Қазақ-өзбек шекарасында 150 шақты жүк көлігі кезекте тұрғаны хабарланды

0

Түркістан облысындағы қазақ-өзбек шекарасындағы «Қазығұрт» кеден бекетінде 150 шақты жүк көлігінің арғы жаққа өте алмай, бірнеше күннен бері кезекте тұрғаны хабарланып отыр. Азаттыққа аты-жөнін атамай сұхбат берген жүргізушілердің бірі көлік кептелісінің пайда болғанына бір аптадан астам уақыт болғанын айтады.

— Үш күннен бері шекарадан өту үшін кезекте тұрмыз. Алты күн, тіпті он күннен бері осында жатқан жігіттер бар. «Қапланбекте» («Қанланбек» шекара бекеті – ред.) де толы. Қазір шамамен жеті шақырымдай жерде кезек бар. Мұнда тұрған жүк көліктерінің саны жүзден асады, — дейді жүргізуші.

Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Марат Күлекеев «Қазығұрт» кеден бекетіндегі көліктердің шекарадан баяу өтіп жатқанын растайды. Оның айтуынша, Қазақстаннан Өзбекстан жағына қарай күніне жүз шақты көлік өтіп жатыр. 150 шақты көлік кезекте тұр. Ол көліктер кептелісін өзбек жағындағы жол жөндеу жұмыстарымен байланыстырады.

— Бір аптадан асты, Өзбекстан аумағында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, — дейді ол.

Марат Күлекеев облыс аумағындағы қазақ-өзбек шекара бекеттерінде қанша жүк көлігі кезекте тұрғанын мамандар анықтап жатқанын айтты.

Азаттық тілшісі қазақ-өзбек шекарасындағы өзге кеден бекеттеріндегі жағдайды да анықтауға тырысқанмен әзірге ақпарат алу мүмкін болмай тұр.

Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Ақ-Тілек автожол» өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, қырғыз жақтағы тауар тиеген көліктердің Қазақстан жағына қарай өте алмай тұрғаны белгілі болған. Қазіргі кезде бұл мәселені екі ел билігі талқылап жатыр.

Azattyq