Қазақ-қытай қатынасы: салықтан босату және басқалар

0

Қытай-Қазақстан серіктестік қоры қаржыландыратын Қытай капиталы бар өнеркәсіп орындарына Қазақстан салық салмайды. Парламенттің 5 желтоқсанда өткен пленарлық отырысында мәжіліс осындай құжатты мақұлдады.

«Салықтан босату бойынша басымдық өңдеуші өнеркәсіпке беріледі. Оның ішінде мұнай химиясы, жалпы химия, тыңайтқыштар дайындауға, металлургия мен басқа да қызмет түрлері бар» деді Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек 5 желтоқсанда Мәжілісте.

Құжатты таныстырған министр Қасымбектің сөзі мен заң жобасы отырыста қалай талқыланғанын мына сілтемеге өтіп, 26.34-минуттан бастап көруіңізге болады.

Мәжіліс депутаттары мақұлдаған құжат ресми «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімге қол қою» деп аталады.

Қытаймен серіктестік жайлы ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев те айтты. Оның сөзінше, қазір балық, ірі-қара еті, дәнді-дақылдар мен басқа да тауарлар Қытайға экспортталып жатыр. Оның айтуынша, «осының арқасында тоғыз жыл ішінде Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 пайызға өскен».

Пекин — Қазақстанға ең көп инвестиция құятын — төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Оның қаржы құятын жобалары әртүрлі. Мұнай, газ, алтын, күміс өндіріп, арзан кредит беруге ұмтылып жатыр. Қытай Қазақстанды шикізат көзі, сауда нарығы және тразит аймағы ретінде пайдаланады.

Соңғы 11 жылда Қытайға 100 миллион тонна мұнай мен 180 миллиард текше метр газ тасымалданған. 2021 жылға дейін елде Пекинмен бірлескен құны 27 миллиар доллар болатын 51 жоба іске қосылады. Тоқсаныншы жылдардан бері Астана Пекиннен ұдайы қайтарылмайтын көмек пен несие алып келеді.

Биылдың өзінде Қытай Қазақстанға 2 миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит берген. Астананың Қытайға қарызы 12 миллиард доллардан асады.

Қазақ-қытай қатынасындағы экономикалық, саяси қатынастар және Шыңжаңдағы соңғы ахуалдар туралы AzattyqLIVE тікелей эфиріне қытайтанушы маман Нәбижан Мұхамедханұлы қатысты.

Тікелей эфир хабарының видеосы:

Дереккөз: Азаттық