендерге – 200 мың теңге айыппұл

Журналистің айтуынша, Ыстамбұл қазір коронавирус жұқтыру қаупі жоғары аймақ саналады. Сондықтан дерттің алдын алу шаралары қатаңдатылып жатыр. Десе де, сақтық шараларын қаперге ілмей, бейқам жүргендер де аз емес.

«Адамдар әлі күнге дейін себепсіз сыртқа шығуын доғарған жоқ. Мәселен, мен өзім аптасына бір рет азық-түлік үшін дүкенге барамын. Әрине, бетімде маска, қолымда бір реттік қолғап. Сауда орнында адамдар толып жүреді, көбі мән бермейді. Ауырғандар санының күннен күнге өсіп жатқаны да содан болар. Таяуда сауда орындарына бетперде мен қолғабы жоқтарға кіруге тыйым салынды. Егер маска тақпай, сыртта жүрсеңіз, үш мың лира, біздіңше, 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады», — дейді Назгүл.

Сауда орталықтары да жұмыс уақытын қысқартқан, енді кешкі сағат 20.00-ге дейін істейді. Отандасымыздың айтуынша, бұл уақыт тағы 18.00-ге дейін қысқаруы мүмкін.

Қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық орталықтары, білім ошақтары, көпшілік жиналатын тағы басқа орындар уақытша жабылған. Оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті.

«Жатақханада тұратын студенттерді еліне қайтаруға тура келді. Мен пәтерде тұрамын. Қазір өз-өзімді барынша оқшаулап жатырмын. Себепсіз сыртқа шығу деген жоқ», — дейді қазақстандық қыз.

Маска мен антисептик тапшы, ауруханаларда орын жоқ

Тапшылық мәселесі Қазақстанда ғана емес, түрік елінде де бар болып шықты. Назгүл Кенжетайдың айтуынша, дәріханалардан бетперде, спирт пен антисептик табу мұңға айналған.

«Бар болғанның өзінде, өте қымбат. Ең арзан масканы шамамен мың теңгеге сатып аласыз. Бағаны қадағалап отырған ешкім жоқ», — дейді ол.

Айтуынша, Ыстамбұл ауруханаларында бос орын жоқ. Ауруханаға тек коронавирусты жұқтырып-жұқтырмағанын тексеру үшін ғана баруға болады.


©
REUTERS / Umit Bektas

Пандемия кезіндегі Ыстамбұл

«Сол үшін барсаңыз да, вирус жұқтырып алу қаупі өте жоғары. Себебі ауырғандар бөлек оқшауланбайды. Науқастарды жалпы ауруханаларға орналастырып жатыр», — дейді ол.

Назгүлдің өзі вирусқа тексерілмеген, тек алдын алу шараларын қатаң сақтап отыр.

«Шын мәнінде вирус біраз мәселенің шетін шығарды. Ауруханадан бөлек, дәрігерлер жетіспейді. Қазір ақхалаттылар демалыссыз, күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Осы вирустан кейін дәрігер мамандығына гранттар көптеп бөліне бастады. Жас мамандарды шетелге жібермеу секілді шаралар қолға алынуда», — деп атап өтті журналист.

Індет адамзатқа нені ұқтырғысы келеді?

«Қазір бүкіл әлем карантинде. Вирус миллиондаған адамның өмірін жалмауы мүмкін деген түрлі болжам айтылып жатыр. Менің ойымша, бұл адамзат үшін бір белгі. Шүкіршілік етіп, тәубеге келіңдер дегені. Біз адамшылықты, аяушылықты ұмыттық. Адам табиғатына жат қылықтар жасап жүрміз. Табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіміз жоғалды. Бір-бірімізге қол ұшын созудан қалдық. Тек алдау, арбау, біреудің ақысын жеу арқылы күн көретін хәлге жеттік. Шындықтан алыстадық. Мен Құдайға сенетін адаммын, сондықтан бұл Алланың бізге беріп жатқан жазасы шығар деп ойлаймын», — деп ойымен бөлісті Назгүл Кенжетай.

Ол жаман аурудың жақсы тұсын да атады. Төтенше жағдай мен карантиннен табиғат қалпына келе бастаған. Жер-Ана аз да болса, адамдардың лас тірлігінен демалады.

Тағы оқыңыз: «Бастығыңыз біледі, төменге түсіңіз деді» – карантинге жатқызылған еріктілердің әңгімесі

Осы орайда Назгүл Түркия үшін жасап жатқан жобасына тоқталды. Жоба әлемнің цифрландыруға бет бұруы тақырыбына арналады. Бүкіл ел онлайн оқуға, қашықтан жұмысқа ауысқан шақта, цифрландырудың өте өзекті екені айтпаса да түсінікті.

«Алдағы екі жылда Түркияда қандай алаңдарға инвестиция тарту қажет екенін зерделеп жатырмыз. Қорытынды – цифрландыруға дайын болмаса, халықтың жетпіс проценті жұмыссыз қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазір компьютер қолдана алмайтын фирмалар да бар, ешқандай сайты жоқ. Олар күні ертең жоғалады. Яғни, кедейлер кедейлене береді, бұл жерде ақша табатын – ең ірі корпорациялар мен компаниялар», — деп санайды ол.

Отандасымыз қауіпті вирустан кейін цифрлы әлем аяқ басатынына сенімді.  

«Мен бұдан кейінгі өмірге дайынмын ба?»

Жырақта жүрген қазақ қызы қазақстандықтарға карантин кезінде уақытты тиімді пайдаланып, әлемді тануға кеңес берді.

«Біз кімміз? Қайда өмір сүріп жатырмыз? Бұдан кейінгі өмірге дайынмын ба?» Әр адам өз-өзіне осы сұрақтарды қойып, оған жауап алуы қажет. Себебі карантиннен кейін өмір, әлем күрт өзгеруі мүмкін. Цифровизация келеді, ертең жұмысынан айырылып қалуы ғажап емес. Сол себепті уақытты босқа өткізбей, әлемді таниық. Ол соншалықты қиын дүние емес. Кітап оқып, сауат ашып, өзімізді жетілдірейік. Ағаш өсірейік, табиғатқа көмегімізді тигізейік. Өз басым дәл қазір осы тірліктермен айналысып жатырмын», — дейді журналист.

Назгүл Қызылордада тұратын отбасына күн сайын қоңырау шалып, амандығын біліп тұратынын айтты. Алыстағы ағайынын сағынады, уайымдайды, әрине. Бірақ жүрегінде «бұл індет те бір күні басылар, сол кезде жақындарыммен қауышу мүмкіндігі туар» деген үміт бар.



sputniknews.kz